«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жалға бердім дегенше…

0 96

Жыл сайын елордадан 2,5 мыңға жуық шетел азаматы қуылады. Заңсыз мигранттардың көпшілігі – құрылысшылар. Құжатқа құнтсыз, құлықсыз. Біреуінің төлқұжаты жоқ, екінші біреуінің жұмыс істеуге рұқсаты жоқ, үшіншісінің елде тұру мерзімі өтіп кеткен. Шындығына келсек, өзбек, тәжік және әзербайжан мигранттары тіркеуге тұрмайды. Жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған соң салық төлемейді. Бірақ… олар пәтер жалдап тұра береді.

Себебі елордада жалға берілетін пәтер табу өте оңай. Өйткені олардың қожайындары заңсыз жолмен ақша табады. Дәлел керек пе, мінеки! Жуыр­да «Учаске» атты жедел алдын алу іс-шараларын өткізген елордалық полицейлер 4 мыңға жуық пәтерді, 3 мыңнан аса жер үйлерді тексеріп шыққан. Соның ішінен заңсыз жалға берілген 200-ден аса пәтер анықталыпты. «Пайдалы» пәтерлер туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілген.
«Бақсақ бақа екен» демекші, тексеру барысында Қарасай батыр көшесіндегі пәтерлердің бірінен есірткі табылды. Салмағы – 106,309 грамм. Бұрын есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жа­уапкершілікке тартылған пәтердің қожайыны тағы тұтылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, «Учаске» жедел алдын алу іс-шаралары басталған 1 сәуірден бері 2 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айтпақшы, көші-қон заңнамасын бұзған 400-ден аса шетел азаматы анықталды. Баяғы былық – сол былық.
Айтпақшы, Мәжіліс депутаты Владислав Косарев елімізде пәтерлерді қысқа мерзімге жалға беруге заңмен тыйым салайық деген ұсыныс айтты. Ол жалға беру арқылы байымақ болған шымкенттік әйелдің бір подъезден 8 пәтер сатып алғанын мысалға келтірді. «Полицейлер бір ғана орамнан 141 жалға берілген пәтер тауыпты. 23 рейд өткізіп, 548 адамды ұстап, айыппұл салған. Бірақ ештеңе өзгермеген. Меніңше, тіркеу­ге тұрып, ұзақ мерзімге пәтерді жалға беруді қалдырып, күн сайын немесе тәулік сайын беруге қатаң тыйым салуымыз керек. Әйтпесе, жезөкшелердің ұясын, қылмыстың ордасын ешқашан жоя алмаймыз» деді депутат.
Алайда Парламентте халық қалау­лысының сауалына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл ұсынысқа қарсы шықты. Оның пікірінше, пәтерді жалға беру – бизнестің бір түрі. «Мұндай қажеттілік жоқ. Әр адам өз пәтерін қысқа немесе ұзақ мерзімге жалға беруге құқылы. Бұдан көптеген адамдар табыс табады. Ал қоғамдық тәртіп бұзылса, тұрғындар құзырлы органдарға хабар беруі тиіс» деді министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды