«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Заман озса да, ауру азаймай тұр

0 73

Елордадағы Тәуелсіздік сарайын­да медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция өтті. Әлемнің 146 елінің 1142 делегаты қатысқан ауқымды жиында денсаулық сақтау саласындағы маңызды жайттар талқыланды. Сондай-ақ, Астана декларациясы қабылданды.

Астана декларациясының қағидаттары қандай?

«Осыдан 40 жыл бұрын, 1978 жылы, әлем жұртшылығы Алматы қаласына жиналып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттер алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясын қабылдаған еді. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің базалық қағидаттары, атап айтар болсақ, халықты санитарлық бағытта ақпараттандыру, ана мен баланың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, оның ішінде вакцинация және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді мәселелер айқындалды. Содан бері әлемнің денсаулық сақтау саласы осы негізгі мақсаттар бойынша дамып келеді» деді Қазақстан Президенті жаһандық конференцияға жолдаған видеожолдауында.
Әлемдік басқосуда сөз сөйлеген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еліміз тәуелсіздік алғалы бері 27 жыл ішінде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қаржыландыру көлемі 5 есеге артқанын айтты. «Соңғы 10 жылда аурулардың алдын алуға тікелей бағытталған шараларды көбірек қолға алдық. Жыл сайын еліміздің 2 миллион ересек тұрғыны скринингтік тексерістен өтеді, ал 5 миллион кісі 21 инфекциялық ауруға қарсы егіледі» деді ол.
Соңғы уақытта қоршаған ортаның бұзылуы, адамдардың физикалық қозғалысының аздығы, дұрыс тамақтанбауы созылмалы ауру түрлерінің көбеюіне әкеліп соқты. Енді бұрынғыдай инфекциялық аурулардан келетін қауіп азайғанымен, халықтың онкология, семіздік, қант диабеті тәрізді дерттерге шалдығу көрсеткіші өсіп барады. Бұл денсаулық сақтау саласын дамытуда тың амалдарды қарастыратын декларацияның қажеттігін туғызды. Сондықтан кешегі конференция барысында жаңадан Астана декларациясы қабылданды.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың түсіндіруінше,жаңа құжаттың бұрынғы Алматы декларациясынан басты айырмашылығы мы­надай. Біріншіден, Астана декларациясы цифрлық технологияларды қолдануда Үкіметтерден қосымша күш-жігер жұмсауды сұрайды. Яғни жаңа құжат 40 жылдан бергі ғылыми-техникалық прогресті есепке алып отыр. Бұдан бөлек, осы декларация­ға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарға құжаттағы қағидаттарды орындау бойынша талап күше­йеді. Өйткені кей мемлекеттердің осыдан 40 жыл бұрын қабылданған Алматы декларациясындағы міндеттерді іске асырып үлгермегендігі туралы ақпарат бар.

Денсаулықтың цифрлы көмекшілері

Аталмыш конференция шеңберінде Ұлттық музейде медицинадағы IT-технология­лар жайлы «Digital Health Astana» көрмесі ұйымдас­тырылды. Онда денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді барынша оңтайландыратын гаджеттер мен мобильді қосымшалар таныстырылды. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішовтің айтуынша, Қазақстан келесі жылдың 1 қаңтарына дейін медициналық қызмет көрсетудің электронды форматына толықтай көшпек.
Көрмеге келуші қонақтардың қызығушылығын туғызған отандық жобалардың бірі «DamuMed» мобильді қосымшасы болды. Бұл қосымшаның арқасында енді аурухана дәлізінде ұзын-сонар кезек күтіп отырмайсыз, бір тілім анықтама үшін күні бойы дәрігердің кабинетін торуылдамайсыз, ағзаңыз туралы зертханалық тексерістің жауабын үйіңізден аттап шықпай-ақ білуіңізге болады. Сонымен қатар, осы қосымшаның көмегімен дәрігерлердің де жұмысы жеңілдейді. Олар өздерінің аккаунттарына кіріп, науқастардың тізімі, қабылдаулар күнтізбесі, үйге шақыртулар және пациенттердің денсаулығына қатысты бұрынғы тексерістерді барлық кезде бақылап отыра алады.
Көрмедегі пайдалы цифрлық технологиялардың бірі «Med ID» білезіктерін де жұртшылық таңданыспен тамашалады. Ақылды білезікті қолдану үшін әуелі ішіне аты-жөніңіз, жасыңыз, қандай аурумен ауырғаныңыз және ауыратыныңыз, жақын адамдарыңыздың телефон нөмірі тәрізді ақпаратты енгізесіз. Төтенше жағдайлар кезінде сол білезік бетіндегі QR-кодты телефон камерасымен сканерлеу арқылы кез келген қарапайым адам немесе дәрігер сіз туралы мәліметті тез арада біліп, сізге соған сәйкес медициналық көмек көрсетіледі.
Беларусьтік делегация ұсынған «Flo» жобасы да көрме қонақтарының, әсіресе, қыз-келіншектердің ерекше назарын аудартты. Себебі бұл мобильді қосымшада қыз-келіншектердің денсаулығына қатысты ақпараттар базасы жинақталған. Жасөспірім қыздардың көбісі гинекологқа баруға қысылатыны рас, соның кесірінен өз ағзасының ерекшеліктері туралы аса біле бермеуі мүмкін. Аталмыш мобильді қосымшаны жүктеп алып, олар дәрігердің кәсіби кеңестерін өз смартфондарынан-ақ оқу мүмкіндігіне ие болады.

Туберкулезбен күрес күшейеді

Жаһандық жиынның келесі күні елорда әкімдігі мен «Стоп ТБ» серіктестігі арасында туберкулезбен күреске бағытталған «Zero TB» бас­тамасына қосылу ниеті туралы декларация рәсімделді. Құжатқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен «Стоп ТБ» серіктестігінің атқарушы директоры Лучика Дициу қол қойды. Осылайша Астана «Zero TB» қалаларының коалициясына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы шаһар болды.
– Жалпы, осы бағытта қала әкім­шілігі көп жұмыс атқарып жатыр. Соңғы жылдары елорда тұрғын­дарының туберкулезге шалдығу көрсеткіші төрт есе тө­­мендеді. Бүгінгідей меморандумдар бізге проблеманы шешудің жаңа жолдарын көрсетеді, – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.
Ал «Стоп ТБ» серіктестігінің атқарушы директоры Л.Дициудың айтуынша, ұлттық деңгейде туберкулез көрсеткішін нөлге жеткізу өте қиын. «Біз бұл дертпен күресті кішігірім аймақтардан бастау тиімді екенін түсіндік. Мұндай жағдайда қаржыландыру жағынан да аса үлкен қиындықтар тумайды. Біз қалалармен жұмыс істеуді мақсат еттік, өйт­кені нәтижесін көріп отырмыз. Тіпті ірі қалалардың өзінде бұл іс нақты нәтижесін беріп жатыр» деді ол. Ендігі шақта «Zero TB» бастамасы туберкулезді мейлінше ертерек анықтауға, өлім-жітіммен туберкулездің таралу көрсеткішін азайтуға қосымша қаржылық, техникалық және клиникалық ресурстарды жұмылдыруға көмектеседі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды