«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зевс пен Ди-ди керемет шоуы

0 15

Олар доппен ойнағанды ұнатады, бір-бірін вальске шақырып, би билейді, өз тілдерінде ән де салады… Әңгіме адамдар емес, дельфиндер жайлы. Кеше Mega Silk Way орталығында орналасқан дельфинарийде жүздеген елордалық бала ақылды мақұлықтардың осындай өнерлеріне куә болып, көл-көсір әсерге бөленіп қайтты.

Зевс пен Ди-Ди есімді «ерлі-зайыпты» дельфиндер елордаға Сочи қаласынан әкелініпті. Афалина тұқымынан шыққан сүйкімді су жануарларының жасы –12-14-те. Олардың жасанды ортаға үйренгендеріне 10 жылдан асқан көрінеді. Дельфинарийдің жетекшісі Борис Туханинның айтуынша, бұлардың әрқайсысына күніне 10-12 келідей теңіз балығын береді. Олардың ішінде құныс, қызыл балық, минтай, салака бар. Майшабақты сүйсініп жейді екен.
– Дельфиндердің мінезі баланікі тәрізді. Тілі шықпаған баламен тіл табысудың жолы – оны еркелету ғой. Зевс пен Ди-диге де тура солай қарым-қатынас жасаймыз. Егер көңіл-күйлері жоқ болса, команданы орындағысы келмесе, оларды мәжбүрлеу мүмкін емес, – деді ол.
Дельфинарий жетекшісі бұл мақұлықтардың эмоцияны тани алатынын да айтты. Мұнысы рас секілді. Өйткені шоу барысында балалар таң-тамаша болып қол соққан сайын олар одан әрі белсенді қимылдап, бар өнерлерін сәтті көрсетіп шықты. Қиқулап жарыса ән салды, жаттықтырушыларымен бірге волейбол ойнады, су бетінен 3-4 метр биіктікке қарғып шығып, небір трюкті орындады, ол аз десеңіз, тұмсықтарына қылқаламды қыстырып алып ақ қағазға сурет те салды. Ең қызығы, өнерін паш етіп болған соң құдды бір сахна әртістеріндей қолын бұлғап, басын иеді.
Бір айта кетерлігі, бұл жолғы шоу барлық көрерменге тегін болды. Ұйымдастырушылар осылайша астаналық шәкірттерге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі оқушыларға осындай тамаша қуаныш сыйлағысы келіпті.
– Біз қаладағы №2 арнайы мектептен келдік. 120 баланы әкеліп отырмын. Дельфинотера­пияның балаларға қаншалықты жақсы әсер ететіні талай рет дәлелденген ғой. Шоудан соң балалар да бір жасап, мәре-сәре болып қалды, – деп ағынан жарылды аталмыш мекеменің әлеуметтік педагогы Татьяна Құсайынова.
Happylon Park-тегі дельфинарий басшысы Ләззат Тұрсынбаеваның сөзіне қарағанда, дельфинарийге 400 адам сыя­ды. Мұнда қос дельфинмен қатар, екі теңіз мысығы да өнер көрсетеді. Бассейннің көлемі – 1200 текше метр, ереже бойынша әр жануарға 300 текше метр кеңістік керек екенін ескерсек, бассейн мақұлықтарға тарлық қылмайды. Қайырымдылық шарасы тек мұнымен шектеліп қалмайды. – Әр айдың алғашқы бейсенбісінде біз әлеуметтік осал топтарға жататын 200-дей баланы паркте тегін ойнатамыз. Ол үшін соған жауапты қоғамдық ұйымдар бізге хат жазып, сұраныс жіберуі керек, – дейді Happylon Park маркетологы Арсен Бектаев.
Естеріңізге сала кетейік, дельфиндер шоуы аптасына бес күн – сәрсенбі, бейсенбі, жұма (сағ. 19.00-де), сенбі (сағ. 17.00 және 20.00-де) және жексенбі (сағ. 12.00, 15.00 және 18.00-де) ұйымдастырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды