«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаһандық және өңірлік қауіпсіздік – өзекті мәселе

0 14

Бішкек қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков шағын құрамда кездесу өткізді. Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жалғасты.Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыттарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.
– Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, Ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажеттігін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің бірыңғай Еуразиялық платформасында байланыстыра отырып, өз позициясын қазіргіден де нығайта алатыны жөнінде пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екенін айтты. Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
– Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диа­логқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Бішкекте қабылданған құжаттар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжаттар Ұйымның ашықтығын және оның өзге елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бейілдігін көрсетеді.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша 17 құжатқа, соның ішінде, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық өзара іс-қимылдар мен ынтымақтас­тықты жетілдіру туралы мә­лімдемеге және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 14 шешіміне қол қойылды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды