«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жағдайы төмен отбасылардың дерегін жинайды

0 35

Астана әкімдігінде әлеуметтік әлсіз отбасылардың цифрлы деректер қоры құрылды. Қазіргі уақытта базада 10095 отбасы тіркелген.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова бұл жұмыс әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласының цифрландыру бөлігі екенін атап өтті. Аталмыш дерекқор қала әкімдігіне көмекке мұқтаж отбасылар және оның қажеттіліктері туралы ақпаратты біліп отыруға мүмкіндік береді және атаулы әлеуметтік көмекті неғұрлым тиімді көрсетуге септігін тигізеді.
– Біз бұл дерек қорына 32 ақпараттық дереккөзді топтастырдық, мемлекеттік және жеке базаларды біріктірдік. Ол ақпараттар дереккөз базасын толықтырып, бізге әр отбасы туралы толық мәлімет береді, – деді әкім орынбасары.
Дереккөз қорында ақпараттар ірік­теледі. Онда атаулы әлеуметтік көмек алуға болатын көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек жан бар отбасылар туралы ақпарат көрсетіледі. Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының, аудандық әкімдіктер, мектеп қызметкерлері, полицияның учаскелік инспекторлары отбасы мүшесінің кез келгенінің ЖСН-ін енгізіп, балалардың ата-анасы қайда жұмыс істейді, балалар қайда оқиды, отбасы қандай жәрдемақы алады, қандай мүлік иеленеді, олардың тұрғын үй жағдайының қандай екендігіне қатысты толық ақпарат алады. Бұл база үнемі толықтырылып отырады. Сондай-ақ көпбалалы, аз қамтылған отбасылармен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін қосымша әзірленді. Әр қызметкер белгілі бір отбасыға қатысты ақпаратты толықтыра алады. Базада отбасының қазіргі қажеттіліктері және ол мәселелер қалай шешіліп жатқаны да көрсетіледі.
– Егер үй пешпен жылытылып, алайда улы газ датчиктері орнатылмаса, сол олқылықты жоямыз. Бізде балалармен әлеуметтік педагог жұмыс істейтіндігі, өздеріне арналған кеңсе заттарын алатындығы, мектепке дайындығы, олардың өздеріне тиесілі көмекті алып отырғандығы секілді мәселелер толығымен көрсетіліп тұрады, сондай-ақ азаматтардың жеке өтініш-шағымын көріп отыратын боламыз. Мысалы, жергілікті атқарушы органдарға жазылған өтініш қалай шешіліп жатыр? Міне, осының бәрін қадағалап отырамыз, – деді әкім орынбасары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды