«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ядролық қарудан азат әлем үшін

0 18

Елбасы кітапханасында «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» атты халықаралық көшпелі көрменің таныстырылымы болды.

Бұл іс-шара Жапониядағы Қазақстанның елшілігінің қолдауымен Елбасы кітапханасы мен «Soka Gakkai International» (SGI), Ядролық қаруды жоюды қолдайтын халықаралық компания (ICAN) ұйымдастырды.
Көрме Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы жарылыстың 30 жылдығына, «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 10 жылдығына және еліміздің биылғы 29 тамызында әлемдегі 26-ншы ел болып ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялаған атаулы күнге арналды.
Көрменің ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов бұл тақырып Қазақстан мен Жапония халқын ғана емес, барша адамзатты толғандырған жаһандық қауіпсіздік мәселесі екеніне тоқталды.
Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацукихо Касаи атом бомбасынан зардап шеккен Жапония мен Қазақстанның тарихы ортақ екендігін айтты.
«Ядролық қарусыз әлем тақырыбы маған өте жақын. Өйткені мен атом бомбасынан зардап шеккен үшінші буын өкілімін. Менің әжем Нагасаки эпицентрінде атом бомбасынан зардап шеккендерге көмектесемін деп көп мөлшерде сәулеге шалдыққан еді. Сондықтан мен ядролық қарудан азат әлем құру ісін барынша қолдаймын» деді ол.
Көрме экспозициясы үш тақырыпқа бөлінген. Алғашқы «Біз үшін не қымбат?» бөлімінде Хиросима мен Нагасаки атом бомбаларының тарихи фактілерін келтіріп, қазірде ядролық қару қаупінің бар екенін баяндайды. «Ядролық қару мәселесі туралы көбірек біліңіз» атты екінші бөлімде ядролық қару мәселесі гуманитарлық, экологиялық, экономикалық, адам құқықтары және басқа да тұрғыдан қарастырылады. Үшінші «Біз қалайтын болашақ – әлемге деген көзқарасымызды өзгерту» деп аталған бөлімде қарусыздану саласында жеткен жетістіктер айтылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды