-->

ВЕЛОСИПЕДШІЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН БА?

Елордалықтар арасында өз көлігін шетке қо­йып, велосипедпен бірнеше жүз шақырымды артқа тастап жүргендер бар. Көпшілігі «Astana bike» жобасы ұсынған велосипедті жалға алу жүйесін пайдаланады. Ал санаулы күндерден кейін төртінші веломаусым басталады, оған дайындық қалай жүріп жатыр? Бірге білейік.

23232

Соңғы деректерге сәйкес, миллион тұрғыны бар қалада 6900 адам велосипедті жалға алады екен. Ал қос дөңгелекті көлік иелеріне қалада жағдай жасалған ба? Оны астаналық Райхан Хасенова есімді велосипедшіден сұрап білдік. Оның айтуынша, қалада велосипедке арналған тегін бекеттердің саны көп емес. Сол себепті оны ұрлап кету оңай. «Досымның велосипедін құлыптанған күйінде дәл кіреберістен айдап әкетті. Ал «Astana bike» велосипедтерінің құлыптары өте мықты, оларға арнайы бекеттер бөлінген, онлайн тексеруге де болады. Содан болар, ешкімнің оны ұрлауға қауқары жетпейді» деп әңгімесін бастады ол.

Астананың бас жоспарына сәйкес, осы жылы веложолақты көбейту қолға алынады. «Жолдар болсын, болмасын, автокөлік жүргізушілердің қарым-қатынасы – бір бөлек мәселе. Кейде олар велосипедшілердің жолына кедергі келтіріп, соғып та кетеді» дейді Райхан.

Әуесқой велосипедшінің пікірінше, елордалықтарды қолжетімді көлікпен қамтамасыз еткен «Astana bike» жобасын қолдап, оның таралу аумағын кеңейту керек. «Тұлпарыңды өзіңмен бірге үнемі тасып жүру қиын, жоғалту қаупі де жоғары. Ең көп дегенде екі жыл жоғалт­пай ұстайсың, одан да сол ақшаға велосипедті бес жылдай уақытта жалдап тұра аласың» деп ойын қорытындылады ол. Айта кете­йік, бүгінде елордада жобаға қарасты 150 бекет пен 1000 велосипед бар.

Жаңа маусымның жаңалығы – абоненттік төлем екі есеге дейін көтеріліп, 10 000 теңгені құрады. Алайда студент, зейнеткер және үшінші санаттағы мүгедектерге 50 пайыздық жеңілдік сол қалпында қалды. Егер жалға алу уақыты 30 минуттан аспаса, жүріп өткен жолдың 80 пайызына ақы алынбайды. Бұл жоба басталғаннан бері төлем бағасы алғаш рет көтеріліп отыр. Ендігәрі «Astana bike» ішкі нарыққа кіріп, өз құнын өзі өтеуі керек. Қаржы жүйенің қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталмақ. Мәселен, осы жылы мобильдік қосымша мен сайт жаңарады, ал жазға таман қолданушылар істен шыққан велосипедтер туралы мәліметті sms-пен жібере алатын болады. Көлік кептелісінен құтқарып, Астана ауасын тазартуға өз үлесін тигізіп жатқан жоба жалғасып, жұрттың игілігіне айналса екен дейміз.

Гүлдана  ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*