«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтік мәселелерде көпбалалы отбасылар алдыңғы қатарда тұруы керек

0 33

Көпбалалы отбасы деген – қазақ дәстүрлі қоғамының негізі. Кеңес кезінде, әсіресе кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында сол дәстүр үзіліп бара жатқан еді. Бұрын кем дегенде төрт-бес бала сүйген қазақ отбасылары бір-екі баламен шектелетін болды. Қазір баяғы үзілген дәстүр қайта жалғанып келе жатыр. Қазақ жастары арасында көпбалалы отбасылар саны өсті.

Еліміздің жетекші партиясының съезінде Президентіміз Үкімет пен партия алдына үлкен міндеттер қойып, соның ішінде көпбалалы отбасыларға жасалатын әлеуметтік көмекті арттыруды баса тапсырғаны құптарлық бастама болды. Бұл демографияға тағы да оң серпін берері сөзсіз. Ал әлеуметтік саланы басқаратын министрлікке осы саланы жақсы білетін, түсінетін, көзіқарақты тұлғаны әкеп қойғаны қисынды болды деп есептеймін.

Жалпы, көп бала сүйіп, тәрбиелеп өсіру дәстүрін қалпына келтіру, дамыту – қоғамның толыққанды өмір сүруінің негізгі факторы. Бұл әлеуметтік жағынан ғана емес, саяси, геосаяси тұрғыдан да маңызды. Әрине, біз бұл мәселеге ертерек көңіл бөлуіміз қажет еді. Бірақ қазір биліктің кеш болса да, көпбалалы отбасыларға бет бұрып, мемлекеттік ресурстардың елеулі бөлігін осы мәселеге бағыттағаны – дұрыс шешім. Бұлай болмағанда, біз Франция, Нидерланд, тағы басқа Еуропа елдерінің кебін киер едік. Жеріміз кең, ал халқымыз аз. Жаһандану кезінде бұл барған сайын қиыншылық тудыратыны анық еді.

Кейбіреулер «халық саны артқаны маңызды емес, санға емес, сапаға қарау керек» дейді екен. Бұл – психологиялық тұрғыда қате, сонымен бірге қатерлі пікір. Мұндай пікірдегілер өзінің әке-шешесі, ата-әжесі кезінде бір отбасындағы он баланың бірі болғанын ескермейтіні таңғалдырады. Көбінесе отбасында қиыншылық көрмеген, бәріне күреспей қол жеткізгісі келетін, білім алудың өзін жеке басын қанағаттандыру жолы деп қана қарайтын адамдар осындай пікірде болады. Әйтпесе, көпбалалы отбасындағы алты-жеті немесе он баланың кемінде біреуі ертең мықты ғалым, елінің атын шығаратын спортшы болмасына кім кепіл? Көбінесе білімге, шынайы өнер мен жетістікке әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалар ұмтылады. Байқасаңыздар, байдың балалары ғылым жолын қумайды, тәуекелге бас тікпейді.

Сондықтан балалардың бүгін жұпынылау киінгеніне немесе олардың кинотеатрларға, ойын-сауық орталықтарына бара алмағанына қарап, көпбалалы отбасыларға баға беруге болмайды. Нағыз шыныққан, биік белестерге ұмтылатын балалар осындай көпбалалы отбасылардан шығады. Өзін ғана емес, айналасындағы туған-туысын, елін ойлап тұратын, үлкен істер жасай алатын азаматтар да осындай ортада қалыптасады. Ал ата-анасы барын аузына тосып, дербес үйірмелерге тасып, таңдаған оқуына түсіріп, ертең сүйрелеп жүріп жақсы бір қызметке орналастырған азаматтар эгоист болып келеді, өз жолын, өз қамын ойлайтын адамдар көбіне осындай тәрбие көргендердің арасынан шығады.

Әлеуметтік мәселелерді шешерде көпбалалы отбасылар қашанда алдыңғы қатарда тұруы керек. Әрине, әр бала туған сайын берілетін жәрдемақыны да ойлаған дұрыс шығар. Бірақ математикада «геометриялық прогрессия» деген бар. Отбасында бала сүйген сайын оларға үлкен үй, кең аумақ қажет болады. Олардың қажеттілігі артады. Сондықтан эгоизм мен іштарлық психологиядан арылып, көпбалалы отбасыларды қолдау, оларға берілетін әлеуметтік көмекті арттыру мәселесіндегі қуанышқа ортақтаса білген абзал. Бұл бастамалар біздің мемлекеттік мүддемізбен үйлеседі.

Зейнолла САМАШЕВ,
тарихшы-археолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды