«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Заманауи шамдар орнатылды

0 133

Астанада малайзиялық жоба жүзеге асырылып, елорданың 20 жылдығына арналған кезекті сый тарту етілді.

Байқоңыр ауданы әкім­дігі мен «Астана қалалық жарық» ЖШС және малайзиялық «Itramas Corporation» корпорациясы арасындағы үш жақты меморандум негізінде Кравцов көшесінің бо­йында, яғни Пушкин көшесінен Таха Хусейн көшесіне дейінгі аралықта 96 дана жарықдиодты LED шамдар орнатылды. Аталмыш шамдардың басқаларға қарағанда қызмет ету уақыты әлдеқайда ұзақ екенін айтады мамандар. Заманауи шамдар электр қуатын да 2,5 есе азайтуға мүмкіндік бермек.
Көше бойындағы жаңа шамдарды таныстыру шарасына Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов пен «Астана қалалық жарық» ЖШС директоры Ғалымбек Төреханов және малайзиялық «Itramas Corporation» корпорациясының атқарушы директоры Юн Шин Ли қатысты. Шара барысында шетелдік компания басшысы символ ретінде малайзиялық шамды аудан басшысына табыстады.

– Баламалы электр көзі мен энерготиімділік саласында тәжірибеге ие болғандықтан, Қазақстан астанасына осындай сый жасауды жөн көрдік. Алдағы уақытта да әріптестік байланыста болып, ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз, – деді Июнь Ши Ли Байқоңыр ауданының әкіміне көше шамын табыстау кезінде.
Кездесу барысында Ас­тана қаласының 20 жыл­дық мерейтойына тарту етілген малайзиялық жоба LED шамдарды қосу рәсімі өтті. Қанатқақты жобаның ерекшелігі жарық автокөлік жолдарына ақ түсті, ал жаяу жүргінші жолына сары түсті болып жанатын болады.
– Бұл компания әлем бо­йынша 42 елге өз тауарларын жеткізеді. «Itramas Corporation» корпорациясының жарықдиодты LED шамдары әлемдік бренд Philips, Bosch, Siemens LED шамдарынан сапасы жағынан еш кем емес. Егер біздегі шамдар сағатына 180 киловатт тоқ айналдырса, бұлар 70 киловатт ток тұтынады. Ал тиімділігі 30 пайызға артық. Енді бұл жердегі шамдарды жиі ауыстырмайды. Көше де бұрынғыға қарағанда анағұрлым жарық болып тұрады, – деді Ерлан Қаналимов тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Байқоңыр ауданындағы көше шамдарының саны 16 мыңнан асады. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде барлық көше шамдары заманауи шамдарға ауыстырылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды