ҮЗДІК ҰЙЫМ АТАНДЫ

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындысы бойынша Астана қаласының Мемлекеттік академия­лық филармониясы «Үздік мәдени ұйым» құрметті атағына ие болды.

Әлемдік көрме уақытысында, яғни биылғы 10 маусым-10 қыркүйек аралығында өнер ұжымының әртістері тыным көрмеді деп айтсақ та болады. Осы кезеңде филармонияның шығармашылық ұжымдары өнерсүйер қауымға жалпы саны 191 концерт ұсынды. Соның ішінде 14 концерт Астанадан тыс, Қазақстанның қалалары мен облыстарына жасалған гастрольдік сапарларда қойылды.
Өз шаңырағында өткізген концерттермен қоса елордалық филармония
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу және жабылу салтанатына, «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені мен аламан бәйгеден ҚР Президентінің кубогы үшін өткен жарыстың ашылуына, триа­тлоннан ҚР кубогының ІІІ кезеңінің концерттік бағдарламасына, «Үркер» сыйлығын тапсыру салтанатына, КСРО және
Қазақстан халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенованың «Қазақ операсының аңыздары» атты жобасы аясындағы концертке қатысты.
«ЭКСПО-2017» шеңберінде «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өткен Амброзио Спараньи жетекшілік еткен Италия халық оркестрінің концертіне және «Астана Опера» театрында Густав Малердың №8 симфониясын орындау үшін мыңнан аса музыканттың басын қосқан күрделі жобаға атсалысты.
Филармонияның шығармашылық ұжымы жаз бойы «Шыңғысхан», «Алпамыс», «Күй атасы – Қорқыт», «Қыз Жібек пен Сансызбай», «Жасай бер, Қазақ елі!», «Алтай – Тарбағатай әндері», «Өлең сөздің патшасы», «Азия дауысы» сынды көптеген ірі концерттер өткізді. Сонымен қатар, өнер ұжымының танымал әртіс­терінің жеке концерттері де көпшілік назарына ұсынылды.
Бұған қоса, «Астана самалы» VIII халықаралық үрмелі аспаптар оркестрлерінің фес­тивалі, «Серпер» V республикалық қазақ халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тлеу­баевты еске алуға арналған «Шашу» халық биінің II халықаралық фес­тивалі сынды үш ірі музыкалық шара филармонияның тікелей ұйымдастыруымен өтті. Бұл фестивальдер барысында қалалық алаң, «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаң және елорданың «Астаналық», «Студенттік», «Жерұйық» саябақтарындағы алаңдарда шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Филармонияның көркем­дік жетекшісі Сәкен Әбдірахмановтың бастамасымен «Ұлы дала» атты бірегей жоба қолға алынды. Жоба аясында өнер ұжымының барлық шығармашылық бөлімдері әр бейсенбі және жұма күндері «Астана» концерт залының алдындағы алаңда өз өнерлерін ортаға салды.
Бүгінде Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы елорданың жетекші концерттік-ағартушылық мекемелерінің бірі екенін танытты. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінен кейін өнер ұжымы демалысқа кетті. Ал жаңа маусымда өнер ұжымының көрерменге ұсынар қызықты концерттері көп.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

ҚУЫРШАҚТАР ТЕАТРЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Астана қаласының Қуыршақтар театры Малайзияның Борнео аралында өткен «Тропикалық орман-2017» дүниежүзілік қуыршақтар карнавалынан олжалы оралды. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған