Понедельник, 26 Июнь 2017
-->

ҰЯТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

…Ойыма бала кездегі бір оқиға түсіп отыр. Ауылда Ерғали деген жақын ағамызбен көрші тұрдық. Көп сөзі жоқ, кісіге қайырымы мол, біртоға адам еді. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбекпен нанын тауып, отбасын асырап жүрген азамат. Сол кісі екеуміз бірде әзілдесіп тұрып сөзге келіп қалдық. Әрине, ол менің құрдасым да, жездем де емес. Бірақ өзінің балалармен ойнағанды жақсы көретін қуақы қылығы бар еді. Мен де байқамай әдепсіз сөзді төбеден қойғандай айтып салдым. Ол кісі болса сол мезетте сілейген қалпы тұрып қалды. Әуелгіде түсінбей қалды-ау деймін, не айтарын білмей кідіріп, біраздан кейін, «Әй, сен не айтып тұрсың деп», маған қолындағы ағашын сілтеп жіберді. Зып етіп, қаша жөнелдім. Өзім де не болғанын түсінген жоқпын. Сонда мен алтыншы сыныпта оқимын. Дегбірім басып үйге келдім. Содан кейін ше…
Байқамай аузымнан шығып кеткен әдепсіз сөзім үшін, қарадай қара терге түстім. Бетімнің оты шықты. Оның бізге жасаған жақсылығы көп еді. Анам не айтса да бұлжытпай орындайды. Сіз-біз десіп отырған құдайы көршіміз. Содан ағамның анадайдан қарасы көрінсе қашатын болдым. Осылай сабылып үш ай жүрдім. Ақыры, бір күні жүзбе-жүз кездесіп қалдық. Бұлтаратын жер жоқ. Ұялып, әдепсіз қылығым үшін кешірім сұрадым. Ол кісі ләм деген жоқ. Бар болғаны «ұят деген асыл дүниені ұмытып кетпе» деді. Осы оқиға маған өмір бойы сабақ болды.
Рас, бала күнімізде үлкендерден «ұят болады» деген сөзді жиі естіп өстік. Ұстаздарымыз да осы ұғымды бойымызға сіңірді. Қазақы тәрбиенің негізі ұят, обал-сауаптан тұрады ғой. Біреуге артық сөз, бөгде қимыл көрсетіп қойсақ ұятымыз үшін жерге кіріп кетуге бармыз.
Бүгінгі таңда адами құндылықтардың барлығы өзгеріп барады. Баяғыдай, кесір әдеттерді тыйып отыратын үлкендер жоқ. Әркім өз білгенімен, өз түсінгенімен өмір сүруде. Әсіресе, қалалық жерде ұятты белден басатындар көп. Оның себебі де бар. Ауылдық жерде барлығы таныс. Кімнің не істеп, не киіп жүргендігін көріп отырады. Ал, қаланың жөні бөлек. Мұнда ешкім-ешкімді танымайды және оған назар да салмайды. Әркім өз тірлігімен әуре. Сондықтан қалаға келген жастар үшін «тәйт» деп отыратын әке-шеше де жоқ, өзім білем дейтін кең­шілік көп.
Бірде қоғамдық көлікке мінген едік. Ығы-жығы адам. Бір кезде артқы жақтан ұялы телефонмен айқайлап сөйлескен дауыс шықты. Біреудің жер-жебіріне жетіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, сыбап жатқан жігітке жалт қарадық. Қоғамдық көлікте келе жатырмын деген қымсыныс жоқ. Өз үйінің төрінде отырғандай дөрекі тіл қатады. Амалсыздан, өзге ұлт өкілдері алдында жүзімізді төмен түсіріп, өзіміз ұялдық. Міне, осындай жағдайлар жиі ұшырасады. Жалпы, қоғамдық көліктен өмірден кішігірім болса да көрінісін көресіз. Түрлі – түрлі мінездерді бағамдайсыз.
Таяуда бір тойда болдық. Асаба жігіт қара сөзге ағып тұр. Арасында әдепсіз сөздермен тұздықтап, жұртты күлдіріп қояды. Жымидық та қойдық.Үзілісте ойын басталсын. Жасы үлкені бар, кішісі бар барлығы жиналып ойынның қызығына түсіп кетті. Шешіндірді ме, билетті ме, әйтеуір, ойына не келді соның барлығын жасатты. Сонда, оған «әй, жігітім, мынау ұятты іс қой» дегенді ешкім айтқан жоқ. Қайта оның тапқырлығына барлығы мәз болып жатты. Кейінгі кезде осындай оқиғалар әлеуметтік желілерде де белең алды. Бұл да бір ұлтымыздың асыл қасиетінен алыстап бара жатқандығын көрсетеді.
Ұят туралы ұлыларымыз да айтып кеткен. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар» деп төгілтіп жазып кетті.
Шынында, ұяты мол адам жамандыққа бармайды. Оның бойына ізгілік қасиет ұялаған. Ертеректе, ауылда осындай киелі адамдар болды. Әрине, ел іші – кеніш, әлі де болуы мүмкін. Олар ұят пен адалдықтың өлшемі еді. Жастар соларға қарап үлгі алатын. Қазір, үлгі тұтатын тұлғалармызда азайды.
Көрнекті жазушы Марал Ысқақбай ағамыздың «Ұят туралы аңыз» атты кітабы бар еді. Расында, ұят деген ұлы ұғым аңызға айналып кетпесе екен!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*