«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстаздан шәкірт озар

0 40

Таяуда қаладағы №61 орта мектепте музыкант ұстаз Бақыт Шампетовтың шәкірттерімен есеп беру концерті болып өтті. Бұл кісінің өмірбаяны тағылымға толы. Отыз жылдан аса балаларға музыкадан сабақ беріп, олардың бойына өнер дәнін егіп келеді. Ұлағатты ұстаздық қасиет те екі адамның біріне қона бермейді. Шынайы мұғалімнің шарапаты көпке тиеді. Біздің кейіпкеріміз – осындай адам.

Бақыт ағамыздың алғашқы еңбек жолы Қарағанды облысынан басталды. Кейін елордаға қоныс аударып, шаһардағы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі мен №30 мектеп-гимназиясында жұмыс істеді. Бұл жерде де өнерлі азаматтың өнегелі іздері қалды. Қазір ол кісі қыз­мет істейтін оқу ордасында талантты балалар жетерлік. Олардың арасында республикалық, қалалық байқауларда жүлделі орынға қол жеткізгендер бар.
Есеп беру концертінде музыканттың өз қолымен құрған «Шабыт» домбырашылар оркестрі өнер көрсетті. Оркестр құрамындағы балалардың бәрі домбыраны шебер меңгерген. Олардың орындауындағы «Балбырауын», «Адай», «Желдірме», «Әлқисса», «Дайрабай» және «Көңіл­ашар» күйлері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ оркестр жанынан құрылған «Шабыт» ансамблінің өнері де тәнті етті. Кеш барысында белгілі ұстаз, өнертанушы Оспан Сүлейменов сөз алып, Бақыт Шампетовтың шығармашылығы туралы жылы лебізін білдірді.
– Мен Бақытты біраздан бері білемін. Жақсы музыкант. Ол – ұстаздық жолын өнермен ұштастыра білген азамат. Оның балаларды музыкаға баулып жүрген еңбегін ерекше айтсам деймін. Бүгін осы жеткіншектерге көңілім толып отыр. Қазақтың қара домбырасының қасиетін сезінген баланың болашағынан көп үміт күтемін, – деді ол. Сондай-ақ композитор Шолпан Қорғанбек те балалардың өнерін жоғары бағалады. Концертте Бақыт ағаның өзі де шәкірттерімен күмбірлетіп күй төкті. Өнер жолындағы есінен кетпес сәттерін сөз етті.
– Елордаға алғаш келіп, №30 мектеп-гимназиясында еңбек етіп жүргенде өзге ұлт өкілдерінің балалары домбыра үйірмесіне қатысты. Оларға да жан салып домбыраның қыр-сырын үйреттім. Бір татар қызы қалалық байқауда топ жарып, мерейімді асырды. Мен өз өмірімді өнерсіз елестете алмаймын. Әрбір шәкіртімді баламдай көремін. Қазақта «ұстаздан шәкірт озар» деген сөз бар. Егер менен шәкіртім озып жатса қуанамын, – дейді өнерпаз ұстаз.

Әнел ЖАРЫЛҒАСЫНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды