«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстаз өнегесі

0 13

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім» деп айтыпты. Міне, осы қағиданы үлгі тұта білген ұстаздың бірі – елордадағы №1 балалар музыка мектебінің мұғалімі Үрләй Мырзақұлова.

Үрләй Шәмші ағамыз «Сыр сұлуы» деп жырлаған Сыр өңірінде өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен ке­йін әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына оқуға түсіп, «мәдени-ағарту қызметкері және халық аспаптар көркем­өнерпаздар оркестрінің жетекшісі» деген мамандық алып шығады. Содан оңтүстік аймақта екі жылдай жұмыс істеп, 1992 жылы Ақмолаға қоныс аударады. Егемендіктің елең-алаң шағы. Ақмолада ұлттық ояну дәуірі басталған кезең. Сол жылдары шаһарда алғашқы болып ұлттық қазақ балалар музыка мектебі ашылды. Біздің кейіпкеріміз осы білім ордасына қызметке орналасады. Балаларға қасиетті домбыраның қыр-сырын үйретеді. Міне, содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті. Үрләй Жаңабайқызы да ешқайда табан аудармай, әлі күнге дейін осы музыка мектебінде еңбек етіп келеді. Қазір ол – аталған білім ордасының оқу ісінің меңгерушісі. Тәжірибесі толысқан, білікті маман.
Үрләйдың ұстаздық қабілеті бөлек. Одан тәлім алған оқушылардың музыкаға, оның ішінде домбыраға деген ынтасы ерекше байқалады. Оның өзі домбыраны шебер шертеді. Соны көрген бала да ұстазының қабілетін бойына сіңіруге асығады.
Біздің кейіпкеріміз сабақ барысында өз мүмкіндіктерін мақсатты жұмсайды. Музыка сабағының қызықты да әсерлі өтуі мұғалім шеберлігі мен біліміне байланысты. Білікті жан өз оқушыларына әрбір күйдің шығу тарихы, аңыз-әңгімесі мен күйдің авторы туралы деректі, қызықты тілмен жеткізеді. Қосымша әдебиеттер оқып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оқушылардың ата-аналарымен де тығыз байланыста болып, талмай жұмыс істейді. Қазір одан тәлім алған шәкірттері арасында халықаралық, республикалық, қалалық байқаулардың лауреаттары болған дарынды жастар көп. Үрләйдың осы еңбегі де ескеріліп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан алғыс хаттармен марапатталған.
Оның осындай жемісті нәтижелерінің көп болуы өз ісін шынайы жақсы көретіндігінде деп ойлаймын. Бір мекемеде осыншама ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, көптеген жетістіктерге жету үшін адам өз жұмысын жақсы көруі қажет. Өз басым Үрләй Мырзақұлованың әлі талай белестерді бағындыратын шәкірттерді тәрбиелеп шығаратыны анық.

Оспан СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР білім беру ісінің үздігі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды