Вторник, 26 Сентябрь 2017
-->

ЗАМАН ӨЗГЕРГЕНІМЕН, АТЫ ӨЗГЕРМЕГЕН

Біздің ауыл Қабырға деп аталады. Кеңестік кезеңде күн көсем атанған Ленин атамыздың үйіндегі Н.Крупская әжеміздің есімін иеленген кеңшар болды. Бүгінгімен ресми баяндасақ, Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Қабырға ауылдық округі. Қазақы ұғыммен термелесек, Торғай жұрты аузы дуалы әулие, батыр деп дәріптейтін Сары Қошқар бабамыздың елі.

Біздің балалық шағымыз елдің берекесі тасыған, ауыл адамдарының көңілі теңіздей шалқыған, айдынында аққу-қаздар қал­қыған мамыражай уақытқа тап келді. Ол кезде уәлі сөзімен елді ұйытып отыратын қазыналы қариялар көп. Сондықтан ба, ауылда әдепсіз қылық, адам шошитын оқиға орын алған емес. Ел ағасы атанған Есімсейіт атамның бір ауыз сөзі – барлық адамға жазылмаған заң. Одан ешкім аттап өтпейді. Шағын болса да, алтын ұя мектебіміз де ыстық еді. Оған да Н.Крупскаяның аты берілген. Ол кезде кеңшарда 300-ден астам шаңырақ болды. Білім ордасында 500-600 оқушы оқыды. Енді айта берсе, соның бәрі ертегі секілді.
Тоқсаныншы жылдардың орта кезінен ауылдың басынан бағы тайды. Кеңшардың мыңғырған малы 2-3 жылда талан-таражбен таусылды. Жұмыссыз қалған жұрт жанбағыстың қамымен кіндік кескен жерінен амалсыз өзге өңірге қоныс аударды. Мектептегі бала саны азайды. Осындай бейнетті күндерді кешсе де, әйтеуір, ауылымыз жабылған жоқ. Аллаға шүкір дейміз! Сол үшін барлық қиындыққа төзіп, елден ірге аудармаған ауылдастарымның алдында басымды игім келеді. Туған жеріңіз болғанымен, туған ауылыңыз жоқ болса қандай қорқынышты?! Бүгінде білім беру ордасы жұмыс істеп тұр. Бірақ Н.Крупская атындағы негізгі орталау мектебі аталады.
Мәселе осы жерден шығады. Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Азат мемлекетпіз. Өз еркіміз өзімізде. Советтік дәуірден қалған көптеген елді мекендер мен мектептердің аттары қал-қадірінше өзгеріп жатыр. Ал біздің елдегі Н.Крупская әжеміздің есімі әлі өзгермеді. Ол кісінің де жаны сірі екен. Алып тас секілді қозғалмайды. Басқалар Н.Крупскаяның кім екенін білмейді, ал біздің балалар оның тарихын жатқа айтады. Өйткені… оны өзіңіз де біліп отырсыз. Міне, қазақы ауылдағы бір көрініс.
Жалпы, біздің Қостанайда кеңестік дәуірден қалған елді мекен, көше атауларының көбінің мұрты бұзылмаған. Сол қалпында «сары майдай» сақталған. Әсіресе, солтүстік өңірлерде жиі кездеседі. Көп жылдан бері облыстың зиялы азаматтары Таран ауданына, қазақтың біртуар перзенті, жазушы Бейімбет Майлиннің атын беру керек деп ұсыныс айтып келеді. Ол жайында мерзімді баспасөзде мәселе көтеріп, мақала жазды. Бірақ соны елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жоғары биліктен ешқандай нәтиже байқалмайды. Қазақ энциклопедиясында Лаврентий Таран 1892 жылы Қостанай облысында туған. Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан, большевик. Ал қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Биағамыздың есімін туған еліне қия алмай жүрміз.
Шындығында, біз өз ардақтыларымызды шынайы бағалап жүрміз бе? Қазақ қана емес, бүкіл түркі жұртына әйгілі Мұстафа Шоқайға берілген бас қаладағы көшені көріп, көңілім бұзылды. Асыл азаматқа берілген көше – Промышленный тұрғын алабындағы бұрынғы Перспективный көшесі. Ұзындығы – 1108,8 метр. Туған халқы үшін талай азапты көрген көрнекті қоғам қайраткерінің атымен елорданың орталық көшесіндегі үлкен даңғылдарды берсек артық болмайды деп ойлаймын. Азаттық үшін жан қиған атамыздың әруағы бір аунап түскен болар еді. Айта берсе, ономастика тақырыбында мәселе көп. Біз өзіміз көрген жағдайды ғана сөз еттік. Әйтпесе, өзге өңірлерде кеңестік өкіметтің «шекпенін» жамылған атаулар жеткілікті. Солардан қашан құтыламыз? Әлде оларды қызыл империя­ның көзіндей сақтағысы келетіндер бар ма? Мен соны түсінбей жүрмін.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*