ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСЫ

Білім саласындағы жарқ еткен жаңалықты, оқушы жетістігін, ұстаздардың ерен еңбегін жариялауда бас қаланың бас басылымы, отыз жылға жуық тарихы бар – «Астана ақшамы» газетінің алатын орны ерекше. Ақшамдықтар өз оқырмандарымен шығармашылық байланыс жасауды ұдайы басты назарда ұстап келеді. Бұл игі дәстүр қаламыздағы №65 мектеп-гимназиясында жалғасын тапты.

Үш мыңнан астам оқушысы, 250 мұғалімі бар бұл мектеп қаламыздағы ең үлкен білім ошақтарының қатарына жатады. Білім шаңырағында өткен келелі кездесуге газеттің бас редакторы Еркін Қыдыр, шеф редакторы Әділбек Жапақ қатысты. Басылым басшысы Еркін Қыдыр кездесудің маңыздылығына тоқтала келіп, 30 жылға жуық тарихы бар басылымда педагогика саласына басымдық беретін білім беру ісінің қыз­меткерлеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған арнайы беттердің, нақты қосымшалардың бар екенін тілге тиек етті. Тәжірибе алмасудың ортақ алаңына айналған «Күміс қоңырау» қосымшасында ұстаздардың, оқушылардың әртүрлі тақырыптарды қамтитын материалдары үздіксіз жарияланып, оқушыларға арналған бәйгелер жарияланып отырады.
Мектеп директоры Әділбай Әлжанов сөз тізгінін алып, ұжым мен мектеп оқушыларының бұл басылыммен бірге жұмыс жасауға әзірлігін айтты. «Бұл басылым – біздің Астанамыздың айнасы. Білімдегі барлық жаңалықтарды осы газеттен табуға болады. Жыл сайын мектептерге енгізілетін жаңа білім беру жүйесінің артықшылықтары, білікті ұстаздардың тың тәжірибелері мен танымдық материалдары, білім берудің жаңартылған мазмұнына сай зерделі зерттеулер, атқарылып жатқан басқа да көптеген игі шаруалардың газет бетінде үздіксіз көрініс тауып жатады. Бұдан бөлек ұстаздар қауымы адами құндылықтар, тарихтағы ақтаңдақтар, рухани жаңғыру, мемлекеттік тіл, мамандық таңдау, жастар тәрбиесі, олардың бойына патриоттық рухты сіңіретін дүниелерді басылым бетінен таба алады. Бұл да өз кезегінде орта білім беру саласына, ұстаздар қауымына басылым тарапынан көрсетіліп отырған қолдау екені анық» деді ол.
Басқосуға келген ұстаздар қауымы да мемлекет дамуы үшін жастарымыздың жан-жақты білімді зияткер ұрпақ боп қалыптасуы аза маңызды екенін тоқталып, ол үшін жастарды газет, кітап оқуға тәрбиелеуде ұстаздар қауымының атқаратын рөлі көп екенін тілге тиек етті.
Ұстаздар да өз кезегінде
ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ырысжан Шерниязқызы бастаған бірнеше ұстаздар қауымы да сөз алып, қаламыздағы ғана емес, жалпы еліміздегі білім саласындағы тың жаңалықтарды жариялап отыратын басылым алдағы уақытта жаңа білім реформасын жүзеге асырудағы атқарылатын жұмыстарды, шешімі қиын проблемалар мен кедергілерді де көрсетіп отырса деген ізгі тілектерін жеткізді. Ана тіліміз бен ұлт руханиятының үлкен жанашыры ретінде білім ұясындағы соны жаңалықтарды басылымға ұсынып отыруға уәде етті.

Гүлжан Рахман

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған