«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зейнетақы – әрбір салымшының меншігі

0 33

Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жылдан асты. Осы жылдар ішінде жүйе талай белестерден өтті. Бүгінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ – зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының бірыңғай операторы. Қордың Астана қаласындағы филиалының директоры – Басқарушы директор Мұрат Шәріпов бізге берген сұхбатында зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

– «Зейнетақы жинақтарын біржолғы төлем ретінде немесе мерзімінен бұрын алуға бола ма?» деген сұрақ салымшылар тара­пынан жиі қойылады. Бұ­ған қалай жауап берер едіңіз?
– Иә, бұл сұрақты біздің салымшылар жиі қояды. Қор­дағы зейнетақы жинақтары алушыларға заңнамада көз­дел­ген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. Ең негізгі жағдай – зейнеткерлік жасқа толу. Өйт­кені зейнетақы тағайын­даудағы негізгі мақсат – құрметті дема­лысқа шыққан адамдардың күн­делікті тіршілігін лайықты қамтамасыз ету.
Сонымен қатар «Қазақстан Рес­публикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес қордан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда) және бірінші немесе екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді. Бұдан басқа, елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.
Жасына байланысты зейнеткерлер мен I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдар төлемдерді ай сайынғы кесте бойынша алады. Өйткені 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қордан зейнетақы төлемдері тек ай са­йын беріле бастады. Зейнетақы жинақтарын ай сайын беру халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және бұл қордан зейнетақы төлемдерін алу мерзімін едәуір ұзартуға және жиынтық зейнетақының көлемін арттыруға септігін тигізеді.
Қазір де зейнетақы жи­нақ­тарын біржолғы төлем ретінде алуға болатындығын айта кеткен жөн. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі – 36 108 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері – 433 296 теңге.
Тағы бір айта кетерлігі, заң­намаға сәйкес ерлер 55 жасқа, ал әйелдер биыл 51 жасқа толғанда өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру тө­лем­дерiн өмiр бойы ай сайын алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте әйелдердің жасы 2027 жылға дейін 55 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отыратындығын еске саламыз. Бірақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қордағы зейнетақы жинағының сомасы ай сайын ең төменгі зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi төлеуге жеткілікті болуы керек.
Сақтандыру ұйымына ауда­руға қажетті соманы enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде есептеуге болады.

– Редакцияға кейде туыстары қайтыс болған адамдар жү­гініп, сол қайтыс болған жа­қындарының жинақтарын қалай алуға болатынын сұрап жатады…
– Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы зейнетақы жинақтары салымшының мен­шігі және өсиет бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Респуб­ликасында зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» ҚР Заңының 31-33-баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.
Мұраны қабылдау үшін Қазақ­стан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-тарауына (Мұра­герлік құқық) сәйкес мұра ашыл­ған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы немесе мұрагерлікке құқық туралы куәлiк беру жөнінде өтiнiш беріледі. Мұра ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты айдың iшiнде мұра қабылдануы мүмкін. Алты ай өткен соң, мұра ашылған жер бойынша нотариус­ мұрагердiң өтiнiшi бойынша оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi.
Бұл рәсімді мұрагерлер үшін оңайлату және Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қоры мен Қазақстан Республикасы нотариустарының өзара іс-қимылын оңтайландыру мақ­сатында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әділет ми­нистрлігі, Республикалық нота­риаттық палата, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» Бірыңғай нота­риалдық ақпараттық жүйе­сі мен қордың ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы шарт жасалды. Енді аталған шарт аясында нотариус­тар өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс бол­ған салымшылардың (алушы­лардың) қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртібінде (хат жүзінде емес) сауалдар жолдай алады. Қор өз кезегінде салымшылар мен алушылар ел нотариус­тары куәландырған немесе растаған құжаттарды ұсынған жағдайда «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйе­сіне сауал жолдап, салымшылар мен алушылардың қорға ұсынған құжаттарына қатысты жасалған нотариалдық әрекеттер бойынша ресми растау құжатын алады. Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақы­тын үнемдейді және қағаздық құжат айналымын жояды.

– Таяуда бұқаралық ақпарат құралдарында зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған салымшыны жерлеуге байланысты зейнетақы қорынан біржолғы төлем берілетіндігі жарияланды. Ол үшін қандай құжаттар керек?
– Шынында, бұл мәселе таяуда бұқаралық ақпарат құралдары бетінде талқыланды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мына мәліметті айта кеткім келеді. Қазақстан Рес­публикасында жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген сәттен, яғни 1998 жылдан бас­тап, жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, қор оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға жерлеу­ге арналған біржолғы төлем төлейді. Бұл төлем заңнамада көрсетілген тәртіпте және мөлшерде жүзеге асырылады. Атап өту керек, бұл төлем жаңалық емес, ол әрқашанда төленіп келді. Заңға сәйкес қор оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл сома 132 310 теңгені құрады.

– Мұрат Тұрсынұлы, зей­нет­ақы жүйесіне қатысты шынайы ақпараттарды қайдан бі­ліп отыруға болады?
– Зейнетақы қорының қыз­меті туралы бүкіл ақпарат қордың enpf.kz сайтында және бұқаралық ақпарат құралдары бетінде, сондай-ақ БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар қор бөлім­шелері республиканың барлық өңірлерінде, оның ішінде Астананың барлық ауданында жұмыс істейді. Қор кеңселерінде кез келген зейнетақы қызметін алып қана қоймай, жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы жан-жақты ақпарат алуға болады. Қор филиалдарында үш ай сайын Ашық есік күні шарасы өткізіліп тұрады. Онда келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға толық­­қанды жауаптар ала алады.

– Жұмысқа жаңа тұрған жас маман зейнетақы шотын ашу үшін қайда хабарласқаны дұрыс?
– Қазіргі уақытта жас маман жұмысқа орналасқан жағдайда, қорға алғашқы зейнетақы жар­насы келіп түскен сәтте, зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Яғни жаңа салымшыға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу үшін қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Тек өзінің зейнетақы шотының жай-күйін, жарналардың тұ­рақты аударылуын қадағалап отырса болғаны. Өйткені зей­нетақы жинақтары – әрбір салым­шының меншігі. Шоттағы зе­йнетақы жинақтары сенімді қаржы құ­ралдарына инвестиция­ланады, сәйкесінше шоттарға күн сайын инвестициялық табыс есептеліп отырады. 2018 жылдың қорытындысы бо­йынша қор салымшыларының зейнетақы шоттарына 917,1 млрд теңге көлемінде инвестициялық табыс есептелді. Бұл жерде әрбір салымшының шотына есептелетін табыс сомасы сол шотта жатқан жинақтардың көлеміне тәуелді.

Дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды