«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЮНЕСКО АРДАҚТАҒАН – ӘЛИХАН

0 126

15068530_1066984130090276_8346563226031302480_o-2

1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтайы өтіп, Қазақ-Қырғыздың Алаш автономиясы жарияланған болатын. Алаш автономиясының төрағалығына Бақтыкерей Құлманұлы мен Айдархан Тұрлыбайұлы және Әлихан Бөкей­ханның кандидатурасы ұсынылады. Шынайы демократиялық жағдайда өткен сайлауда 79 депутаттың 40-ы Әлихан Бөкейханды жақтап, дауыс береді. Осылайша ол Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланған болатын.

Шынайы махаббат шырғалаңы

Биыл Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Ұлт көсемінің мерейтойы аясында оның саясаткерлігі мен мемлекет басқарған қайраткерлігінен бастап ғылыми публицистігіне дейін сан қыры сипатталып жазылды.
Бізді бұл жолы қызықтырған нәрсе Әлихан Бөкейханның отбасылық жағдайы болып отыр. Әлиханның жеке өміріне қатысты көпшілікті қы­зықтыратын оқиғалар жетерлік. Айталық, ол дүниеге сүндеттеулі күйде туылып, 6 жасқа дейін тілі шықпаған. Сондай-ақ, ұлт көсемі өз заман­дастарына қарағанда әлде­қайда кеш үйленген. Ер-азаматтың 35 жасқа дейін үйленбей, салт басты жүруі – ол заманда сирек кездесетін оқиға. Ал Әлекең өзінің сүйген жарын кеш жолықтырып, 35 жасында отбасын құрған екен. Тағы бір қызық жағдай, ол әйелі қайтыс болғаннан кейін 16 жыл бойы үйленбей жалғыз тұрған. Ұзақ уақыт үйленбеуі құдай қосқан қосағы Еленаға деген шынайы махаббат па, жоқ әлде қиын-қыстау замандағы мәжбүрлік пе еді?
Әлихан мен Елена 1901 жылы отбасын құрып, 20 жылға жуық уақыт бірге тұр­ған. Алаштанушы ғалымдар олардың арасында үлкен махаббат болғанын айтады. Мәселен, Әлекең әйелі қайтыс бол­ғаннан кейін 16 жыл бойы үйленбей, жалғыз тұрыпты. Алты алашты аузына қаратқан азаматтың қазақтан да, орыс­тан да бір қыз алып, отбасын құруына талай мүмкіндігі болған сияқты. Әйтсе де, ол 1921 жылдан бастап ату жазасына кесілген, 1937 жылға дейін үйленбей өмір сүрді. Белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, қыр баласы – Әлихан­ның ұзақ уақыт үйленбей жүруінің бірнеше себебі бар. Оның ең біріншісі Әлихан мен Еленаның арасында үлкен махаббат болса керек.
– Әлихан Бөкейхан 1916 жылдың ақпанында қазақты атты әскерге алу және халқына сайлау құқын қайтарып алу жұмысымен Самарадан Санкт-Петерборға кетеді. Сол кеткеннен 1918 жылдың көктемінде, араға екі жылдан астам уақыт салып, бала-шағасымен Алаш қаласында бір-ақ қайта табысады. Егер Әлихан әйеліне сенім біл­дір­месе, бірнеше жыл сыртта емін-еркін жүре алар ма еді? Елена Әлихан үшін от пен суды кешіп, көптеген қиын­шылық көреді, – дейді әлихантанушы.
Соңғы кездері Әлихан мен Еленаның үйленуіне оның қайын атасы қарсы болған деген әңгіме айтылып жүр. Әли­хантанушы ғалымның айтуынша, бұл – жаңсақ пікір. Яковлев қызына «Әрине, Әлихандай күйеу саған табыла қоймас. Алайда Әлихан мұсылман, ал сен христиан дінін ұстанасың. Бұған Әлиханның туған-туыс­тары қалай қарайды, сенің ортаң оны қалай қабылдайды? Осыны ойлан да, өзің шешім қабылда. Мен батамды бере­мін» деп батасын беріпті.

АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АҚИҚАТ

Мұсылман мен христиан дін өкілдерінің шаңырақ кө­теріп, өмір сүруінің қиын сәттері болмай қойған жоқ. Бұл арада Еленаның әкесі Яков Севастьяновтың «Әлиханның туған-туыстары саған қалай қарайды?» деп алаңдауы рас­талған тәрізді. Себебі, Әлихан Бөкейханның орыс қызына үйленгеніне оның анасы қарсы болған көрінеді. Әлекең шешесінен бата алуға барған кезде «Мойнына крест таққан келінімнің қалай маңдайынан сүйемін? Табалдырығымнан аттамасын!» деп қабылдамай қойыпты. Кейінірек Әлекең ауылына барған кезде Еленаны Шәкәрімнің ауылына тастап, өзі бала-шағасын алып, үйіне барады екен.
Бұл оқиға болашақ ұлт кө­семінің жүрегіне қаяу түсіруі әбден мүмкін. Десек те, бұдан да қиын жағдай Елена мен Елизаветаның арасында орын алған болатын. Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты ренжіген көрінеді – Сырым Бөкейхановтың әйелі Александра Бори­сов­наның айтуынша, Елизавета анасының есімін ешқа­шан аузына алмайтын көрінеді. Бірде маған Александра Борисовна «Елизавета шеше­сінің мұсылман дінін қабыл­дамағанына қатты наразы болған. Сондықтан да ол Еленаның барлық суретін жойып жіберген» дегенді айтып еді. Шынында таңғалатын жәйт: Еленаның бір ғана суреті сақталып қалды ғой. Ал оның неліктен бұлай жасағаны мен үшін жұмбақ. Ал өзі «Анам әкемді шын сүйсе, мұсылман дінін неге қабылдамады?» деп ренжіген деген ой да туады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Елизавета анасының мұ­сылман дінін қабыл­дама­ға­нына қатты наразы болуы әбден мүмкін. Дегенмен Әлихан Бөкейхан «мұсылман дінін қабылда» деп Еленаны күштемегені анық. 1921 жылы Семейде қайтыс болғанда Әлихан оны христиан дінінің барлық рәсімі бойынша жерлеген. Бұл оның Еленаға деген ерекше махаббаты болса керек.

ЕКІНШІ РЕТ ҮЙЛЕНДІ МЕ?
Әлихан Бөкейхан 1921 жыл­дың күз мезгілінде Еленаны жерлегеннен кейін туған жері Желтауға барып, бірнеше ай жатып алады. Міне, сол кезде Әлихан Бөкейхан екінші рет үйленіп, қызды болған деген алып-қашпа әңгіме айтылып қалады. Алайда ол екінші рет үйленгенін көпшіліктен қатты жасырған көрінеді. Кеңес өкіметі Әлекеңді 1922 жылдың желтоқсанында Мәскеуге мырзақамаққа алып кеткенде әйелі мен қызын тастап кеткен көрінеді.
– Әйтсе де, бұл сөздің шын­дыққа жанасатындай ешқандай дәлелі жоқ. Егер де шынымен мұндай жағдай орын алса, Әлекең әйелі мен қызын өзімен бірге алып кетер еді. Бұл – бір. Екіншіден, Әлихан Бөкейхан артынан ерген Алаш арыстары алдында өзін адамгершілік және моральдік жағынан үлгі ретінде ұстады. Егер ол екінші әйел алып, оны тастап кеткен болса, өзінен кейінгілерге жаман үлгі болар еді. Байқасаңыздар, Әлекең өмірден өткеннен кейін кейбір азаматтар бұзылып, бірнеше әйел ала бастады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Өз заманында Әлихан Бөкей­ханның айналасындағы жақын адамдары оған екінші рет үйлену туралы ұсыныс айтпай қоюы мүмкін емес. Алайда ол төсек жаңартуға құлшыныс танытпаған көрінеді. Мұның негізгі себебі, Еленаға деген махабаттан бөлек, қиын-қыстау кезеңдегі мәжбүрлік болуы әбден мүмкін. Себебі Кеңес өкіметінің қатаң бақылауында болғандықтан, оның екінші рет үйленіп, мамыражай өмір сүруіне мүмкіндігі болмады. Болған күннің өзінде ол «екінші рет үйленсем, оның басына қатер төндіріп алмаймын ба» деп сақтануы да әбден мүмкін. Оның үстіне бәлшебектер өздері жау деп санаған азаматының сыртынан оның өз әйеліне тыңшылық жасатып күзеттіріп қойған болатын. Талай құйтырқылықты көрген әккі саясаткер екінші рет үйленуді «басы артық мәселе» деп санаса керек. Ұзын сөздің қысқасы, Ақтоғай ауданынан шығып, Алты алаштың ардақтысына айналған ұлт көсемінің екінші рет үйленбеуі – біз үшін жұмбақ.

Тәуелсіз елге ұласты

Ал бір анығы, Әлихан Бөкейханның басқаруымен 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың тамызына дейін жұмыс жасаған Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі қыруар шаруа атқарды. Оның ең басты еңбегі қазіргі Қазақ елінің негізін, берік іргетасын қалап берді. Мысалы, 1920 жылдың тамызында Қазақ кеңестік автономиясы Алаш автономиясының негізінде құрылып жарияланды. Сондай-ақ, 1920-1927 жылдар аралығында Әлихан бастаған Алаш қайраткерлері қазіргі Қазақ елінің шекарасын анықтауға бар күш-жігерін салып, қазақтың ежелгі ата-
баба жерінің денін қорғап алып қалды.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды