«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зейнолла ШІБКЕНОВ, мәслихат депутаты: КЕНТТЕРДІ ҚАЛАДАН БӨЛІП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

0 46

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының отырыстарында №10 сайлау округінен депутаттыққа сайланған Зейнолла Шібкеновтің қаланың өзекті мәселелеріне келгенде ащы дауысы жиі шығып жатады. Әсіресе ол тұрғын алаптар проблемаларын үнемі көтереді. Қазіргі кезде елорданың шеткі аймақтарын дамыту ісі белсенді түрде қолға алынып жатыр. Осы орайда депутатты әңгімеге тартып, өзін көптен толғандырып жүрген мәселелер жөнінде сұрадық.

– Зейнолла Рахымұлы, депутаттық қызметіңіз он жылға жуықтап қалды. Осының алдындағы мәслихаттың бесінші шақырылымының депутаты атанып, қазіргі алтыншы шақырылымда қайта сайландыңыз. Осы уақыт ішінде халық тарапынан сізге жолданған өтініштер аз емес болар деп шамалаймыз. Әңгімемізді содан бастасақ.

– Менің сайлау округіме «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптары қарайды. Бұл 53 мыңнан астам тұрғыны бар елордадағы ең ірі кенттер болып саналады. Өкінішке қарай, олар әлеу­меттік жағынан ең артта қалған елді мекендер қатарына кіріп отыр. Ең алдымен осы тұрғын алаптардың инфрақұрылымы сын көтермейді. Бұл жол, нөсер сулары кәрізі жүйесі, жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың құрылысы мәселелері болып жалғасып кете береді.

– Биылғы аудан әкімдерінің есебі кезінде Байқоңыр ауданының сол кездегі әкімі Ерлан Каналимов осы жылы ауданда жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 26 көшені жөндеу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырсыз ба?

– Әрине, осы жұмыс менің бақылауымда. Ең күрделі мәселе Жаңа жол көшесін кеңейтуге тіреліп тұр. Тиісті жоспар бойынша бұл көшенің жолы қазіргідей екі жолақты емес, төрт жолақты болуы керек еді. Алайда бұл мәселенің көтерілгеніне он жылдан асып кетсе де, әлі де шешілген жоқ. Ортасын теміржол бөліп тұрған осы жолда ылғи кептеліс болып жатады.

Мәселе Байқоңыр ауданының бюджетінде де болып тұр. Аудан бюджетін көбейту керек деп есептеймін. Жылда ауданға 4,5 миллиард теңге ғана бөлінеді. Бұл басқа аудандармен салыстырғанда екі есе аз.

– Айтқандай, өткен аптада ғана қалалық мәслихат отырысында қысқа жолдарды жөндеуді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына емес, аудандардың әкімдіктеріне тапсыру туралы мәселені көтердіңіздер. Соған сәйкес қаржыны да аудандарға бөлу керектігін айтқансыздар. Бұл мәселе шешіледі деп ойлайсыз ба?

– Әрине, шешіледі деп үміттіміз. Осы мәселені жайдан-жай көтерген жоқпыз. Жолдар мен тротуарлар жылдар бойы жасалмайды. Содан тұрғындардың наразылығы туып жатады. Мысалы, «Өндіріс» пен «Кирпичный» тұрғын алаптарында соңғы жылдары 97 көшенің 15 пайызы ғана жасалды. Сондықтан бұл жұмыстарға бөлінетін қаржыны аудандар иелену керек деп есептейміз. Сол кезде олар жолдарға асфальт төсеу мен жөндеуді өздері жоспарлай алады.

– Тұрғын алаптардағы нөсер сулары кәрізі мәселесін айттыңыз. Бұл жалпы алғанда қаладағы күрделі мәселелердің бірі емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Бірақ тұрғын алаптар да қалаға жатады ғой. Оларды қаладан бөліп қарауға болмайды. Кенттерде жер үйлер көп. Нөсер сулары кәрізі жүйесі дұрыс болмағандықтан, үйлерді су басып жатады. Бұл мәселенің көтерілгеніне де біраз жыл болды. Сарыбұлақ өзені бойынша жұмыстар созылып кетті. Бұл жұмыс­тарға қазірге дейін 1,5 мил­л­иард теңге қаржы жұм­­салды. Алайда шеті көрі­­нетін түрі жоқ. Нөсер мен қар сулары, дәретхана қал­­дықтары Сарыбұлаққа құ­йылып жатыр. Себебі, су­ларды сүзіп, тұндыратын құ­дық­тар салынбаған. Осы өзеннің тазартылған суы негізі Есілге құйылу керек.

Жалпы, Сарыбұлақ өзенін қалпына келтіру жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бөлінген қаржы игерілмейді. Жоспарға сәйкес өзеннің 5,6 шақырымында тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Ал қазіргі күні оның 2,1 шақырымы ғана жасалды.

– Кенттердің көшелерін жарықтандыру бойынша қандай түйткілдер бар?

– «Өндіріс» пен «Кирпич­ныйда» жарықтандырылуы тиіс көшелер әлі де жеткі­лікті. Жарықтандыру жос­пары 40 пайызға ғана орын­далған. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, осы сан бәрін айтып тұр.

– Ал әлеуметтік нысандар туралы не айтарыңыз бар?

– «Кирпичный» тұрғын алабында №12 балабақша-­бастауыш мектеп кешені жұмыс істейді. Бастауыш мектеп болса да, онда оқу­шылар сыймай жатыр. Се­гіз жүзден астам бала басқа мектептерге барып оқу­­ға мәжбүр. Біз бұл кешенді бала­бақша ретінде қалдырып, 1200 орынға арналған жаңа мектеп құрылысын бастауды ұсынғанбыз. Орта мектеп салынса, кенттің оқушыларды оқыту мәселесі шешіледі. Сосын «Өндіріс» пен «Кирпичныйда» бірде-бір монша жоқ. Осы мәселесі де шешілмей келе жатыр.

Жалпы кенттердің мәртебесі мәселесін шешу керек. Олардың мәртебесі анықталмағаннан кейін көптеген проблемалар туындап жатыр. Бас­тысы, тұрғындарға құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмей тұр. Тиісті органдар тұрғын алаптарда өнеркәсіптік аймақ орналасады деп айтады. Солай болғанмен де, халықты ойлау керек қой. Шеткі аймақ деп бөлмей, тұрғындарға жайлы жағдай жасауымыз қажет. Ал бұл жоғарыда айт­қанымдай, жол, су, кәріз, жарық мәселелері. Сол кезде кенттер дамиды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды