«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Виртуалды орталықтың мүмкіндігі мол

0 12

Елордада отырып-ақ еліміздің алуан аймағына сапар шеккіңіз келе ме? Орныңыздан жылжымай астанадағы айтулы ғимараттардың ішіне топ ете түсуді қалайсыз ба? Енді мұндай мүмкіндіктер қаладағы Оқушылар сарайына баратын әр балада бар.


Аталған ғимарат ішінен Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру аясында «Менің елім» атты ақпараттық-вир­туалды орталық ашылды. Салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов пен Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қатысты.
Залдың ерекшелігі сол, мұнда кірген балалар телефонға жүктелген мобильді қосымшаның немесе виртуалды көзілдіріктің көмегімен «Мәңгілік ел», «Абай әлемі», «Қазақстанның киелі жерлері», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Елбасы тұлғасы» секілді тақырыптық бұрыштарда көрсетілген ақпаратты 3D кеңістігінде тамашалайды. Біз де қызығып, «Менің мамандығым» бөлімін шолып шыққымыз келген. Көзілдірікті кигеніміз сол еді, Нұр-Сұлтан әуежайынан бір-ақ шықтық. Ғажайып аппарат арқылы сондағы күту залы, терминалдан бастап, ұшып-қону жолағына дейін «аралап», әуежай қызметкерлерінің жұмысын ішінен зерттедік. Бұдан бөлек, телекоммуникация, электр энергиясы, құрылыс, музей, білім беру салалары өкілдерінің де ісімен осылайша танысып шығуға болады екен.
Бүгінгі таңда Оқушылар сарайында 120 шақты үйірме жұмыс істейді. Оған 10 мыңнан аса бала келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды