«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Заңғарлармен замандас

0 158

Дария көңілді қарияларды қадірлеу – халқымыздың қанына сіңген қа­сиет. Сондай көпті көрген көне көздердің бірі – сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстан Респуб­ликасының құрметті журналисі, бұл күндері елордада тұратын Төлеубек Қоңыр.

Сәті түскенде кө­сем сөзді қария­мен сұхбат құрып, оның ұлағаты мол әңгі­месіне құлақ түрген едік. Төлеу­бек Қоңырұлы Кереку өңі­­ріндегі Төребұлақ деген елді мекенде дүниеге келіпті.
– Әкем – қазақтың Кенесарыдан кейінгі ханы Бөкейдің Әлі деген баласының ұрпағы. Яғни мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның немере інісі Арын төренің шөбересімін. Ал анам әулиелі Қызыл таудан, Әлдекей – Әуез төреден, Абылай ханнан тарайды. Қоңырдан
8 баламыз (5 ұл, 3 қыз). Мен үйдің кенжесімін, – дейді ақсақал.

Әуезовтің бөлтіріктері

1956 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, журналист-аудармашы мамандығы бойынша білім алған Төлеубек Қоңыр оқу бітірген соң Түрікменстанда әскери міндетін атқарған. 1961 жылы тарих пен журналистикадан емтихан тапсырған ол Павлодар облыстық газетінде еңбек жолын бастаған.


– 1957 жылдың қыр­күйе­гінен бастап университеттің филология факультетінде «Абайтану» курсы өте бастады. Онда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов дәріс оқыды. Оған филология факультетінің І курс студенттері Әбіш Кекіл­баев, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжанов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков пен Қабдеш Жұмаділов, Болат Бодаубаевтар белсене қатысып жүрді. Бірде Әбіш қазақ поэзиясы туралы баяндама жасап, жарқ етіп көрінді. Көп ұзамай ол «Әуезов бөлтіріктерінің басы» болып танылды. Заңғар жазушыдан дәріс алған «бөлтіріктер» кейін классиктер атанып, қазақ әдебиетінің алтын тобын құрды, – дейді Төлеубек Қоңыр. – Павлодар облыс­тық «Қызыл ту» газетінің бас редакторы болып жүрген кезінде Әзілхан Нұршайықов 1955 жылдың жазында Мұхтар Әуезов­ті Павлодарға шақырды. Жазушы қаланың зиялы қауымымен кездесіп, Үнді сапары туралы кеңінен әңгімеледі. Көп ұзамай қалаға Сәбит Мұқанов та жетті. Содан Әзілхан Нұршайықов «Екі кездесу» атты шағын кітап шығарды. Бұл кітап сол кезде Мәскеу­де Орталық комитетте қызметте жүрген Павлодар облысының бұрынғы бірінші хатшысы В.Сумочкинге де жетіпті. Ол Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевқа қолқа салып, кітаптың өзіне қатысты тарауын аудартып, жолдауын сұрапты. Махмет аға аударуды маған жүктеді. Риза болған Сумочкин аударманы «Ауэзов в Павлодаре» деген атаумен «Дружба народов» журналына беріпті. Бұл менің алғашқы аудармам еді. Осыдан кейін Мәскеу­дегі орталық газеттерге жолым ашылды.

Журналис­тикадағы жарқын жылдар

1963 жылы сәуірде қазақ тіліндегі облыстық газеттер жабылған соң Целиноградтағы «Тың өлкесі» газетіне келіп, онда 3 жыл жұмыс істеген Төлеубек Қоңыр 1966 жылы Павлодарға қайтып барыпты.
– Мен еңбек жолымда мықты редакторларға кез болдым. Әуелі Әзілхан Нұршайықов, одан кейін Омарғали Құдышев, содан соң Сұбықан Шошанов пен Сафаржан Қайдаров. Осындағы өлкелік газеттің бас редакторы Сафаржан Қайдаровтың ең бірінші тапсырмасы бойынша Ерейментауға барып «Тергеушілер тер төкпеген» деген мақала жаздым. Мұны оқырмандар да, редактор да жылы қабылдады. Сафаржан Қайдаров тағы бір тапсырмасында Никита Хрущевтің осында жасаған жұмыс сапарына жіберді. Содан Хрущевтің соңына ілесіп, Атбасарға бардық. Ол сол жақтан әрі қарай Қырғызстанға ұшып кетті. Бұл – Хрущевтің Қазақстанға жасаған соңғы сапары, – дейді Т.Қоңыр. – Украинаның Бабый Яр деген елді мекенінде бейбіт азаматтарды атуға қатысқан украин полицайы қазіргі Астана іргесіндегі Рождественка ауылында бас сауғалап, тыңгер болып елдің сеніміне кіріпті. Бір күні оның ізіне түсіп, КГБ офицерлерімен бірге тұтқындауға бардық. Содан ол туралы «Жендет» деген мақалам шықты. Ал «Мать» деп аталатын жетім балаларды тәрбие­леп өсірген актриса Халима Бекова туралы материалым «Труд», «Сельская жизнь» газеттеріне және «Огонек» журналына басылды. Содан социалистік елдерде шығатын «Польша», «Венгрия», «Болгария», «Чехословакия» журналдарына сол елдерді азат етуге қатысқан қазақтар туралы дүниелерім жарық көріп жүрді. «Жат жерде жүріп жасқанбай» деген айдармен очерктер беріп тұрдым. Берлиннен әрі Торгау қаласында Эльба өзені жағасында одақтас­тар әскерлерімен кезде­сіп, американ генералы Эйзенхауэр маршал Жуковтың құрметіне берген қонақасына қатысқан Май ауданы Қызыл еңбек ауылының тумасы, гвардия ефрейторы Кабен Қаужапаров пен Жаңа тұрмыс ауылының тумасы, ефрейтор Қани Есентаев туралы қалам тарттым. Берлин түбіндегі Потсдам қалашығында төрт держава басшыларының конференциясын күзеткен қа­зақтар да қаламыма ілінді. Сол сияқты Иосип Броз Титоның қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған Ертіс ауылының тумасы Қабыкен Ахметов, 1944 жылы маусымда генерал де Голль басқарған Франция әскерлерінің қатарында Парижді азат етуге қатысқан қазақ­тар (капитан Қадым Жұманиязов бастаған қазақ батальоны) туралы де­ректі мақала жаздым.

Сәбит Мұқановтың бірбеткейлігі

60 жылын журналис­тикаға арнаған ақсақал 2014 жылы өзі бірер жыл еңбек еткен бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласына қайтадан қоныс аударды. Айтуынша, бұл қалаға ол ең алғаш рет 1956 жылы табан тіреген.
– 1956 жылы Алматыға оқуға түсуге бара жатқанымда Целиноградқа дейін билетсіз келдім. Әрі қарай Алматының пойызына билет алайын десем, таусылып қалғанын айтты. Не істерімді білмей тұрғанымда, те­міржол бойында жүрген бір жұмысшыға жо­лығып, жағдайымды айт­тым. Үлкендеу кісі екен. «Сен сияқты менің де балам алыста жүр» деді де, ақшамды алып, кассаға қарай жүгіріп кетті. Әйтеуір, билет әкеп берді. Үйі сол маңайда екен, қазіргі «Жастар» театрының қасында. Бірер сағат по­йыз күткен уақытта сол кісінің үйіне барып, дәм таттым. Содан 1963 жылы осында көшіп келіп, 3 айдан соң қазіргі Бейбітшілік көшесінің бойындағы бір бөлмелі пәтерге қоныстандық. Қазіргі Астананы, әрине, бұрынғы қаламен салыс­тыруға мүлде келмейді. Қазір елорда адам танымастай өзгерген. Ол кезде бұл шаһар сұрықсыз, көшесі батпақ, бұзақыға толы қала еді, – деген қария Целиноградтағы өткен күндерін де еске алды. – 1964 жылдың жазында Сәбит Мұқанов бастаған Жұбан Молдағалиев, Тұрсынбек Кәкішев сынды бір топ жазушы Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығын тойлауға Целиноградқа келді. Содан ақынның мерейтойын атап өтуге өлкелік партия комитеті осындағы «Пункт П» деген ғимаратты ұсыныпты. Редактор қаланың жолын көрсету үшін мені Сәбеңнің қасына қосып жіберді. Меймандарды әлгі «Пункт П»-ға алып бардым. Оның айналасы шалшық су, батпақ, ғимаратқа өте алмадық. Бірақ Сәбең маған әрі қарай қалайда өтуімді қолқалады. Аяғым батпақ болып әрең өттім. Содан ол менен «бұл өзі не ғимарат?» деп сұрады. Оның казарма екенін айттым. «Иттің балалары», Сәкеңді мұнша қорлағандары несі?!» деп қалпағын жерге бір-ақ лақтырды. Артынша аяқ киімімді тазалатпастан дереу көлікке отырғызып, шопыр жігітке: «өлкелік партия комитетіне тарт» деді. Ондағы бірінші хатшының кабинетіне батпақ күйімізде жетіп бардық. Былғаныш аяғыммен мекемеге кіруіме күзетшілер тыйым салса да, мені ішке ертіп кірген Сәбең ашулы күйі батпақ қалпағын басшының алдына бір-ақ лақтырып, айқайлай жөнелді. Дауысын көтеріп, небір қатты-қатты сөздерді айтты. Соның нәтижесінде Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығы қазіргі «Астана» концерт залы, сол кездегі Тыңгерлер сара­йында кеңінен тойланды. Бұл Сәбит Мұқановтың ерлігі болды.

Ғибратты ғұмыр

1962 жылы Майра Бі­ләл­қызымен отбасын құрған Төлеубек Қоңыр­ұлы ұла­ғатты ұрпақ өсі­ріп, 57 жылдан бері жұптарын жазбай, тату-­тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған олар бүгінде Айша, Әлібек есімді шөбере сүйіп отыр. Әке жолын қуған үлкен қызы Күлпаш пен ұлы Баубек те журналистиканың жүгін арқалап жүр бүгінде. Ал екінші қызы Күлбаршын – экономист. Немерелері де жоғары білімді, түрлі сала маманы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды