«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстазым екінші әкем болды

0 76

(эссе)

Өмірде ұстаз атаулыдан жолы болған жанның бірімін. Менің зор бақытым да сол. Мектепте қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәбира апайым әр шығармама «5» баға қоятын еді. Соның әсері шығар, өскенде журналист болуды армандадым. Сол арманыма қол жеткізуіме екінші әкем – Зақаң көмектесті. Зақаң дегенім – Қарағандыда журналистік мамандыққа оқытудың негізін қалаушы, баспасөз тарихшысы, абайтанушы және абылайтанушы, көрнекті ғалым, Қазақстанның құрметті журналисі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Сыздықұлы ТАЙШЫБАЙ.

Шәкірттері мен әріптестері «Зақаң» деп атап кеткен адам туралы көп нәрсе жазғым келеді. Бұйырса, ол – алдағы күннің еншісіндегі іс. Бүгін Зақаңның кісілік қыры, адамгершілік қалпы туралы айтайын. Шынымды айтсам, өз ұстазым екінші әкеме айналады деп ойламаппын. Әрине, маған өмір сыйлаған, тәлім-тәрбие беріп, бақытты етіп өсірген әкем мен анама мәңгі-бақи қарыздармын. Жалындаған жастық шағымда дұрыс бағыт-бағдар беріп, ең әуелі азамат болып қалыптасуыма себепкер, тәлімгер бола білген Зақаң мен ол кісінің жұбайы, барлық шәкірттерінің «Анасы» атанған Гүлнар апайым дер едім.

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Ескендір Зұлқарнайын. Мен де Ескендір патшаның сөзін қайталағым келеді. Әрі ұстазым, әрі әкем Зақаңнан арлылық пен мейірімділік, батырлық пен әділдік, адалдық пен қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойыма сіңірдім. Зақаң маған күшіме емес, адал ісіме сенуді үйретті. Адал арымның – ақ мамық жастығым болатынын санама сіңірді. Шындыққа деген сүйіспеншілікті өмірлік ұстаным етуге баулыды. Сол үшін де ұлағатты ұстазыма мәңгілікке қарыздармын.

Студенттік шақтағы бір оқиға ешқашан есімнен кетпейді. 3-курстың соңында сессияға дайындалып жүрген кезіміз. Мен ақылы бөлімде оқитын едім. Оқудың «пұлын» төлей алмадым. Сабағым, тәртібім – бес. Бірақ ақша төлемеген соң, оқудан шығарылатындар тізіміне кіріппін. Тобымдағы қыздардан естіген «жаңалық» төбемнен суық су құйып жібергендей әсер етті. Ештеңе ойламастан бірден Зақаңа бардым. Мән-жайға қаныққан Зақаң: «Жағдай қиын. Жүр кеттік!» деп мені ертіп, сыртқа беттеді.

Екеуміз Университет көшесіндегі ҚарМУ-дың бас корпусына, ректордың қабылдау бөлмесіне бардық. Ректорға өзі кірген Зақаң бір уақытта мені шақыртты. Марқұм ректор Жамбыл Ақылбаев ағамыз сабырлы, әділ кісі болатын. Орнымнан тұрғызып: «Енді не істейміз? Өзің не дейсің?» деп сұрады. Ләм-мим деп тіл қатпадым. Сонда Зақаң: «Қазақтың бір қара домалақ баласын оқудан шығарғаннан не ұтамыз? Бірдеңе қылып оқып бітірсін. Арғы жағын көре жатармыз. Өзі бірдемелерді шимайлап жазып жүреді. Осыдан бірдеңе шығады» деп мені мақтап, мәселені «пайдама» шешіп берді. Ректор оқу бөлімінің бастығы Пешковаға (ұмытпасам фамилиясы солай болатын) қоңырау шалды. Арғы жақтан: «Тлеубаев уже отчислен» деген дауыс естілді. Алайда ректор сәл ойланып отырып: «Онда ақылы бөлімнен ауыстырайық. Бірақ шәкіртақы төлемейміз. Оқуын бітірсін» деген шешім шығарды. Сол сәтте көзіме жас іркілді. Қуанғанымнан төрдегі екі кісіні де қатты құшақтап алғым келді. Сасқанымнан алғыс жаудыра беріппін. Сол сәттегі ректордың жақсылығы, Зақаңның әкелік қамқорлығы мені қатты қанаттандырды. Қолынан келген жақсылығын аямаған Жамбыл ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болғай!

Өткен жылы 75 жасқа толған Зақанның қолынан ешқашан қаламы түскен емес. Академиктер Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, филология ғылымдарының докторлары Тұрсынбек Кәкішев, Марат Барманқұлов, Темірбек Қожакеев, Әбілғазы Нарымбетов, Алма Қыраубаевалар «Абайтанудың революцияға дейінгі кейбір қайнар көздері» деген еңбегін «абайтануға қосылған елеулі үлес» деп жоғары бағалады. Абайтанудың көкейкесті мәселелері автордың «Абай және баспасөз» (Революцияға дейінгі қазақ баспасөзінің материалдары бойынша, Қарағанды, 1997) және «Абайтану арнасында» (Абайтанудың қазіргі көкейкесті мәселелері, Астана, 2006) монографиялары мен ғылыми мақалаларында жаңа қырынан зерттелген.

Автордың қаламынан туған «Мағжанның Қызылжары» («Астана-Полиграфия», 2007) монографиясы ақынның өмірі мен қызметі туралы мағлұматтарды нақты жазба деректермен, мұрағат құжаттарымен байытқан бірегей құнды еңбек ретінде бағаланды. Осы еңбекте алғаш рет «Мағжанның өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері» деген анықтама деректер беріліп, ұлы ақынның шығармашылық өмірбаяны ғылыми түрде тұңғыш рет уақыт ретімен, уақиғалар желісімен нақтыланды.

Ұстаз әрі ғылым қайраткері Зарқын Тайшыбайдың тарихшы ретіндегі еңбегі ғылыми ортада лайықты бағасын алған. «Жақып Ақбаев. Күрескерлік өмірбаяны» (Н.О.Дулатбековпен бірге, Алматы, «Жеті жарғы», 1997) деген монографиясы Алаш көсемдерінің тарихи еңбегі мен азаматтық тұлғасын ашып көрсететін алғашқы еңбектердің бірі болатын. «Алтын бесік ән орда» (1998, «Болашақ-баспа», алғысөзін проф. Ш.Қажығалиев жазған) кітабында Қазақстанның орталық аймағындағы әншілік дәстүр жақсы зерттелген.

Зарқын Тайшыбай соңғы 20 жыл бойы абылайтану тақырыбымен үзбей айналысып келеді. Автордың «Абылай хан» (құжаттар мен материалдар жинағы, 32 б.т. «Астана», 2005) кітабы қазақ тілінде 10 мың дана болып басылып, бүкіл елімізге тарады. Кітапта қазақ тіліне тұңғыш аударылып, уақыт ретімен тізілген жазба деректер ХVШ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеушілерді қызықтырды, Абылай тақырыбына қалам тартқандардың әрқайсысы бұл еңбекке соқпай кеткен жоқ десе болады.

Профессор З.Тайшыбай – «Елдің зияткерлік әлеуеті» бағыты бойынша «Абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемалары» тақырыбы үшін қатарынан екі рет алты жылға (2007, 2011) мемлекеттік грант жеңіп алған жалғыз зерттеуші. Оның «Қазақтың ханы – Абылай». Заманы, өмірі, қызметі», (80 б.т. Алматы, «Ел-шежіре», 2011) деген атпен екі томдық іргелі зерттеу еңбегінде Абылай ханның тарихнамасы мен тарихына қатысты 600-ге тарта құжат, мұның ішінде Ресей мұрағаттарынан тұңғыш рет ашылған 250 құжат ғылыми айналымға енгізілді. Өлке тарихына жазған еңбектері бір төбе. 2007-2012 жылдары 13 журналистика магистрін дайындады. Ал 26 жылда Зақаңның алдынан жүздеген, мыңдаған шәкірт тәлім алды. Олардың бәрі еліміздің беделді БАҚ-тарында абыроймен еңбек етіп жүр.

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды