«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстаз – мектеп жүрегі

0 84

Астаналық бір топ ұстаз кәсіби мерекелерінің қарсаңында Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Астана әкімдігі 10 ұстазға пәтер сыйлады.

«Қазақстан» орталық концерт залына кіреберістен мұғалімдер мерекелік көңіл күй құшағына енді. Мектеп оқушылары әр ұстазға бір тал раушан гүлін сыйлап, мерейлерін тасытты. «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты кеште Білім және ғылым министрлігі атынан вице-министр Эльмира Суханбердиева құттықтады.
– Мұғалім – мәртебелі мамандық. Әр ұстаз – ерекше дарын иесі. Астана қаласының білім жүйесінде жетістіктер өте көп. Олимпиадалық үлкен жарыстарда 12 жылдан бері елорда бірінші орынды ешкімге бермей келеді. Бүгіндері Астананың білім ошақтарында 16 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. 300-ге жуық астаналық оқушы биыл «Алтын белгі» иегері атанды. Түлектердің 100 пайызы жоғары оқу орнына түскен мектептер бар. Бұл ұстаздар берген білім сапасының өте жоғары екенін білдіреді. Еліміздегі білім саласындағы айтулы жаңалықтар, жаңа бастамалар елорда мектептерінен басталып жатады. Елордамызға деген Елбасының үлкен ықыласы, қамқорлығы арқасында толағай табыстарға жетіп отырмыз, – деді Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың атынан ұстаздарды құттықтап, пәтер кілттерін тапсырған қала басшысының орынбасары Ермек Аманшаев.
Осы кеште әуелеген ән, оқылған жыр, мың бұралған би ұлағатты ұстаздарға арналды. Балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары бар өнерлерін салды. Айгүл Иманбаева, Қайрат Баекенов, Маржан Арапбаева, Күлайым Қайырбаева, т.б. әншілер жиналғандардың көңілін көтерді. Композитор Кентау Назарбектің жас ақын Арман Шеризаттың өлеңіне жазылған «Ұстаздың ғана қолында» атты әннің тұсауы кесілді. Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым» шығармасынсыз мұғалімдер мерекесін елестету мүмкін емес. Салтанатты кеш осы әнмен түйінделді.

Айжан РАЙЫСОВА, энергетика және байланыс колледжінің оқытушысы:

– Бала күнімізде үлкендер «Мұғалім бол!» деп бата беріп жататын. Сол батаның әсері де бар шығар, мұғалім мамандығын таңдадым. Колледж оқушыларына қазір қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрмін. Астанаға 2003 жылы келген едім. 15 жыл бойы пәтер жалдап тұрдық. Енді баспанаға ие болып, көптен күткен қуанышқа бөлендім. Астана әкімдігіне, Білім басқармасына көп рақмет айтамын. Үйсіз жүрген әріптестеріме жұғысты болсын! Мерекемізбен құттықтай отырып, табыс тілеймін! Шаңырақтарында шаттық шалқысын!

Набира ӘБДІРАХМАНОВА, №1 «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиешісі:

– Әр мамандықтың өз қиындықтары бар. Бірақ мамандығыңды жақсы көрген соң, оның бәрін жеңуге болады. Бүгін еңбегім еленіп, пәтер алғаныма қуанып тұрмын. Қазір мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы көп айтылып жатыр. Бұл – өте дұрыс. Жас ата-аналардың ұстазға деген құрметі кемшін болып, тәрбиесі олқы соғып тұратынын көріп жүрміз. Әрине, соған өкпелейтін кездеріміз болады. Бірақ артынан: «Осы мамандықты қалап келдік қой» деп өкпе-реніштің бәрін ұмытуға тырысып, өзімізді-өзіміз сабамызға түсіреміз. Балабақшаларда тәрбиешілердің балаларды сабағанын теледидардан көргенде жүрегіміз ауырады. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар ғой, тәрбиешілердің бәрі осындай деп ойлауға әсте болмайды. Барша әріптестерді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Абыройымыз асқақтайтын күндер көп болсын!

Қымбат МҰҚАНҚЫЗЫ, Оқушылар сарайының әдістеме бөлімінің жетекшісі:

– Мұғалімдік еңбек өтілім 40 жылдан асты. Мектепте оқып жүргенімде сүйікті ұстаздарыма қарап, мұғалім болуды армандадым. Кейде жұмсақ, кейде қатал мінездерін көріп, соларға еліктеуге тырыстым. Мұғалімдерімнің өздерін ұстауы маған ұнайтын. Оларды ешқашан ұмытпаймын, сағынып тұрам. Жақында орыс тілінен сабақ берген ұстазыммен кездесіп, сағынышымды басқандай болдым. Ұстаздарымыздан алғанымыз көп деп есептеймін. Ертеректе Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанып, бүгін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталғаныма олардың қосқан үлесі мол деп есептеймін.
Астанада қосымша білімге көп көңіл бөлініп жатыр. 2012 жылы жаңа Оқушылар сарайының ашылуы – соның айқын айғағы. Көптеген ата-аналар балаларын қазір бізге әкеліп жатыр. Сұранысымыз өте жоғары. Қалада бірінші орында әрине білім тұр, балалардың бос уақытын үйірмелер мен спорттық секциялармен толтыру да жақсы жолға қойылған.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды