-->

Визалық режимді оңтайландыру – «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында туристерді тартудың бір тәсілі

«ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында туристерді көптеп тартудың бір тәсілі – визалық режимді оңтайландыру. Бүгінде кейбір елдер үшін елімізде визалық тәртіп қарастырылмаған. Түркі­менстаннан басқа, ТМД азаматтары үшін есігіміз айқара ашық. Сондай-ақ, Моңғолия, Түркия, Аргентина, Сербия азаматтарынан да виза талап етілмейді.

organizatsiya-konkursov-k-ekspo-2017-800x445

Ашығын айту керек, көптеген елдермен виза алудың жеңілдетілген тәртібі бар. Бұл Қазақстан елшілігіне келіп, виза алу үшін жай ғана сауалнама толтырады дегенді білдіреді. Ол үшін рұқсат, шақыру, туристік ваучерлер, қонақ үйлерге тапсырыс беру секілді қосымша құжаттардың қажеті жоқ.
Егер виза алудың жеңілдетілген тәртібі орнатылмаған болса, онда визалық қолдау дегенге жүгінуге болады. Кез келген туристік агенттікке жүгіну арқылы Қазақстанға келгісі келген қонақ өз бе­тінше шақыру рәсімдей алады. Ол үшін дипломаттық өкілдікке бару керек немесе өз еліндегі туристік агенттіктің қызметін пайдаланған жөн.
Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды тіркеудің өзіндік қағидалары бар. Тіркеу кезінде оларға арнайы талон беріледі немесе төлқұжатқа мөр басылады. Кейде тіркеу талап етілмейді. Ал кей­бір ел азаматтары үшін 72 сағат ішінде тіркелу қарастырылған. Тіркеу үшін төлқұжатта Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі болуы тиіс немесе Қазақстанға келген билеттердің көшір­месі қажет. Ел ішінде жүріп-тұру еркін, Қазақстанның басқа қалаларына барған кезде қосымша тіркеудің қажеті жоқ.
Ресми дерекке сүйенсек, елорданың туризм саласында елеулі өсім байқа­лады. Мәселен, 1998-2016 жылдар ара­лығында Астанаға жыл сайын ағылатын шетелдіктердің саны 50 есеге артқан. Қазақстандықтардың саны 12,8 мыңнан 558 мың адамға көбейген. Елорда әкім­дігінің хабарлауынша, келушілерді орналастыру орындары көрсеткен қыз­меттердің көлемі жылына 200 миллионнан 18,2 млрд теңгеге ұлғайған.
Бас қалада туристік инфрақұрылымды дамытудың түрлі шаралары жүзеге асып келеді. Сауда-ойын-сауық орталық­та­рындағы ақпараттық дүңгіршектер мен үш тілде қызмет көрсететін қызмет­керлер саны артып келеді.
Баратын жерін тез әрі оңай табу үшін 140 жолнұсқағыш пен 100 пилон орнатылуда.
Сонымен қатар, welcometoastana.kz туристік интернет-порталы және «Astana Guide» ұялы қосымшасы іске қосылғаны белгілі. Қала қонақтарына арналған ресми Z-карта мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Astana Official Guide жолсілтеме-журналдың алғашқы басылымы шығарылды.
Алдағы уақытта пайдаланушыларға қажет тілде қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «Friendly Taxi» жобасын іске асыру жоспарлануда. Қызмет көрсету саласының сапасын жақсарту мақсатымен құрылған «Recommended by EXPO-2017» жобасы бойынша қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсету кәсіп­орын­дары мен көлік компанияларының тізімін оңай табуға болады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*