Четверг, 22 Июнь 2017
-->

ЖАЙЫҚТЫҢ ЖЫР МАРЖАНЫ

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Маржан Ершудың «Мен тас едім, су түбінен қозғалдым» атты жыр кеші  өтті.

76876676

«Ақындық – Алланың сыйы» деп айтыпты бір данышпан. Расында, Маржанның бойында теңіздей буыр­қанып жатқан ақындықтың бұла күші бар. Ол бізге әкесінен дарыған секілді көрінді. Өйткені өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың соңында Аманқос ағамыз: «Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар, Қарасаң, аспанда да алалық бар. Біреуде жас та болса, даналық бар, Біреуде қарт та болса, шалалық бар» деп басталатын өлеңімен поэзия есігін еркін аттаған еді. Дарынды ақын осындай ұлағатты әкеден тағылым алған.

Ол Атыраудың кең даласында тербеліп өсті. Сондықтан ба, оның өлеңдерінен Махамбетке тән қайсарлықты, Фариза апамызға тән нәзіктік пен тектілікті көреміз. Міне, осындай ұлттық қайнарлардан қанып ішкен шайырдың поэзия әлеміндегі өрнегі де өзгеше. Бүгінге дейін Ершудың «Дариға ғұмыр, жыр – жүрек», «Таңғы шық», «Жапырақ ғұмыр», «Қоңыр», «Шырақ» атты жыр жинақтары жарық көрді. Дәулескер күйші Дина шешеміз туралы «Дина» аталған алғашқы мистикалық драма жазды. Атақты Махамбет бабамыз жайында «Қайран, Нарын» атты тарихи драмаға қалам тербеді. Айша бибі мен Қараханды сомдаған «Махаббат туралы аңыз» трагедиясының авторы атанды. Одан бөлек, Бауыржан Момышұлы, Хиуаз Доспанова және Тоқтар Әубәкіров секілді ардақтыларымыздың өмірін поэмаға айналдырды. Дауысы ерекше талант Ерік Құрманғалиев туралы тамаша кітап жазды. Әлемге әйгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты, Орхан Памуктің «Сезім музейі» кітабын тамылжытып тәржімалады. Түрік поэзиясының ақындарын ана тілімізде сөйлетті.

Жалпы, Маржан поэзиясы өршілдігімен ерекшеленеді. Оның жалынды жырларында ұлттық рух атойлап тұрады. Қазықта байланып тұрған атқа жайдақ мініп, кең далаға тұра шапқыңыз келеді. Бойыңыздағы қазақы қаншылдықтың қасиетін көресіз. Әдеби кеште Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Талғат Теменов, Тұрсын Жұртбай секілді зиялы азаматтар сөз алып, Маржанның шығармашылық өрнегі жайында парасатты ой өрбітті. Жүздесуді белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Ақынның өзі де жиналғандарға кейінгі жазған жаңа жырларын оқып, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*