«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үштіктің бірлігі

0 18

Кеше елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Поли­тех­никалық колледждің оқу про­­цесімен танысып шықты. Іс-шара барысында ол аталған колледжге тағы екі оқу орны қосылатынын мәлім етті.

Оқу орнының қызметкерлері жиналған жұртты студенттердің дәрісімен таныстырды. Алғашқы кірген шеберханада жастардың темірді дәнекерлеу сабағы көрсетілсе, келесі бөлмеде ұстаздардың жетекшілігімен мерседес, ауди секілді неміс көліктерінің қозғалтқышын бұзып, қайта жинау, ақаула­рының алдын алу секілді про­цестері көрсетілді. Ал ендігі бөлімде құрылысшылардың жұмысы ұсынылды.
Соңғы жылдары әлем елдерінде электр көліктерді қолдану үрдіске айналып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстанда Tesla көліктерін пайдаланатындар қатары артқанмен, оны сауатты жөндей білетін мамандар тапшы болып тұрғаны жасырын емес. Политехникалық колледж мұны да назардан тыс қалдырмай, болашаққа қажет мамандар даярлауды қолға алыпты.
Елорданы газдандыруда Bosch Thermotechnik компаниясы мен Политехникалық колледждің бірлесіп ашқан оқу орталығында біраз бастама қарастырылып жатқаны мәлім болды. Жиналған жұртты таңқалдырған мамандықтың бірі – ғимараттың жобасын BIM технологиясы бойынша дайындап шығару үрдісі болды. Бұл технология қазір озық елдерде ғана қолданылып келеді екен.
– Біз қазіргі заманның талап­тарына сай келмейтін кей маман­дықтардың орнына заманауи салаларды енгіздік. Сондай-ақ, Политехникалық колледж­ге Энергетика және байланыс, Құрылыс колледждерін біріктіруді жөн көрдік. Олардың бір саладағы мамандарды дайын­дағанымен материалдық-тех­никалық әлеуеттері, оқу программасы, білім беру тәсілдері айтарлықтай болмады. Сон­дықтан үшеуін біріктірдік. Енді олардың материалдық-техникалық базасын күшейтеміз, – деді Малика Бектұрова.
Сөз арасында ол Политех­никалық колледж алдағы оқу жылынан бастап жаңа ғимаратқа көшетінін жеткізді. Бұған қоса колледж түлектерінің жоғары білімді болып есептелуі үшін оқу бағдарламасын біріктіру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Яғни студенттің алған білімі – теориялық, практикалық дәрістері кредиттік сағатқа (credit hours) айналып, жоғары білімді болып есептеледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды