«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зейнетке шығамын десеңіз…

Керек кеңес

0 31

Зейнетақы алуға өтініш беру үшін қандай құжаттар жинау керек? Қайда бару керек? Еңбек кітапшасындағы қателерді қалай түзетуге болады? Осы сияқты сұрақтарды зейнет жасына жақындаған адамдар қояды. Осының жайын біз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлнар Жамантаевадан сұрадық.

Қандай құжаттар ұсынылуы керек?

Зейнетақы тағайындау үшін негізгі құжат еңбек кітапшасы болып табылады. Ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін 1998 жылғы қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.
Егер адам оқыған болса – диплом, ал егер әскерде қызмет етсе, әскери билет ұсынылады.
Егер әйел жұмыс істемеген және осы кезеңде үш жасқа толмаған баласы болса, онда балалардың туу туралы куәліктерін және баланың үш жасқа толғанын растайтын қосымша құжаттарды ұсыну қажет.

Есепшот қай жерден ашылады?

Екінші деңгейдегі кез келген банктен зейнетақы есептеу үшін арнайы шот ашу керек.

Еңбек кітапша­сын­дағы қателерді қалай түзетуге болады?

Мемлекеттік мұрағатқа хабарласу керек. Егер мұрағатта осы кәсіпорынның құжаттары болмаса, онда сіз өз еңбек өтіліңізді сот арқылы куәгерлермен растай аласыз. Бұл ұйымда жұмыс істегеніңізді растайтын еңбек кітапшасы және мемлекеттік мұрағаттан ұйым құжаттарының алынбағандығы туралы анықтаманы алып, бір немесе екі куәгерді ертіп алу керек.

Қайда бару керек?

Зейнетке шығу жасы аяқталғанға дейін он күн бұрын адам тұрақты тіркеуде тұрған жердегі ХҚО-ға жүгінуі керек. Уақытша тіркеу құжаттары зейнетақы тағайындау үшін қабылданбайды. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. Бөлім құжаттардың болмауына байланысты зейнетақы тағайындаудан бас тартуы мүмкін, бірақ базалық зейнетақыға мемлекет кепілдік береді, бұл 16037 теңгені құрайды.

Зейнетақы мөлшері қалай анықталады?

Зейнетақы мөлшері үшін орташа айлық кіріс маңызды рөл атқарады. Табысты растау үшін сіз 1995 жылдан бастап зейнетке шыққанға де­йінгі кез келген үш жыл үшін үзілістерге қарамастан, жалақы туралы анықтаманы ұсынуыңыз керек. Егер ұйым бұрын жабылған болса, онда сіз жалақы туралы ақпарат алу үшін Мемлекеттік мұрағатқа жүгіне аласыз.

Зейнетақы ­тағайындау мерзімі

Зейнетақы тағайындау он күн ішінде жасалады. Зейнетақыны тағайындау туралы SMS-хабарлама алған кезде зейнетақы кітапшасын алу үшін ХҚО-ға хабарласып, зейнетақы тағайындалғанын жазып, еңбек кітапшасын алу керек.
Адамның ынтымақты зейнетақы (1998 жылға дейінгі еңбек өтілі), мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және БЖЗҚ-дан төлем алуға құқығы бар.

Биыл әйелдер 59 жасында, ер адамдар 63 жаста зейнетке шығады

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды