Василий КРАСЬ, «Вечерняя Астана» газетінің фототілшісі: «60 ЖЫЛДЫҒЫМА – 60 ФОТОСУРЕТ»

12 қараша күні елорданың белгілі фототілшісі Василий Крась 60 жасқа толады. Осыған орай жақында фотошебердің жеке көрмесі ашылды. «Астана ақшамы» газетінің ұжымы да көрмеге бас сұғып, автордың өнер жолымен толығырақ танысып қайтты. «Elorda Aqparat» медиа ресурсының басшысы Қайсар Жұмабайұлы көрменің ашылу салтанатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің фототілшіге арнаған құттықтауын оқып берді.


– Қашан көрсем де әкем қызыл шам мен ұлғайтқышты, фототаспаны қолынан тастамайтын. Фотосуретті басып шығару үшін қара бөлмеге кіріп алып, біраз уақытқа дейін сол жерден шықпайтын, – деп әңгімесін бастады біздің бүгінгі кейіпкеріміз. – Ақ қағазда әп-әдемі суреттің басылып шыққанын өз көзімен көру кішкентай балаға қалай әсер ететінін айтпаса да түсінікті. Оны ғажап құбылысқа теңеуші едім. Әкем Владимир жай ғана әуесқой фотограф еді, Зорький-4 деген пленкаға түсіретін. Мектеп жасымда маған да «Смена 8М» фотоаппаратын сыйға тартты.

Бірақ әке-шеше баласының нан тауып жей алатын мамандық иесі болса екен дейді. Осылайша инженердің оқуын оқытады. Бірақ сол уақыттың өзінде фотоаппарат қолынан түспейтін. Кеңес заманында халықтың тұрмыстық қажетін өтеу қызметінде жұмыс істеді. Онда қазіргі фототілшілер сияқты фотоаппаратты арқалап жүргендер тапсырмаға баратын болған. Василий Владимирович те балабақшадағы таңертеңгілікті, той-томалақты, кеңшардың қайнаған тіршілігін тапсырыс бойынша түсіріп жүрді.
Фототілшілікке енді-енді бет бұра бастаған шағында, фотоның ешкімге керегі болмай қалды. Сонау 90-жылдары қарапайым халық тек құжат пен төлқұжатқа тапсыру үшін 3×4 фотоға кезекке тұратын болған. Бұл өмір өткелінен де өтті.

«Вечерняя Астана» газетіне жұмысқа тұруы да қызық болды. Газетте тілші болып жұмыс істеп жүрген Ильмира Гильманова деген досы репортаж түсіруге шақырады. Түсірген фотоларды редакцияға барып, компьютерге жүктеу керек. Ильмира Гильманова «Бас редакторға кіріп шық» деп кабинетінің есігін нұсқайды. Сол кездегі газет басшысы Владимир Коченов «Фотоаппаратыңыз, ұялы телефоныңыз бен жеке көлігіңіз болса, осы бастан газетте жұмыс істеймін деп ойлай беріңіз» депті. Бүгінде кәсіби маманның «Вечеркада» жүргеніне 14 жыл толып отыр.

«Суретке баға беру үшін фотосуретші мен фототілшінің ара жігін ажыратып алу керек» дейді Василий Крась. Оның сөзіне қарағанда, «Фотосуретші түсірілімге ұзақ дайындалуы мүмкін. Жарықты қойып, кадрдағы адамның басын оңды-солды бұрып, бәрін ретке келтіріп алуына болады. Ал фототілшіде мұндай мүмкіндік жоқ». Иә, жақсы кадрды түсіруге уақыт тапшы. Кәсіпқой қас-қағым сәтті ұстап қалуы керек. Ол кезде фотографтың ішкі түйсігі мен тәжірибесі көмекке келеді. Василий Владимировичтің жеке көрмесінде де тек кездейсоқ түсірілген кадрларды байқадық.

Астанамен бірге өсіп-өніп, талай туындылардың авторы атанған фототілшінің бір арманы бар көрінеді. «Өмірімде тың дүниені түсіруді армандаймын. Сол кадр адамдарды ерекше сезімге бөлеп, таңғалдырса екен деймін» дейді ол.

Фотошебер заман өзгеріп, технология дамып, адамзат ең озық фотоаппаратты ойлап тапса да, адамның көз жанары көрген нәрсені объектив ешқашан көре алмайтынына сенеді. «Шеберліктің шыңы деп өзің аңғарып алған әдемі көрініс пен объектив түсірген кадрдың сәйкестігі шығар, сірә» деп ой толғайды фототілші.

Фотоның авторы: Василий КРАСЬ

Бүгінде Василий Владимирович әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, небір қызықты кадрларды жинақтап астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынады. Елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында ұйымдастырылған көрмеге кіру тегін. Экспозиция қарашаның соңына дейін жалғасады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған