«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Велосипед – ермек емес, күнділікті көлік құралы

0 21

«Astana bike» жобасы Қазақ­стан­да велоинфра­құрылымды және велопрокатты дамытуға жол ашты. Қазақстанда Velocity.kz қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтанда (Astana bike), Алматыда (Almaty bike) және Шымкентте (Shymkent bike) 3 ірі велошеринг жұмыс істейді.

– Алғаш 2014 жылы Астанадан 200 велосипедтен тұратын 40 бекет ашқанымызда, көліктерді жастар демалу, қыдыру үшін пайдаланады деп күткенбіз. Бірақ, олай болмай шықты. Велосипедті, негізінен, орта жастағы адамдар жұмысына барып-келетін көлік құралы ретінде пайдаланады екен, – деді «Velocity.kz» ҚҚ атқарушы директоры Алмагүл Қасымова.
Өйткені таңертең жұрт жұмысқа баратын 07.00-08.00 сағат аралығында қаланың оңтүстік бөлігіндегі велосипедтер солтүстік жағалауға жаппай ауып, кешке жұрт жұмыстан шыққанда, 18.00-19.00 са­ғат шамасында қайтадан кері көшеді. Сондықтан компанияның техникалық қызметкерлері босап қал­ған велобекеттерді көлік­термен қайтадан толықтыру үшін екі жағалауға кезек сабылады.
Велошеринг жүйесі о бастан табыс табуды көздеп құрылмаған. Мұндай жоба әлемнің еш­бір елінде орасан пайда әкелмейді. «Самұрық-Қазына» АҚ осы жобаны 2014 жылы әлеу­меттік мақсатта – велоспортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, велопрокат жүйесін өркендету үшін қолға алған болатын. Бұл идеяға Астана әкімдігі мен сол кездегі ҚР Спорт және денешынықтыру ісі жөніндегі агенттік бірден қолдау көрсетті.
Жұрттың да қы­зығу­шы­лығы жоғары болды. Сондықтан, жыл сайын велосипедтер саны артып, қаланың оң және сол жағалауындағы халық көп шоғырланатын орындардың бәрі велобекеттермен жабдықталды.
Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы мемлекет қаржыландырды, Алматыда жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады. Ол жоба бюджетінің үштен бірінің шығынын көтеріп тұр. Қазір елорда әкімдігі жобаны қаржыландыру мәселесі
туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.


Ұлттық компания велопрокат ісін дамытуға «Samruk-Kazyna Trust» қорынан 4 268 125 000 тг бөлді. Ал «Алматы» ӘКК» АҚ-тан одан бөлек 818 440 000 теңге түсуі керек еді, аударылғаны – 657 675 000 тг. Қалған 167,8 миллион теңгенің тағдыры әзірге белгісіз.
Автоматты көлік қою бе­кеті бар велопрокаттар – әлемде ең көп таралған, бірақ сонымен бірге ең шығынды технологияның бірі. Ең арзан деген кешен­нің өзінің құны мың вело­сипедке шаққанда 750 млн теңге және одан әрі. Қазақ­стандық жобаның ыңғайында ол 1 мың велосипедке шаққанда 1,38 млрд теңге шықты. Француздық Smoove компаниясының 3210 велосипеді және 420 бекеті 3 780 852 048 теңгеге бағаланды. Әлбетте, оның бәсі қолыңды тістейді. Бірақ бұл жерде, ең бастысы, өнімнің сапасына, сенімділігіне және қауіпсіздігіне мән берілді.
Қазіргі күні Нұр-Сұлтан­да 180 бекетте – 1280 велосипед, Алматыда 200 бекетте – 1730 велосипед, Шымкентте 40 бекетте 200 велосипед бар. Елордада қыс­тың қаттылығына байланысты велопрокат қызметі уақытша тоқтаты­лады. Ал Алматы мен Шымкентте ол жыл 12 ай үзіліссіз жұмыс істей береді.
– 2016 жылы елімізде велосипед тебушілер саны өте көп болды. Рекордтық көрсеткіш
8 мың адамнан асты. Бұл құбылыс жылдық абонементті сатып алғандарға қызмет көрсету жағдайын қиындатып жіберді. Сондықтан 2016 жылдың
1 шілдесінен бастап төлем карточкаларын рәсімдеуді уақытша тоқтаттық. Карточкаларды тіркеуді тек 2017 жылдың маусымынан ғана қайта бастадық, – деді Б.Қасымова.
Келер жылы да вело­си­­пед­құма­рлар қатары ке­міген жоқ. 7 037 адам жыл­дық абонемент сатып алған және 1 415 адам бір реттік СМС-қолжетімділігін қолданған. Бір жылда 3 210 велосипедті 700 мың рет пайдаланған. Яғни әр көлікті орташа алғанда 210 рет.
2017 жылы Қазақстанның велопрокат нарығына Velocity.kz-мен бәсекелес болып, автоматты құлпы бар «ақылды» велосипедтер технологиясымен жұмыс істейтін қытайдың Ofo компаниясы келді. Оның коммерциялық бөлімшелері әлемнің 21 мемлекетінде 250 қалада бар.
Ofo-ның сары велосипедтері Velocity.kz-мен салыс­тырғанда көп арзан, оларға көлік қоятын бекеттердің керегі жоқ, арнайы карточка мен міндетті абоненттік төлем талап етілмейді. Әрине, оңай қолжетімді болған соң, оның көліктерін ұрлау, сындыру фактілері жиі орын алды. Компания бұдан қанша шығынға батқанын мәлімдеген жоқ, дегенмен осы тектес қаржылық модельдердің толықтай қуатында жұмыс істегенінше велосипедтерінің 80%-ын жоғалтатыны белгілі жайт. Ал бұл қанша үнемді дегенмен, әр мың көлік 150 млн теңгеден кем емес. Нарықтың осындай қатал сәтсіздіктеріне ұшыраған қытайлық компанияның қарасы 2018 жылдан кейін ұшты-күйлі көрінбей кетті. Түбегейлі жабылмаса да, басқа нарыққа ауысып кеткені сөзсіз.
Нарық заңы «Velocity.kz» ҚҚ-ға да оңай тиіп жатқан жоқ. Ол 2018 жылға дейін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан қаржыландырылып келген, ал бұдан кейін велошеринг өзін-өзі қамтамасыз етуі тиіс деген шарт бойынша демеуқаржы тоқтатылды. Мамандардың есебінше, велопрокатты қалыпты жұмыс жағдайында ұстап тұруы үшін жылына 100 млн тг қажет. Сырттан ешқандай көмекке сүйенбесе, онда қолданыстағы велобекеттер мен пайдаланушылар санын кемі екі есе арттыру қажет. Әрі велопрокат ісін Қазақстанның басқа қалаларынан да ұйымдас­тыру керек болады. Оған сұраныстар да жеткілікті. Тек, еліміздегі басқа қалалары тұрмақ, Нұр-Сұлтанның өзінде велоинфрақұрылым қалыптаспаған. Қала ішінде небары 12 км веложол салынған. Мұндай жағдайда велопрокатты дамыту қиын.
Қалада велопрокатшылардан басқа, өз көліктерімен жүретін серуеншілердің қарасы қалың. Velocity.kz ұйғарымымен осы қыруар көліктер үшін сервистік жөндеу орталықтарын ашу жайы ойластырылып жатыр. Одан түскен қаражат көптеген проблемаларды шешуге септігін тигізер еді.
2019 жылдың 1 мамыры­нан бастап Astana bike жобасы автоматтандырыл­ған велопрокат жүйесінің алтыншы веломаусымын ашты. Мұнда көпбалалы отбасыларға, студенттерге, зейнеткерлерге, кедей және кемтар жандарға 50 пайыз жеңілдіктер қарасты­рылған. Velocity.kz, сондай-ақ көптеген ағарту және қайырым­дылық шараларына қатысып, демеуші болып келеді. Қоғамдық қордың жыл сайынғы әлеуметтік қорғау ба­ғытындағы жалпы бюджеті 52 340 470 теңгені құрады.
Биыл көпшілік тұрақты пайдаланушылардың тілегі бойынша қосымша та­риф­тер бекітілді. Енді қала­лық­тар абонементті кез келген уақыттық мерзімге сатып ала алады: 1 ай, 3 айға, 1 жылға. Сонымен қатар, SMS тарифтеріне де өзгертулер бар. Бұл жаңашылдықтардың бәрі клиенттерге қолайлы болуы үшін ойластырылған.
Бүгінде елордалықтарды Astana bike-тың 20 маманы велопрокат ісімен қамтамасыз етіп отыр. Олардың күнделікті жұмысы 8.00 сағаттан басталып, таңғы 04.00 сағатқа дейін жалғасады. Түн ортасы ауғаннан кейін компания техниктері қаладағы барлық бекеттерді аралап, оның бос жетекте­рін көлікпен толтырып қоя­ды. Өйткені тұрғындар та­ңертең жұмысқа шыққанда велобекеттер толықтай жабдықталып тұруы тиіс.

Дәулет АСАУОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды