ЖАҺАН ЖҰРТЫНЫҢ ЖИЫНЫ ЕЛОРДАДА АСТАНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ БАСТАЛАДЫ

Астана экономикалық форумы биыл осымен оныншы рет өткелі тұр. «Жаңа энергия – жаңа ­эко­номика» деген тақырыппен өтетін жиын 15-16 маусым күндері әлемнің танымал ­ғалым­дары, экономистері және саясаткер­­ле­рі­нің қатысуымен жаһан экономикасының ­өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешудің төте жолдарын қарастырады.

ekoforum-e1464172132886

Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы жағынан күллі Еуразия кеңістігінде бұл салада теңдесі жоқ жиын болып табылады. Ол жыл сайын жаз айларында елордада әлем лидерлерінің, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси қайраткерлердің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілде­рі­нің басын қосады.
Бұл форумды 2008 жылы әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарыстың екпінін басуға керекті тетіктерді іздестіру мақсатындағы жаһандық құрал ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірге келтірген еді. Форум сол кезде «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда қауымдастық жаһанның 120 елі өкілдерінің басын біріктіріп отыр.

Форум өзінің бастауын 2008 жылғы 27 маусымнан алады. Ол «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың қа­зір­гі заманғы аспектілері» тақырыбына арналды. Жиынға жақын және алыс 40 шет елден делегат келді. Форум шеңберінде қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік шақыруларымен күрестің шешімдерін табу жайы талқыланды.

Екінші экономикалық фо­­­­рум­ны­ң жа­лау көтеретін шағы ­2009 жыл­ғы 11-12 наурыз күндеріне сәйкес келді. Оның басты мақсаты 2009 жылғы сәуір айында Лондонда G-20 мемлекеттері басшыларының қатысуымен өтетін саммитте ұсынылуы ықтимал жаппай дағдарыс жағдайындағы экономиканың дамуы жөнінде ұсыныстар да­йындау болды. Форумға барлығы 50 елден 250-ден аса қатысушы, шет елдердің біздің еліміздегі елшіліктерінің 74 өкілі және халықаралық ұйымдардың 69 мүшесі қатысты.

Үшінші экономикалық форум 2010 жылғы 1-2 шілде күндері қанат жайды. Осы екі күннің ішінде 17 отырыс пен панельдік сессиялар өткізілді. Олардың жұмыс нәтижелері бойынша бірнеше меморандум мен келісімге қол қойылды. Форум шеңберінде Еуропа инвестициялық банкімен Қазақстан территориясындағы инвестициялық жобаларды 1,5 млрд еуроға қаржыландыру жөніндегі келісімге қол жетті.

Төртінші экономикалық форум 2011 жылдың 3-4 мамыр күндері «Жаңа онжылдық: шақырулар мен перспективалар» деген тақырыппен өрістеді. Оның соңында «Үлкен жиырмалық» саммиті үшін дәстүрлі ұсыныстар жасалды.

Бесінші экономикалық форум 2012 жылы 22-24 мамыр аралығында үш күнге созылды. Оның бағдарламасы қаржы капиталы және әлем экономикасы, индустриалды-инновация­лы даму, тұрақты даму және жаһандық әлеуметтік ахуал деген үш бағыт бойынша түзілді.

Алтыншы форум 2013 жылы 23-24 мамырда мәслихат құрды. Ол БҰҰ Бас ассамблеясының қол­дауымен өткен I Дүние­жү­зі­лік дағдарысқа қарсы конференциямен бірге керуен түзді. Оның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан ­Назарбаев Астана экономикалық фору­мы­ның бес жылдан бері ерекше сұхбаттастық алаңына айналғанын айтты.

Жетінші форум 2014 жылы 21-23 мамыр күндері кереге керді. Ол II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференциямен бірге жұмысын бастады. Алқалы жиын «G-Global форматында жаңғыру заманындағы қауіп-қатерлерді басқару» тақырыбын алға тартты. Форумға 15 мыңнан астам адам тіркелді.

Сегізінші форум 2015 жылғы 21-22 мамыр күндері өтті. Оған дүние жүзінің 90 елінен 3 мыңнан астам делегат қаты­сып, әлемдегі алыс-беріс оқиғала­рының қазіргі таңдағы ахуалы жөнінде ой бөлісті.

Тоғызыншы форум 25-26 мамыр күндері «Жаңа эко­но­ми­калық шынайылық: әрта­рап­тандыру, инновациялар және білім экономикасы» деген тақырып төңірегінде ой тарқатты. Жоғары деңгейдегі алаңның басты мақсаттарының бірі әртүрлі ұлттық экономика­ларға осы жаңа үлгіні, соның ішінде қазақстандық үлгіні енгізу жолдарын іздеу болды.

Руслан ИГІЛІК

Сонымен қатар

ДОС АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Ойламаған қазаны сол күні ертеңгілік әлеуметтік желіде бір інішектің жазбасынан көрдік. Біреу суық қолмен қолқамызды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған