«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үздік ұстазға – жарты миллион теңге

0 8

Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында «Әдістемелік қызметтің тиімді моделі» атты байқау өз мәресіне жетті. Жарысқа шаһардағы білім беру мекемелері директорларының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары қатысты.

– Конкурсқа 22 өтінім келіп түсті. Бірінші кезеңде қатысушылардың «Жаса, сынап көр, ізден және өзіңді дамыт!», «Мұғалім үшін мен кіммін – дос, мұғалім, тәлімгер?..», «Заманауи буын оқушылары мұғалімнен кімді көргісі келеді?» тақырыптарына жазған эсселері тексеріліп, 10 педагогтың жұмысы іріктеліп алынды. Екінші кезеңде үміткерлер өздері жасаған әдістемелік қызметтік тиімді модельдерін таныстырып, «Зияткер» блиц-турнирі бойынша сынға түсті, – дейді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев. Конкурс нәтижесінде І орын №79 мектеп-лицейдің педагогы Әсия Сыздықоваға бұ­йырып, оған 500 мың теңгенің түбіртегі табысталды.
– Мен бүгінгі байқауда біздің мектептің әдістемелік қызмет моделін түсіндірдім. Онда кадр менеджментіне қатысты инновациялық технологияларды енгізуге ерекше тоқталдым. Мәселен, тәжірибем барысында мектеп мамандарымен CASE-сұхбат жүргізу, «360 градус», эмоцияларды басқару, коучинг секілді тәсілдер жеміс беретініне көзіміз жетті, – дейді жеңімпаз.
Сондай-ақ, ІІ орын иесі Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің педагогы Үмітшах Қыстау­баеваға – 400 мың теңгелік, ал ІІІ орын иесі Көлік және коммуникация колледжінің педагогы Жанат Мылтықбаева 300 мың теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды