«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Заң қызметкері имиджін өзгертуі керек

Есберген АЛАУХАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор

0 127

Қазіргі таңда құқық қорғау органдарын жаңғыр­ту мәселесі басты назарда тұр. Президент полиция қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру үшін арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды. 2019 жылдан бастап жүзеге асуы тиіс реформа жөнінде белгілі заңгермен әңгімелескен едік.

Нағыз жанашырға айналса…

– Қоғамның полицейге деген сенімі қайтсе күшейеді? Жалпы, Президент айтқандай, «Көшедегі әр полицей – Президенттің өкілі» бола ала ма?
– Біріншіден, полицияның күш көрсетуші орган ретінде жиі саналатыны рас. Бізде полицияның құрамына қызметкерлерді жалпылама алып жатады. Менің ойымша, полицияның құрамына нағыз білімді, мәдениетті, өмірлік тәжірибесі бар, жақсы тәрбие алған азаматтарды сараптап барып, алу керек. Полиция қызметкері – мемлекеттің және халықтың айнасы. Мысалы, көшеде келе жатқан адам әртүрлі жағдайға ұшырауы мүмкін. Ұры-қары қолындағы сөмкесін ұрлап кетеді, жол бойында көлік қағып кетеді немесе басқа да кездейсоқ жағдайлар орын алады. Ал бұл жағдайда полиция дегеніміз жапа шегуші халықтың нағыз жанашыры, арашасы болуы қажет. Шындығы сол, бізде полиция қызметкерлерін жұмысқа қабылдауда тамыр-таныстық тыйылмай тұр. Олардың басым көпшілігі физикалық тұрғыдан әлсіз, салмағы ауыр болғандықтан, жүгіре де алмайды. Қызметкерді жұмысқа аларда оның физиологиялық жағдайына назар аударған жөн. Көшедегі басбұзарларды жыға алатындай шамасы, сес көрсететіндей қабағы болуы керек. Меніңше, Елбасының полицияға қатысты айтқан портреті осындай болуы тиіс. Көшеде қарапа­йым жүргіншілерге бағдар беріп, кептеліс кезінде мәселенің оң шешімін тез табатындай әрекет етсе, оларды «халықтың сенімді өкілі» деп айта аламыз.

Полицейдің міндеті айқын емес

– Елімізде 75 мың тәртіп сақшысының 15 мыңы түрлі ғимаратта күзетші рөлін атқарады. Әкімдік болсын, минис­трлік болсын есіктің кіреберісінде тұратын осындай күзетші полицейлер айналып келгенде тұрғындар үшін тиімсіз емес пе? Мәселен, қарапа­йым адам бір шаруасын бітіру үшін телефон арқылы қабылдау бөлімінің тізіміне алдын ала жазылады, рұқсат қағазын алады, күтіп алушыны күтеді. Кірген-шыққаны үшін оны арнайы құрылғымен тексереді. Жалпы, шетелдің тәжірибесінде көп кездесе бермейтін бұл үрдіс бізге қайдан келді және заңгер ретінде қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
– Мына мәселеге назар аударайық. Бұрын кеңестік кезеңде министрліктің өзі екі бөлімнен тұрған. Міне, қазіргі министрлікті де солай жасау керек. Министрліктен Тергеу және басқа да жедел қызметтерді Ресейдегідей бөлек құрылым ретінде жасақтаған жөн. Кейде біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тергеушіні де, жедел топ қызметкерлерін де күзетші ретінде көп ұстап жатамыз. Екеуінің қыз­меті – екі түрлі. Қоғамдық тәртіп сақшысы, яғни полиция сол шаруамен айналысуы керек. Ал біз оларды құрылыс басына да, әуе­жайға да, мекемеге де қоямыз. Ондай әмбебап полицей болмайды! Әркім өзіне тиісті ережелері бойынша қызмет атқаруы керек.
Сонымен қатар, әкімдіктің, министрліктің есігінің кіреберісінде тұратын полицейлерге арнайы курстар өткізілсе екен. Мемлекеттік мекемелерге кіріп-шығып жүріп байқағанымыз – олар депутаттардың, әкімдердің, басқа да жоғарғы қызметкерлердің ешқайсысын танымайды. Полицейлер тарапынан шенділерге ғана емес, әрбір азаматқа деген құрмет, ишарат болу керек. Келген қонақты қылмыскер сияқты қабылдамай, керісінше жылы шыраймен қарсы алуы тиіс.
Бізде күні кеше жұмысқа қабылданған полицейге түсіндірме жұмыстарын жүргізбей жатып, есіктің алдына апарып қояды. Ол ешкімді танымаған соң, кімге қалай құрмет көрсетуді білмейді. Бұл ретте бізге шетелдің де тәжірибесі қажет емес. Қазақтың әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбиесі бо­йынша үлкенді сыйлау деген қалыптасқан жүйені полиция қызметкерлерінің бойына барынша сіңіру керек. Кейде күзетте тұрған полицеймен шүйіркелесіп қаламын. Олардан «Қылмыстық құқық», «Қылмыстық істер жүргізу құқығы» сынды оқулықтардың авторларын сұрай қалсаң, автор түгілі кітаптың реңін де айтып бере алмайды. Сосын «Бұл қандай құқық қызметкері, арнайы сынақтан қалай өтті?» деп ойлайсың.
Жалпы, әкімдіктер мен министрліктер арнайы қабылдау бөлмелерін ашу керек. Өз мәселесімен келген адамның уақытын алмай, бірінші қабаттан қабылдаса жөн болар еді. Сонда халық өзінің мұң-мұқтаждарын, көкейдегі мәселелерінің шешімін тез табар еді.
– Мұндай тәжірибе Астана әкімдігінде бар.
– Әсіресе, министрліктерден көптеп ашу керек. Мәселеңді шеше қояды деп есік алдында күтсең, жиналыста екендігін айтады. Әйтеуір, бітпейтін жиналыс. Елбасының өзі «Жиналыс­тың бәрін тоқтатып, халықпен тікелей жұмыс істеңдер» деді, ендігі ретте бұл мәселенің шешімін табатын уақыты келді.
– Біздің елде тек полицейлер­дің саны көп емес, оларды даяр­лайтын академиялардың да саны жетіп артылады. Тәр­тіп сақшыларын оқыту жүйе­сіне қандай жаңашылдық жетіспейді?
– Бізде саны көп, сапасы аз заң факультеттері мен ішкі істер органдарының академиялары көп. Бұл оқу орындарын қысқарту қажет. Қарағанды қаласындағы немесе Алматыдағы жоғары оқу орнын қалдырған жөн. Бізде білдей екі академия бар. Шын мәнінде, олардың қажеті шамалы. Университеттің заң факультеттерін бітіріп жатқан мамандарды кімдер даярлайды деген мәселені Білім министрлігі қадағалауы керек. Еңбек нарығында заңгер мамандығына сұраныс болмаса да, жекелеген оқу орындары әлі күнге дейін көптеп маман да­йындауда. Бұл – бизнес жасаудың жолы. Мұны тоқтату керек.

Реформа талқыланса, өміршең болар еді

– Жалпы, 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап жүзеге аса­тын реформадан не күтесіз?
– Бұл мәселе алдын ала көп­шіліктің талқысына түспегендіктен, мен дұрыс реформа болады деп күтпеймін. Өйткені бұл реформа жобасы алдын ала жария­лану керек. Халықтың арасында талқыланып, қоғамдық ұйым­дардың пікірін назарға алған дұрыс еді. Заңгер, ғалым ретінде мұндай реформалық талқылауды бұрын-соңды естіген де емеспін, көрген де жоқпын. Кезінде азаматтық жүйеден келсе де Зауытбек Тұрысбеков Ішкі істер минис­трі болғанда жақсы бір қадам жасады. Ол учаскелік инспекторлардың қызметіне ерекше мән берді. Жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартты. Пәтермен қамтамасыз етіп, қызметтік көлік беру мәселесін көтерді. Ол кісі қызметтен кеткен соң, бәрі тоқтады. Міне, реформаның ең негізгісі – осы. Аталмыш мәселелерді қайта көтерсе, бұл нағыз реформа болар еді.
– Енді сот саласына қарай ойыс­сақ. Өзіңіз Жоғарғы Сот­тың бастамасымен қолға алын­­ған «Сотқа дейін татуласу» бағдарламасы клубының мүшесісіз. Осы жоба бір-бірін сотқа сүйрейтіндер үшін қаншалықты нәтиже беруде?
– Бұл бағдарлама бойынша бүкіл елді аралап шықтым. Барлық облыс орталықтарында халықпен кездестік. Жоғарғы соттың кеңесшісі Сағатбек Сүлейменов екеуміз халықпен пікірлесіп, дидарластық. Сотқа де­йін татуласу – бабаларымыздың жақсы тәлім-тәрбиесі мен салт-дәстүріміздің жалғасы. Марқұм академик Салық Зиманов қазақтың құқықтық әдет-ғұрыптары туралы он томдық еңбек қалдырды. Біз әлі де болса сол кітапты көп оқымаймыз. Қазір екі көрші бір-бірімен ренжісіп сотқа барады. Ағайын арасында да ұрыс-керіс көп. Ажырасудың да саны артқан. Салдарынан алимент төлемейтін әкелер көбейді.
Кезінде осыдан 20-30 жыл бұрын ел ағалары болып, ағайын арасындағы араздықты екеу­ара бітіммен шешіп, басу айтып отыратын. Қазір ұсақ-түйек даумен сот ғимаратын жағалайтындар көбейіп кетті. Бұл қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі азайғанын көрсетеді. Біз бұрынғы билер институтының тәжіриесін қоғамдық негізде енгізе алсақ, пайдасы орасан болар еді. Бұл ретте Жоғарғы сот төрағасы еліміздің барлық аймақтары мен облыс орталықтарында «Татуласу орталығын» құру бастамасын көтерді.
– Қазақстанда екі жарым жыл ішінде 3,5 мың іс жоғалып кетсе, дәлелдемелерді қолдан жасағаны үшін 33 қызметкер сотталғаны белгілі болды. Қағаз жүзіндегі құжаттардан құтылу үшін қолға алған жобаның бірі – 2018 жылдан бастап барлық қылмыстық процестің электронды форматқа көшірілуі. Бұл бағдарлама қылмыстың барлық сатысын қамти ала ма?
– Құқық қорғау органдарының басшылары жиі ауысқаны дұрыс емес. Бірінші басшы кетсе, екінші басшы оның жұмысын жоққа шығарады. Департаменттер ауысып, қалғаны қысқарады. Білікті мамандарды жұмыстан шығарып, өзінің тамыр-таныс­тарын қызметке қояды. Міне, осыдан келіп іс те жоғалады, бәрі де құрдымға кетеді. Тергеп жатқан жұмыстың негізі де, оның маңыз­дылығы да жоғалады. Міне, осыған үкімет тарапынан зерттеу жасау керек. Сондықтан тергеу ісін, сот ісін цифрландыру дегенді қолдаймын. Сонау ауданда орын алған істің барысын, облыста және республикада бақылауда ұстап отырады. Дер кезінде әлгі іс қаралып жатыр ма, ол неге тоқтап қалды, нәтижесі қашан болады деген сауалдар негізге алынады. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов мырзаның тың бастамаларын қолдаймын.

Судьяның өмірлік тәжірибесі маңызды

– Елбасы Жолдауында сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз ету үшін үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасауды тапсырды. Сіздің ойыңыз қандай?
– Қазір әзірленіп жатқан жаңа заң жобасындағы талаптарға сәйкес, 30 жастан асқан заңгер ғана судья бола алады. Мұны мен толыққанды қолдаймын. 25 жас деген тым ерте. Себебі судьяның өмірлік тәжірибесі болуы керек. Оның білімімен қатар, жоғары мәдениеті де келісуі тиіс. Жақында ғана желіден оқыдым, Американың бір судьясы жүргізушіні айыппұлдан құтқарып жіберді. Қалай дейсіз ғой, әлгі жүргізуші хәл үстінде жатқан жолаушыны ауруханаға жылдам жеткізу үшін барлық жол ережелерін бұзуға тура келген. Осының барлығын ескерген сот, оны ақтауға үкім шығарды. Біздің судьяларда жалтақтық бар. Аудандық, облыс­тық сот төрағалары судьяларға әртүрлі нұсқау беріп отырады. Тәуелсіздігінен айырып жатады. Біз мұнымен келіспеуіміз керек.
– Өзіңіз жуырда Ильгам Рагимовтің «Қылмыс пен жаза» кітабын қазақ тіліне аударып шықтыңыз…
– Ресейлік философ, заңгер Ильгам Рагимовтің «Қылмыс пен жаза философиясы» атты кітабын тұңғыш рет қазақ тілінде аударып, басып жатырмыз. Жақын күндері кітаптың тұсаукесер рәсімі болады. Бұл оқулықтарды құқық қорғау қызметкерлерімен қатар, мектеп кітапханаларына да тегін таратпақ ойымыз бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды