ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

Әр қаламгердің ­өмір­­баяны, шығар­ма­­­­­­­­шы­лық жолы ө­зі ­туып-өскен елінің шежі­ре­сімен бір­ге өрілсе ­керек. Осы орайда бү­кіл саналы ғұмырын баспа­сөз саласына ­арнаған көрнек­ті журналист, жазушы Жанат Елшібек есімін ерекше ілти­патпен атауға болады. Қа­уырсын қаламын жас журналистер ұстаханасы «Ленин­шіл жас» («Жас Алаш») газетінде шың­даған ол алау жүректер ортасында он жылға жуық қыз­мет етсе, кейінгі отыз жеті жылын қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Еге­мен ­Қазақстанда» өткізді. Ал осында жиырма екі жыл үзіліссіз жауапты хатшы лауазымын абыроймен атқарды.

Журналистика мен жазу­шы­­­лықты құстың қос қанатындай тел алып келе жат­қан Жәкең – өз оқырманын әр­дайым қуантып жүрген қа­лам иесі. Ол – жиырмадан ас­там деректі публицистика­лық, танымдық әрі көркем-­әде­би кітаптардың авторы. Үл­кен өмірдің, толғақты тір­шіліктің проблемалары мен көкейкесті мәселелерін қоз­ғаған эсселері, ой-тебіре­ніс­­тері тоқсанға тарта жинақ­қа енген.

Жазушының жанкешті еңбегі елеусіз де емес. Ол – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері, «Жалын» баспасының жүлдегері. «Құрмет» орденімен марапатталған, Алматы облысының Құрметті азаматы.

Тәуелсіз еліміздің жүрегі саналатын Астана қаласының ең алғашқы қазығы қағылған күндердің куәгері болған қаламгер аз мерзімнің ішінде танымастай өзгерген елорда келбеті хақында ұдайы қалам тартып келеді. Ұлы Дала төріндегі байтағымызды «Сарыарқаның зерлі тәжіндей» деп сүйсіне жазған танымал жазушы Жанат Елшібек бұл күнде жетпістің биігіне көтеріліп отыр. Қаламдас әріптесімізді мерей жасымен құттықтап, зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз. Бүгін біз оның газет «кухнясы», газет жасаудың қыры мен сыры жайында жазылған жаңа туындысы төңірегінде ой өрбіткен әріптесінің толғанысын жариялағанды жөн санадық.

45653

Ширек ғасырдан бері тілеулес аға Жанат Елшібек менің ұстазым Сейдахмет Бердіқұл туралы тамаша хикаят жазып шығыпты. Бір деммен оқып шықтым. Кей тұсында көзіме жас келді. Сейдағаңның өр тұлғасы, сырты қатал көрінгенімен, жібектей жұмсақ жан дүниесі жанымды қайта тербеп, сол бір арайлы күндерді көз алдыма әкелгендей болды. Шынын айту керек, Жанат аға Сейдағаңды шынайы суреттепті. Шәкірттік жүрекпен, інілік пейілмен жазыпты. Хикаяттың өн бо­йында «Сейдағаң – менің ұстазым!» деген алғаусыз, мақтаныш сезімі атойлап тұр.

«Ал шәкірт ретінде Сәкең туралы қалам тербеудің жөні мен үшін алабөтен қуаныш» дейді бұл күнде 70-ке толған Жанат Елшібек. – Мектеп қабырғасында жүрген қаршадай кезімнен-ақ жүзін көріп, бетпе-бет кездеспесем де, Сейдахмет ағаның өнегесімен, тәлім-тәрбиесімен өскенімді әркез мақтаныш санаймын. Сол уақытта «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, балауса өрімталдардың ағасы жас тілшілердің тәй-тәй қадамынан көз жазып қалмау­ды темірқазық мақсат еткені анық. Бұл ықыласымды тұмардай сақтаған Сәкеңнің алпысыншы жылдары өз қолымен жазған хаттары айғақтайды… Албырт абитуриент шақта Алматыдағы Абылай хан даңғылы бойындағы редакцияның бес-алты адам сығылысқан аядай бөлмесіне отырғызып қойып, пионер жазының әсерлері жөнінде мақала жаздырған күндері санамда кешегідей жаңғырады. Әсершіл әрі пәк бала жүрек сыр сандығына бәрін де қаз-қалпында құндақтап қойған-ау…»

Міне, Сейдахмет Бердіқұлдың Алла сыйлаған ұстаздық қасиетін осы бір ауыз сөзден адаспай табасыз. Сейдағаң Алаштың әр қиырындағы талабы таудай құлыншақтарға үлкен қызметінің арасынан кішкене уақыт тауып, әдейі­леп хат жазып отырыпты. Біз бір ғана Елшібектің дәлелін алға тартып отырмыз. Ал менің ұстазымнан хат алған қанша бала болғанын дәл қазір айту қиын. Қараңыз, сол кездегі ел астанасында білдей бір газеттің тізгінін ұстап тұрып, балалардың жігері мұқалмасын, талабы ұшталсын деген ізгі ниетпен әр балаға жауап хат жазады. Алматыда газет басқарумен қатар, пионер газетінің үлкен-кіші оқырмандарына жылы сөзін арнайды, оларды қанаттандырады, қысқасы, ағалық қамқорлығын аямайды. Сол тұста қазақтың өз жеріндегі үлесі отыз пайызға жетер-жетпес жағдайда еді. Сол қазаққа ағарту жұмысы, рухани азық ауадай қажет болатын. Сейдағаңдар соны жан-тәнімен сезіне білді. Ұлттық мүдде, елдік мақсат үшін қолдан келгенін аяған жоқ.

Ұстаздың сол пейілі босқа кеткен жоқ. Соның бір ғана дәлелі, кезінде өзі сан мәрте жауап жолдаған Жанат інісі өзін іздеп тапты. Сейдағаң басқарған «Лениншіл жасқа» қызметке тұрды. Енді бапкері қасында, жанашыр ұстазы жанында. Кілең сайдың тасындай журналистер. Елшібеков газеттің он екі мүшесін түгендеудің (секретариат, макет ісі) мектебін меңгерумен қатар, қаламгерлер бәйгесіне қосылды да кетті.

Кезекті Елшібековтің өзіне берейік: «Қабілетті де дарынды журналистердің қауырсын қаламын ұштап, шеберлігін шыңдаудың үлкен ұстаханасы саналатын жастар газетінде қызмет атқарған он жылымды, «Бердіқұлов мектебінен» дәріс алған өмірімнің қимас, ұмытылмас кезеңі деп есептеймін. Өйткені әр жылы ғасырларға бергісіз алаңсыз көктемім – жалын шағымда Сәкең-ұстаздан үйренгенім көп».

Бұл сөз Сейдағаңның көзі тірі кезде айтылса, әсері қандай болатынын білмеймін. Ал қазір өзі де талайларға тәлімгер, талайларға жанашыр аға болған тарлан қаламгер Жанат Елшібек ұстазына деген шынайы көңілін осылайша ақтарып отыр. Сейдағаң шынында да бақытты адам екен.
Бұл хикаятты оқыған адам Сейдағаңның жұрт біле бермейтін біраз қырынан хабардар болады. Жанат Елшібек бұл еңбегінде Бердіқұловтың сырт көзге беймәлім тағы бір қасиетін былайша суреттепті:

«Редакторымыз журналис­тердің әлеуметтік жағдайына да ұдайы көңіл бөліп, айрықша мән беретін. Әсіресе, қаламақы мәселесіне келгенде өте талапшыл болатын.Жауапты хатшы, белгілі журналист, аудармашы Мәткәрім Әкімжанов кезекті еңбек демалысына шығатын болды да, маған өзінің орынбасары ретінде өткен ай мен алдағы айдың қаламақысын қоюдың тәртібін үйретті. Он жол хабардан бастап, көлдей көсілген очеркке дейін тәптіштеп, редколлегияда бекітілген гонорар шкаласымен таныстырған. Әуелде маған бәрі оп-оңай көрінгендей.

Сөйтсем, бекершілік екен. Жеме-жемге келгенде азын-аулақ тиын-тебенді тұтас бір-екі бетке тізілген фамилияларға бөліп шығу – қияметтің қияметі. Шотты қолға ұстағанда байқадым. Біріне көп, біріне аз. Кейбір материалдардың көлемі, етек-жеңі кең пішілгенімен, дәні мен дәмі шамалы. Керісінше, кей дүниелер кіп-кішкентай көрінгенімен, салмағы қорғасындай. Автордың өз үлесі, аппаратта жұмыс істейтіндердің өз нәпақасы бар. Заңдастырылып, процентімен бөлініп қойылған. Ұятқа қалмау жағын ойластырып, жігіттердің дені үйлеріне қайтқаннан кейін емін-еркін жалғыз отырып, түннің бір уағына шейін шотты шыр­тылдатып, есеп-қисапты мұздай ғып дайындайсың. Ендігі үлкен сын – Сейдахмет ағаның алдынан өту.

Ведомость шекесіне «бекітемін» деп қол қоюы тиіс. – Кәне, гонорарың дайын ба? Тастап кет, қарап шығайын, – дейді маңғаз ғана. Біраз уақыттан соң шақырады. Қылпылдап ұшып барамын. «Қай жерінен мүлт кеткенімді ескертер ме екен…» Жоқ… – Жарайсың! – дейді балаша қуанып. – Қаламақы саясатына өте сақ болған жөн. Гонорар дегеніміз – жігіттердің маңдай тері, адал еңбегі. Журналистің тесік қалтасы қашан бүтінделген. Тек қара қылды қақ жарғандай әділдікті естен шығармасаң, жетіп жатыр. Ең бастысы, қаламақыға жерлестік, таныстық, достық жүрмейді. Мен ерінбей-жалықпай, тізімді сүзіп шықтым. Есеп-қисабың дұрыс. Осы қалпыңнан тайма..» Міне, біздің ұстазымыз осындай болған.

Жанат ағалардан кейін Бердіқұлдың қол астында біз де қызмет істедік. Жанат аға Сейдағаңмен он жыл бір ұжымда болса, бізге бұйырғаны – бір жарым жылдай уақыт. Бердіқұл сексен алтының күзінде «Жалын» баспасына директор болып ауысты. Алла­ға шүкір, ұстазбен қарым-қатынасымыз әрі қарай жалғаса берді. Мақаламыз көңілінен шықса, үлкен басымен арнайы телефон соғады. Ол кісінің бірауыз жылы сөзінің өзі адамды кәдімгідей арқаландырып тастайды. Ағамен сегіз жылдай жақын сыйласқандағы көкейге түйгенім, ол кісі қол астындағы ұжымын ешқашан жоғары жақтың талауына бермейді. Бердіқұлов бар жерде, арқаңды Алатауға тірегендей еркін жүресің. Қия басып, сүрініп кетсең, өзі сыбағаңды береді. Ал қазіргі тілмен айтқанда, құрылтайшылардың Бердіқұлов­тан асып, саған тісі батпайды.

Жанат Елшібек өз еңбегінде Сейдағаңның осы қасиеті туралы нақты оқиғамен байланыстырып баяндаған екен. Оқиға қысқаша былайша өріледі:
Совет империясының дәуірлеп тұрған кезі. Ол кезде коммунистік партия деген өктем басшылық бар. Коммунистік партияның комсомол деген «інісі» жастарға басшылық жасайды. Сол комсомолдың респуб­ликалық елу жылдық мерейтойына орай жоғарғы жақтың пәрменімен «Лениншіл жастың» мерекелік нөмірі әзірленеді. Бұл шараны Қазақстанның Орталық партия комитеті мен комсомол басшылығы қатты назарда ұстайды. Сейдағаң бастаған ұжым мерекелік нөмірді жан-жақты талқылап, әбден ақылдасып, тамаша ғып шығаруға бел буады. Себебі Қазақстан комсомолының елу жылдығына орай Кеңес одағының астанасы Мәскеуден, он бес одақтас республикадан келетін қонақтарға түрлі-түсті безендірілген газет таратылуға тиіс болатын.

Газет ұжымы бірнеше ай бойы уақытпен санаспай тер төгеді. Межелі уақытта газет редакторы Сейдахмет Бердіқұлов, орынбасары Болат Бодаубаев, жауапты хатшы Мәткәрім Әкімжанов, баспахана директоры мен бас инженер түнгі сағат екіде журналдар басылатын арнаулы цехта жолығады.

Көптен зарыға күткен мерекелік нөмір сартылдап басыла бастайды. Сейдағаң бастаған топ иісі бұрқыраған су жаңа газетті енді шола бастағанда, цех бастығының: «Ойбай, орден аударылып кетіпті» деген үрейлі дауысы жұртты селк еткізеді. Сөйтсе, газет логотипінің жанына орналастырылған Лениннің түймедей суреті аударылып кеткен. Соның салдарынан солға қарап тұруға тиіс «көсем» оңға қарап қалған. Ал «Ленин» сөзі «Нинел» боп басылған.

Әрі қарай хикаяттан үзінді келтірейік: «Бәріміз де үн-түнсіз тұрған жерімізде қаққан қазықтай сілейіп-сілейіп қатып қалдық. Заматта қап-қара боп түтігіп, күйіп кеткен редакторымыздың жүзіне тіке қарай алмаймыз. Барлығымыз да өз-өзімізді кінәлаймыз. Өкініш оты өртеп барады. Енді барлық процесті түгел қайталамаса болмайды. Сұмдық қой! Бес минутқа созылған үнсіздік бізге бес сағаттай көрінген. Реңі өрт сөндіргендей тотыққан Сейдахмет аға терең күрсінді:

– Оригиналы дұрыс болатын штрихтің. Өзім көргем. Бұл – баспахананың, цинкографияның ең үлкен қатесі. Біздің жігіттердің еш кінәсі жоқ. Мұндай тамаша нөмірді болмашы нәрсеге бола кешіктірудің қажеті шамалы. Барлық тиражды дереу басыңыздар. Таңертең салтанатты мәжіліске кешіктірілмей жеткізілгені дұрыс. Әзірге барлық кінәні де, жауапкершілікті де редактор ретінде өз мойныма аламын. Қане, ешқайсың да үрейленбеңдер, қорықпаңдар! Ең бастысы, Лениннің түрі өзгеріп кеткен жоқ қой… Жазуы үшін берілер сөгісті, айтылар ескерту мен жазаны мойныммен көтеріп бақтым. Бәрін де екі ЦК-ға өзім түсіндірем.

Қалай десек те, мұндай батылдық, мұндай ерлік қылышынан қан тамып тұрған сұрқылтай, сұрқия заманда кез келген жанның қолынан келмесі анық еді».
Бұл хикаятты оқыған адам Сейдахмет Бердіқұлов туралы талай нәрсеге қанығады. Сейдағаңның дауылпаз газетке («Лениншіл жасқа») елдің әр аймағынан қазақ әдебиеті мен журналистикасының небір сайыпқырандарын жинағаны, уақыт өте келе сол қаламгерлер Алаш мәдениетінің соқталы тұлғаларына айналғаны қолмен қойғандай ақиқат. Өздерін Бердіқұловтың шәкірттері санайтын сол ағалар мен апалар өскелең ұрпақтың ұлтты сүйіп өсуіне, олардың отаншылдық сезімінің күшеюіне зор ықпал етті. Сейдағаңның төл шәкіртінің бірі – менмін. Біздер бала кезімізден бастап «Лениншіл жасты» құмарта оқыдық. Себебі бұл газеттің өн бойынан қазаққа деген махаббат, ұлтқа деген жанашырлық атойлап тұратын. Осы газеттен іздегенімізді таптық, осы газетті сонау мың жарым шақырым алыста жатсақ та, өзіміздің рухани ұстазымыз санадық. Сол тұста жүз мыңдаған бауырларымыз осындай сезімде болған шығар. Егер қазақтың әрбір басылымы еліне осылай қызмет етсе, біздің халықтың рухани деңгейі, ұлттық намысы қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді-ау.
Ойымызды әрі қарай хикаяттан үзінді келтіре отырып жалғайық.

«Алматының жүрегіндегі өнер ордаларының бірі – «Қазақконцерт», ығы-жығы, иін тірескен халық. Көрнекті жазушы, спорт журналистикасының сардары Сейдахмет Бердіқұловтың алпыс жылдығын қала жұртшылығы үлкен құрметпен атап өтуде. Ақтарылған тілектерде қисап жоқ. Кешті жүргізген абыз-ақын Әбділда Тәжібаев қалың көзәйнегімен ақ параққа тесіліп, саңқылдап арнау өлеңін нәшіне келтіре байсалды оқуда.

Салтанат соңында мерейтой иесі сөйледі. Кеш аяқталмастан залда отырғандар сахнадағы Сейдағаңды ілгері жылжытпай алқалап, қоршап, қаумалап алды. Қалың нөпір топты мұзжарғыштай жарып, лениншілжастықтар Ырым Кененбаев, Әшірбек Көпішев, Мағира Қожахметова, Жарылқап Бейсенбаев, Жақау Дәуренбеков, Жақыпжан Нұрғожаев, Жұмагүл Солтиевалар жеткен бал-бұл жанып.
– Бұлар кімдер, қай облыстан, қай ауылдан келгендер?
Әзіл аралас қағытпаға сол мезетте:
– Біздің рухани әкеміз – Сейдахмет Бердіқұлов, ал руымыз – «Лениншіл жас», – деді Мағира мүдірмей. Құшағын айқара ашқан Сейдахмет аға бәрімізді бауырына басып тұрып: – Мынадай шәкірттері бар, мынадай ізбасарлары бар мен шын бақыттымын! – деді.
Иә, мұндай бақытқа есеппен жүріп жете алмайсың, мұндай шынайы көңілдерді ақшаға сатып алу мүмкін емес. Сейдағаңның мерейтойындағы осы бір мөлтек сәтті Жанат Елшібек дөп басып, әдемі көрсетіпті. Сейдағаң жоғарыдағы мерейтойдан кейін ауыр науқасқа шалдықты. Дерті күн санап асқынған ақтангер аға төсекке таңылды. Етжақындары, әріптестері, шәкірттері ағаның үйіне барып тұрдық. Сейдағаң жанына батқан дертті білдірмеуге тырысатын. Бір жолы белгілі журналист Бауыржан Омарұлы екеуміз біраз уақыт қасында болдық. Сонда әбден ауру меңдеген Сейдағаң бізге сыр алдырмай: «Көктем шыға таза ауада желе-жортып жүгірсем» деді.

Ол кісі, әсіресе, спорт саласына қатысты жанына батқан жайларды жиі қозғайтын. «Осыдан аяғымнан тұрсам, Несіп інім құрған «Намыс» командасы туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазамын» дейтін таза қазақ балаларынан құрылған командаға жанашырлығын білдіріп. Бауыржан екеуміз ағаны ұйып тыңдаймыз, үшеуміз асықпай әңгімелесеміз. Бір кезде Сейдағаңның қалжырай бастағанын сезіп, ақырын ғана қозғала бастаймыз. Қайран, сол күндер! Қайран, Сейдағаң!

Жанат Елшібектің «Найзағай жаралаған егіз қайың» еңбегі тек Бердіқұлов туралы шығарма емес, бұл хикаят – сонау жетпісінші жылдардағы жастар газетінің тұтас бір дәуірін қамтитын салмақты дүние. Хикаятты оқып отырып, газет редакциясындағы қарбалас күндер, Сейдағаң асықпай аралайтын ұядай жылы кабинеттер, қорғасын әріптері қаздай тізілген терім, беттеу цехы, газет иісі мұрын жаратын басу цехы, бәрі-бәрі көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатқандай күй кешесің. Бұған қоса, газет шығарудың машақаты, осы күні ел ағаларына айналған сол кездегі жас журналистердің басынан өткен қызықты жағдайлар оқыр­манды әдемі әсерге бөлейді. Автор көбіне-көп сол оқиғалардың түйінін Бердіқұловқа апарып тірейді. Бұл дегеніңіз, Сейдахмет ағаның маңайындағы адамдарға, шәкірттерге қаншалықты жанашыр, қаншалықты жақын болғандығын аңғартса керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жанат Елшібек өз ұстазы, бәріміз қадір тұтатын Сейдахмет Бердіқұлға жан жүрегін жарып шыққан хикаятпен ескерткіш орнатты. Бұл ескерткіштің тас ескерткіштен айырмашылығы – қаламмен жазылғандығында. Жанат ағаның ескерткішін дауыл бұза алмайды, қар мен жаңбыр тоздыра алмайды. Бұл ескерткіш – Сейдағаңның шәкірттерінің жүрегінде сақталатын, одан әрі ұлттық мұрағатта тұратын қымбат дүние. Рақмет сізге, Жанат аға!

Қыдырбек РЫСБЕК,
Сейдахмет Бердіқұлов
сыйлығының лауреаты

Сонымен қатар

Ғасыр жасаған «Арқа ажары»

Тарих безбеніне салсақ, жүз жыл – адам баласы үшін ауыз толтырып айтатындай ұлағатты ғұмыр. Ал …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған