«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ядролық қақтығыс қаупі күшейіп тұр

0 158

Бүгін, 29 тамыз – Халықаралық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Ол бұдан он жылға жуық уақыт бұрын, 2009 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның бастама көтеруімен, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қабылданды. Бұл күн бекерден-бекер таңдап алынған жоқ. Себебі, тап осы күні, бұдан 28 жыл алдын, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен Семей ядролық полигонын жауып, жаппай қырып-жою қару-жарағын дайындауға үлес қосатын бір ошақты қатардан шығарып тастаған болатын.

Міне, осы даталы мерзімге санаулы күндер қалғанда, әлем тағы да ядролық қаруға байланысты шала бүлініп, дүрлігіске түсіп кетті. Бұған тамыздың 18-і күні Орта және жақын қашықтықтардағы ракеталар туралы келісімшарттан (ОЖҚР) шыққаннан кейін бірінші рет жер бетінен ұшатын орта қашықтықтағы зымырандарды сынақтан өткізуі негізгі дүмпу берді. Сынақ Калифорния штатындағы Сан-Николас аралында жасалды. Ол жаңа Block IV Tactical Tomahawk модификациясындағы BGM-109 Tomahawk ракетасын штаттық тік көлбеулі Mk 41 ұшырғыш қондырғысынан атуға арналды. Бұл жолы зымыран корабльдің бортынан емес, автомобильдің аспанға тігінен көлбеу қойылған тіркемесінен ұшырылды. Пентагон өкілдері оның 500 шақырымнан артық аумаққа қарымы жететінін мәлімдеді. Сөйтіп, 1987 жылы Михаил Горбачев пен Рональд Рейган қол қойған 500-ден 5500 шақырымға дейінгі аралыққа ұшып бара алатын жауынгерлік ракеталарды сынақтан өткізуге тыйым салу жөніндегі келісімнің бұзылғаны іс жүзінде дәлелдене түсті

Сарапшылардың айтуларынша, техникалық тұрғыдан келгенде, аталмыш сынақта пәлендей ерекше жаңалық та жоқ. Теңіз деңгейінде орналасатын «Томгавк» ракеталары бұған дейін де жердегі қондырғылардан бірнеше рет ұшырылған болатын. Мұнда тек ескермеуге болмайтын бір ғана деталь бар. Атап айтқанда, ОЖҚР келісімшартының VII бабы, 11-тармағына сәйкес, мұндай сынақтарды жасау жерде орналасқан ракеталар негізінде емес, тек таза сынақ мақсатын көздейтін стационарлық қондырғылардан ұшыру арқылы жүзеге асырылуға тиіс болатын. Ал 18 тамыздағы сынақ барынша шартты болғанның өзінде мобильді қондырғыдан жіберілді. Бұл бұдан екі апта ғана бұрын күшіне енген АҚШ-тың жоғарыда аталған келісімшарттан шығу жөніндегі ережесіне қарама-қайшы келетін еді.

Осылайша Вашингтон жаппай қарулануға бастайтын жорықтың дабылын бірінші болып қағып жіберді. Бұл, әлбетте, Ресей мен Қытай тарапынан бірден қарсы реакция туғызды. Соның нәтижесінде аталған екі держава да іле-шала Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарын өткізіп, қалыптасып отырған жағдайға байланысты өздерінің не істейтіндері мәселесін талқылады. Мұның бәрі жаһан жүзінде қайтадан ядролық қақтығыстың қаупі еселеніп күшейе бастады. Әлбетте, бұған әсер ететін басқа да факторлар бар еді. Мысалы,

АҚШ-тың орта қашықтықтағы ракеталардың ядролық оқтұмсықтарын Еуропаға, соның ішінде Польша мен Румыния аумақтарына орналастыруы жөніндегі алып-қашты әңгіме гу етіп, тағы көтеріліп кетті. Осы күндерде Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкидің бұл мәселенің НАТО-ның өз ішінде шешілуі керек екенін жеткізуі онсыз да бықсып жанып жатқан отқа май құйғандай әсер етті. Дегенмен, Солтүстік альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг сол екі ортада есін жиып алғандай болып, өздерінің жоспарларында мұндай әрекеттің жоқ екенін айтуы жалынды біршама бүріккендей болып шықты. Бірақ бірқатар сарапшылар Вашингтонның Еуропаға ядролық қару орналастыруы әбден мүмкін екенін, оның бір көздеген жері Польша болуы ықтимал екенін мәлімдеп те үлгерді. Сондықтан олар «таяқ тастам» жердегі Ресейдің мұны аяқсыз қалдырмайтынына,  дәл сондай деңгейде жауап қайтара алатынына еш күмән келтірмейді.

Шынында да егер Американың жаппай қырып-жою қару-жарақтары Польша мен Румыния жерінде орналасар болса, олардың белгілі бір аумақтарды атқылау үшін ғана әкелінетіні айтпаса да түсінікті. Мұндай жағдайда өзін бірінші нысан сезінетін Ресейдің қол қусырып қарап отырмасы заңды нәрсе болып көрінеді. Сол себепті әлем саясаткерлері Владимир Путиннің  23 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен кеңес өткізіп, онда Құрама Штаттардың Tomahawk қанатты ракета кешенінің 500 шақырымнан артық қашықтыққа қарымы жететін жаңа модификациясын сынақтан өткізілуіне орай туатын қауіп-қатерлер жайы талқылануын дұрыс қабылдады. Күткендей-ақ, Ресей президенті жиын үстінде Қорғаныс министрлігі мен басқа да профилді ведомстволарға бұған қайтарылатын симметриялық жауаптың тиянақты шараларын дайындауды тапсырды.

Путин отырыста сынақтың келісімшарт іс-әрекетінің тоқтағанына небәрі 16 күн өткеннен кейін жасалып отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, «бұл аяқ астынан бола салған нәрсе емес, ол көптен бері жоспарланып келе жатқан және жүзеге асыру көзделіп жүрген іс-шаралар тізбегінің кезекті буыны» болып табылады. Ресей президенті сондай-ақ мұның «Ресейдің аталмыш келісімшарт ережелерін сақтамай келе жатқаны туралы насихат науқанын көрсету» үшін ұйымдастырылғанын да алға тартты.

«Бұдан басқа, сынақ барысында Mk 41 әмбебап атқыш қондырғысының қолданылуы Ресей жағының АҚШ-тың келісімшарттың қолданыстағы кезіндегі қойып жүрген кінәратының негізсіз емес екенін көрсетіп берді», – деп мәлімдеді Путин осыған орай. Мемлекет басшысы Ресейдің бұған дейін америкалықтардың мұндай атқыш қондырғыларды құрғақта, Румыниядағы ПРО базасына орналастыруына және тап сондай әрекетті Польша жерінде де жасамақ болып отырғанын ОЖҚР талаптарын бұзу болып табылатынын бірнеше рет ескерткенін еске түсіріп өтті. «Бірақ америкалықтар Mk 41 қондырғысының теңіз базасындағы «Томагавк» қанатты зымырандарын атып шығаруға қабілетсіз екенін айтып, қасарысып тұрып алды. Енді мұның жалған болып шыққаны өзінен өзі айқындалып шыға келді, Мұны өздері де мойындады», – деді ол бұдан әрі.

Әрине, бұдан кейін Ресей бұған қандай жауап қайтарады, деген сұрақ туындайды. Ресей сарапшыларының басым бөлігі бұған тегеурінді қарсы соққы берілетініне бек сенімді. «АҚШ-тың мұндай дайындықты баяғыдан бері жасап келе жатқанында ешқандай күмән қалған жоқ. Оның келісімшарттан сол үшін шыққанына да ешбір шүбә бола алмаса керек. Вашингтон мұндай қадамға баруда Ресейдің «Искандерлерін» кінә етіп тақса, Қытайға ядролық әлеуетінің артып келе жатқанына реніш білдірді. Бұл жағдай енді Ресейдің де еркін қимылдауы үшін қолын шешіп берді. Біздің еліміз бұған дәл сондай жауап қайтарды. Президент келісімшарттың тоқтатылғаны туралы заңға қол қойды», – деді Ресей Сыртқы істе министрінің орынбасары Сергей Рябков.

«Ресей америкалықтарға міндетті түрде симметриялық жауап қайтарады, – дейді Саяси және әскери талдаулар институты директорының орынбасары Александр Храмчихин. – Бұған қоса, ОЖҚР-дан шығу Ресей үшін Вашингтоннан да гөрі мейлінше тиімді. Ресейдің қазіргі заманғы технологиясының деңгейін ескере келгенде, бұл бізге өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің варианттарын еркін таңдаудың барлық мүмкіндіктерін береді».

Иә, мұның бәрі әзірге сөз жүзінде айтылып жатқан пайымдар шығар. Бірақ егер Польща жеріне ядролық оқтұмсықтар келе қалатын болса, Ресейдің Калининградтан бөлек, Куба мен Венесуэла аумағында дәл сондай жаппай қырып-жою қаруларын апара алатынына сенуге болатын сияқты. Себебі, бұл елдер мұның алдында өздеріне Кремль тарапынан осындай ұсыныс түсіп жатса, оған қарсы болмайтындарын бірнеше рет мақұлдап үлгерген болатын. Ондай жағдайда әлемге сонау 60-шы жылдардың басында, Никита Хрущев пен Джон Кеннеди заманында орын алған Кариб дағдарысы сияқты екі қатерлі сәттің туындайтыны айдан анық.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды