«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаһандық саммит бізге не береді?

0 25

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында UNWTO-ның «Ақылды қалалар – ақылды дестинациялар» атты VIII жаһандық саммиті басталды. Үш күнге созылатын халықаралық жиынға 700-ден аса мейман қатысуда. Олардың қатарында шетелдік танымал кәсіпкерлер, сәулетшілер, журналистер мен туристік ұйымдардың өкілдері бар. UNWTO-ның қалалық туризм мәселелеріне арналған 8-саммиті «ақылды» қалаларды дамыту, олардың бүгінгі таңдағы күрделі қалалық проблемаларды шешуге ықпалы жөнінде болмақ. Өйткені мұндай мәселе әлемдегі көптеген дестинацияларды алаңдатып отыр.

Алқалы жиында қалалық бас­қарудың орнықты­лы­ғы, қолжетім­ділігі, инновациялар мен технологиялар сияқты маңызды мәселелер ашық талқыланады. Неліктен бұл саммитті өткізуге Нұр-Сұлтан қаласы таңдалды? Себебі Қа­зақ­станның бас қаласы «ақыл­ды» қаланың алғашқы техно­логияларын сәтімен қолда­нысқа енгізді. Мысалы, гаджеттер­ді қуаттауға мүмкіндік бе­ретін жылы аялдамалар, күн батареялары мен вело­тұрақтар – осының дәлелі. Бұдан басқа да жаңа технологиялар елордада қолданылуда.
Бұл саммит бізге не береді? Қазір Жер шарындағы халықтың жартысынан көбі қалаларда өмір сүреді. 2050 жылға қарай әлемдегі қалаларда тұратын адамдардың саны 2,5 млрд-қа өседі деген болжам бар. Алайда қалалар көбейген сайын, ондағы халықтың тұрмысының сапасына әсер ететін нәрселер де ұлғаюда. Мұндай жағдайда тек «ақылды» қалалар ғана көмекке келеді. Соның ішінде қаланы өркендетуге туризмнің қосатын үлесі ұшан-теңіз. Қазақстан сияқты қарқынды даму жолына түскен мемлекет үшін туризм экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сондай-ақ елімізді әлемдік қауымдастыққа танытудың тура жолы.
Бұл орайда жаһандық деңгейдегі басқосудың өткізілуі еліміздегі қалалардың заманауи және технология­лық жаңаруына жағымды әсерін тигізіп қана қоймай, бас қаламыз – Нұр-Сұлтанның туристерге тартымды дестинация ретінде келбетін өзгертеді. Сонымен қатар, шетелдік қонақтар туристік саланы дамытудың озық тәжірибесімен бөліседі. Алқалы жиында Қазақстан және қатысушы-елдер арасында тиісті декларацияға қол қойылады. Демек, бұл жиын біздің мамандарымыз бен шетелдіктердің іскерлік және серіктестік қарым-қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы, қалалық туризм жөніндегі UNWTO-ның 8-ші жаһандық саммитін өткізу елордамыздың беделіне жағымды ықпал етеді. Бас қаламыз Қазақстанның мәдени, рухани, іскерлік орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ал шетелдік меймандар қазақ халқының бай тарихымен, озық мәдение­тімен, ғажайып салт-дәстүрлерімен танысады. Елді, ұлтты әлемге танытуға тамаша мүмкіндік туады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды