«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Вахш жазығынан ескен леп

1 164

Тәжікстан бізбен іргелес көрші емес. Бірақ сан ғасырдан бері бір өңірде қатар өмір сүріп келе жатқан бес елдің біріне жатады. Көне соғды жұрағаты біздің бір көшенің бойында тұратын қоңсымыз сияқты. Бұдан бір апта бұрын ежелден етене сол елдің Вахш жазығында жатқан астанасы – Душанбе қаласынан жұртты елең еткізетін бір хабар тарады…

Сол 7 ақпан күні Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы – Маджилиси Олий елдің сайлау туралы заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, президент пен парламент мүшелігіне кандидаттардың ең төменгі жас мөлшерін бекітті. Осыған сәйкес, бұдан былай Тәжікстанның 30-ға толған әрбір азаматы елдің президенті немесе парламент жоғарғы палатасының депутаты болып сайлана алады. Бұл түзетулер 2016 жылғы 22 мамырда өткен бүкілхалықтық референдумның қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерден туындады. Онда президенттің орынтағы мен парламент сенатының депутатына үміткерлердің төменгі жасы 35-тен 30-ға дейін түсірілген болатын.

Өзгерістердің ішінде президенттікке үміткердің өзін-өзі ұсыну құқығы да бар. Бұрын елді 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон Конституцияның қолданыстағы нормаларына сәйкес, 2020 жылғы сайлауда өз кандидатурасын ұсына алмайтын. Енді жаңадан ұсынылған түзетулерге орай  шектеусіз ұсына алатын болды. Бұл Конституцияның кезекті тармағына дендеп енгізілген: «Аталмыш баптың төртінші бөлігінде қарастырылған шектеулердің Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт лидеріне қатысы жоқ. Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт лидерінің құқықтық мәртебесі мен уәкілдігін конституциялық заң анықтайды», деген тұжырымда нақтыланған. Ал 65-баптың 4-бөлігі елдің басқа азаматтары үшін бір адамның өз кандидатурасын мемлекет басшысы лауазымына екі реттен артық ұсына алмайтыны туралы тәртіп өзгеріссіз қалды.

Сарапшылар қазір жоғарыда келтірілген түзетулер, қажет бола қалған жағдайда, Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустам Эмомалидің 2020 жылы өз кандидатурасын президенттікке ұсына алуы үшін жасалғанын айтып жатыр. Қазір Душанбе қаласының әкімі болып қызмет атқарып жүрген Рустам өткен жылғы желтоқсанда ғана 30-ға толды.

Енді «Тәжікстан Республикасының президентін сайлау туралы» Заңға енгізілген осы екі өзгеріс елдің болашағын да шешіп беріп отырғандай болып көрінеді. Мұның үстіне, 2015 жылдың соңында парламентте қабылданып, 25 желтоқсанда президент бекітіп берген «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт лидері туралы» Заң қазіргі президенттің ел басқару ісіне өмір бойы араласа алатынын білдіретін еді. Атап айтқанда, Эмомали Рахмонның президент орынтағынан кеткеннен кейін де халыққа үндеу жариялап, жеке үн қату, маңызды мемлекеттік шараларға қатысып, онда сөз сөйлеу құқықтары сақталып қалады. Заңға сәйкес, Ұлт лидерінің барлық ұсыныстарын мемлекеттік құрылымдар орындауға міндетті, ал маңызды ішкі және сыртқы проблемаларды шешу тек оның келісімінен кейін ғана жүзеге асырылатын болады. Ұлт көшбасшысы мемлекетті басқарған жылдарында жасаған әрекеттері үшін ешқашан жауапқа тартылмайды, оны ұстауға, қамауға және тінтуге тыйым салынған. Мұндай тыйымдардың Ұлт лидері мен оның жақындарының қозғалатын және қозғалмайтын мүліктеріне тиюге де қатысы бар.

  Осы екі ортада елдің мемлекеттік деңгейде кепілдендірілген қарызы күрт көтеріліп кетті. Ол өткен жылғы қыркүйек айында ішкі жалпы өнімнің 50 пайызынан асып түсті. Сарапшылар мұндай алабөтен өсімге мемлекеттің инвестициялық жобалары үшін тартылған кредиттер, энергетика секторына қолдау көрсету үшін жасалған ішкі қарыздар амал-айлалары, 500 млн. доллар мөлшерінде еурооблигациялар шығару әрекеттері негізгі фактор болғанын айтады. Елдің жалпы қарызының негізгі бөлігін бұрынғыша сыртқы берешек құрайды. Оның да жартысынан астамы Қытайдың еншісіне тиеді. Ал жалпы сыртқы қарыздың көлемі қазіргі таңға 2,8 млрд доллардың белдеуінен асып өтті. Осының бәрі бюджет толтыру ісіне біраз қиындықтар келтіріп отыр.

Тәжікстан бюджетінің бір бөлігін сырт жақтарда жұмыс жасап, табыс әкеліп жүрген мигранттар толықтыруда. Сондықтан елде мигранттар саясаты ерекше орын алады. Бүкіл Орталық Азия мемлекеттері арасында олардың мәселесімен айналысатын арнайы министрлігі бар жалғыз ел де Тәжікстан. Душанбе оны «Еңбек, миграция және әлеуметтік қорғау министрлігі» деп атайды. Егер 2017 жылы республикада 9 млн 989 мың халық тұрған болса, соның 1 млн 580 мыңы Ресейде жұмыс істеп, келіп-кетіп тұрған. Олардың басым бөлігі Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысы төңірегіне шоғырланған.

Ресейдегі тәжіктер айына орташа 28 мың рубль жалақы алады. Бірақ бұл осында келіп жұмыс жасап жатқан бұрынғы одақтың басқа республикалары өкілдеріне қарағанда едәуір төмен. Мәселен, ашық жұмыс жасап жүрген Грузия мен Әзербайжан азаматтары орта есеппен 36 мың рубльден қалтаға басса, Қазақстан азаматының жалақысы – 32 мың, Өзбекстан мен Қырғызстан өкілдері 30 мың рубльді құрайды. Мұның өзі мұнда Памир тауларының етегінен келген азаматтардың арзан жұмыс күшіне бағаланатынын көрсетеді.

Тәжік мигранттары төңірегіндегі проблемалар мұнымен бітпейді. Оларға күні кешеге дейін Ресейде жұмыс істеу оңайға соққан жоқ. Мұндағы бар мәселе жасырын келіп, жұмыс жасағандар жайында болып отыр. Олар қолға бірнеше рет түсіп қалғаннан кейін қайтадан елге кіргізілмейтін. 2017 жылдың көктемінде осындай қара тізімге еніп қалған 280 мың тәжіктің 120 мыңына рақымшылық берілді. Осыдан кейін жағдай біршама оңала бастады.

Өткен жылдан бері Ресей қалаларында тәжік тілін білетіндерді жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар көбейе түсті. Оларда көбіне-көп көкөніс базаларына, ірі сауда орындары мен Call-орталықтарға тұтынушылармен жұмыс жасау үшін осы тілді білетін менеджерлер және қызметкерлер шақырылады. Қазір сонымен бірге көптеген қалаларда тәжік тілін үйрететін курстар ашылып жатыр.

Ресей өткен жылдың басынан бері тәжік мигранттары үшін қартайған кездерінде елдің зейнетақысын тағайындауға рұқсат беретін заң шығару мәселесі қарастырылуда. Бұл, әлбетте, елдегі тәжік диаспорасының күшейіп келе жатқанын байқатады. Ал Тәжікстанның өзінде демографиялық үдеріс өте жоғары қарқында. Республика тәуелсіз алған кезде мұнда 5 миллионнан сәл ғана асатын халық бар еді. Қазір ол 9 миллионға жақын қалды. Ел үкіметі қазір қауырт көбейіп келе жатқан ұлт проблемасын басқа елдердегі диаспора есебінен шешуге ұмтылып отырған сияқты.

 

Серік ПІРНАЗАР

  1. Әділ :

    Тәжікстан бізден үлгі алып жатыр ғой.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды