«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ынтымақтастықтың жаңа белесі

0 96

Кеше Таразда Астана қаласының Жамбыл облысындағы күндері аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делегация өңірдегі өндірістік нысандарды аралады. Атап айтсақ, елордалық қонақтар «КазУпакТрейд» ЖШС-тің гипс пен гипсокартон шығаратын және «Қазфосфат» ЖШС-тің минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауытында болды.

Бұдан бөлек, астаналықтар «Астана–Жамбыл облысы өңіраралық ынтымақтастық» атты дөңгелек үстелге қатысты. Бұл басқосуда іскер топтар, даму институттары және мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық мүмкіндіктер, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, Смартсити тұжырымдамасы, қызмет көрсету салаларын дамыту, экономиканы цифрландыру сияқты мәселелерді талқылады. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша өңірлердің ынтымақтастығын арттыру, бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытында келісімдерге қол жеткізілді.
– Қазіргі таңда біздің елордамыз жаһандық деңгейдегі гуманитарлық, әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелер шешімін табатын әлемдік алаңқайға айналды. Бұл, әрине, Елбасымыздың еңбегінің жемісі. Биыл Астананың 20 жылдығы аясында барлық өңірлерде Астана күні өткізілуде. Мұндай мейрам жоғары деңгейде өтетінін көрдік. Барлық облыстарда жаңа нысандар ашылып жатыр, мәдени іс-шаралар өткізіледі. Мұның бәрі – елордамыздың 20 жылдығы – бүкілхалықтық мейрамға айналғанының көрінісі, – деді Ермек Аманшаев жиындағы сөйлеген сөзінде. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов инновациялардың орталығы болып табылатын елорданың жаңа технологиялары Жамбыл аймағында қолданылатынын жеткізді.
Осы сапар аясында аймақ­тардың тауар өнді­рушілері мен даму институт­тары арасында өзара ын­тымақтастық жөніндегі 7 меморандумға қол қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды