«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зейнетақы жинағы едәуір артқан

0 112

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн теңгені құрап, 2017 жылмен салыстыр­ғанда 1,1 трлн теңгеге артқан екен. Яғни бір жыл ішіндегі өсім 16,4 пайызды құраған. Ал зейнет­ақы жарналарының жалпы түсімі бір жыл ішінде 8,3 пайызға өскен. «БЖЗҚ» АҚ Астана қаласы филиалының басқарушы директоры Мұрат ШӘРІПОВ­ПЕН сұхбат құрған болатынбыз. Сұхбат барысында ол зейнетақы туралы осы және басқа да ақпараттарын ортаға салды.

 

– Мұрат Тұрсынұлы, 2018 жылдан бастап неге зейнетақы төлемдері ай сайын БЖЗҚ-дан төлене бастады?
– Зейнетақы заңнамасына Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорынан зейнетақы төлемдерін кесте бойынша жүзеге асыру тәртібіне қатысты енгізілген өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына 2015 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдері ай са­йынғы негізде жүзеге асырылады. Егер алушы өтініш берген күні оның жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Бүгінгі уақытта оның мөлшері – 404940 теңге. Ай са­йынғы төлемнің мөлшері «Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу­ді жүзеге асыру әдістемесіне» сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді. Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. Биыл ең төменгі күнкөріс деңге­йінің мөлшері 28284 теңге болса, оның 54 пайызы – 15274 теңге. Бұл нормалар зейнетақы жү­йесінің тиімділігі мен БЖЗҚ-дан зей­нет­ақы төлемдерін жүзеге асыру ұзақтығын арттыру мақсатында енгізілді. Зейнетақыны ай сайын төлеу әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Сонымен қатар, бұл бюджет есебінен және БЖЗҚ-дағы жинақ есебінен төленетін ай сайынғы жиынтық зейнетақы төлемдерін арттыруға септігін тигізеді.
– Базалық зейнетақыны есептеу қандай тәсілмен жүргізіледі?
– Биылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы төлемдерін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Яғни базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Мұнда базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Еңбек өтілі еңбек кітапшасындағы жазбалармен расталады. Егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін­гі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін бұл сомаға ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызы қосылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болып, одан асырылмайды. Бұған дейін базалық зейнетақы зейнеткерлікке шыққан әрбір азаматқа еңбек өтілі мен айлық табысы және зейнетақы жинағының көлеміне қарамастан, өмір бойына бірдей мөлшерде тағайындалып келді. Биыл базалық зейнетақының көлемі 15274 теңгені құрайды және ол жыл сайын ұлғайып отырады. Ал ең төмен күнкөріс деңгейі 28284 теңгені құрайды. Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа толған барлық азаматтар үшін қайта есептеледі. Зейнеткерлер үшін базалық зейнетақыны қайта есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін қосымша құжаттар ұсынудың қажеті жоқ. Жарналардың төленуі жайында барлық деректер бірыңғай ақпараттық жүйеде бар. 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін зейнетке шығатын азаматтар ғана 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі туралы мәліметтер ұсынуы керек.
– Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары деген не?
– 2020 жылдан бастап қосылатын жарналардың тағы бір түрі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының енгізілуі. Негізі, бұл жарналар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс болатын. Бірақ белгілі себептермен 2020 жылға дейін кейінге қалдырылды. Дегенмен оның шарты өзгермейді. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Оны барлық жұмыс берушілер, олардың ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейтін жұмыс берушілер де өз қаражаты есебінен төлейді. Бұл үшін жұмыс берушілердің ұсынған тізімі негізінде Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорында әрбір жұмыс­кердің атына шартты зейнетақы шоттары ашылады. Ондағы жинақтар зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін мұндай жарналар олардың шоттарына кемінде 60 ай тұрақты аударылған болуы керек. Бұл шоттардағы жинақтар салымшының меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары көлемі біртіндеп азайып бара жатқан ортақ зейнетақы төлемдерінің орнын басу үшін енгізілейін деп отыр. Ортақ зейнетақы – 1998 жылға дейін болған еңбек өтіліне байланысты төленетін ақша. Ол үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі болуы керек. 2042-2043 жылдарға қарай елімізде ортақ зейнетақыны төлеу мүлдем тоқтатылады. Өйткені бұл жылдары 1979-1980 жылдары туған азаматтар зейнетке шығады. Ал олардың 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмайды. Өйткені 1998 жылы олардың 18-19 жаста ғана болғаны белгілі.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын қорға қалай аударады?
– Жеке кәсіпкерлер тұрғы­лықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарында агент ретінде тіркелуі тиіс. Міндетті зейнетақы жарналары салықтар және әлеуметтік аударымдармен қатар төленеді. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар мен кәсiпкерлер үшiн Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын өз пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Егер кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген салық режимі бойынша жұмыс істейтін болса, міндетті зейнетақы жарналары ай сайын табыс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді. Арнаулы салық режимі патент негізінде қолданылатын болса, міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына патент құнын төлеу үшін көзделген мерзімде жылына бір рет аударады. Оңайлатылған салық декларация негізіндегі арнаулы салық режимі үшін міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде аударылады. Агент міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді. Егер жеке кәсіпкердің банкте шоты жоқ болса, ол міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен Мемлекеттік корпорация арқылы БЖЗҚ-ға аудару үшін банкке қолма-қол ақшамен енгізуі тиіс. Қазір БЖЗҚ салық органдары және Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігімен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарды және міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудармайтын немесе мүлдем аудармайтын адамдарды зейнетақы жүйесіне тарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы өте зор. Өйткені болашақ зейнетақының көлемі зейнетақы жарналарының қорға тұрақты аударылуына тікелей байланысты.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын қалай аударуға болады?
– Қазақстанның кез келген азаматы Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын аудара алады. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Жарна есебiнен зейнетақымен қамсыз­дандыру туралы шарт Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры кеңсесінде жасалады. Жеке тұлға өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына шарт жасау үшін жеке басын куәландыратын құжат тапсырады.
– БЖЗҚ-ның биылғы жос­­па­­ры қандай?
– Қор алдында бірнеше міндет тұр. Мысалы, зейнетақы қызметтерін әлемдік стандарттарға сай етіп көрсету – ең маңызды міндеттердің бірі. Бұдан басқа, БЖЗҚ әрбір салымшы үшін зейнетақыны дербес жоспарлау бо­йынша кәсіпқой кеңесші қыз­метін атқаратын болады. Мамандарымыз азаматтарға зейнеткерлікке шыққанда зейнетақы төлемдерін қандай мөлшерде алатындықтарын есептеп, түсіндіріп береді. Сонымен қатар, олар зейнетақы жинақтарын арттыру үшін не істеу керектігі туралы ақыл-кеңес береді. Бұл – біздің стратегия аясындағы жаңа қызмет. Ол үшін қор зейнетақы калькуляторын жетілдіреді. Қазірдің өзінде сайтымыздағы болжамды калькулятордың көмегімен болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау­ға болады. Алайда жетілдірілген дербес калькулятор жеке шоттағы деректердің негізінде зейнетақыны дәл есептеуге мүмкіндік береді. Біз операциялық жұмыскерлердің арасынан кәсіпқой кеңесшілерді дайындайтын боламыз. Олар дербес калькулятор арқылы есептелген көрсеткіштерді дұрыс түсінуге және лайықты зейнетақы алу үшін зейнетақы жарналарының көлемі мен аударылу жиілігін белгілеуге көмектеседі.
Қор ерікті зейнетақы жарналарына да ерекше көңіл бөлетін болады. Қазір халықаралық тәжірибелерді зерттеудеміз. Кейін сол зерттеу нәтижелерін, салықты жеңілдету және басқа да ұсыныстарды ескере отырып, тұрғындарды ерікті зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға тарту жұмыстарын жүргіземіз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды