«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үшінші арнайы автотұрақ салынады

0 7

Астанада арнайы екі айыппұл автотұрағы бар. Оның бірінші­сі Алаш тасжолында, екіншісі Н.Тілендиев даңғылында орна­ласқан. Алғашқысы 541 көлікке, кейінгісі 600 көлікке шақ­талған. Алайда бас қала үшін бұл аздық етіп тұр.

Осыған байланысты қалалық Ішкі істер департаменті, басқа да құзырлы органдардан шаһар әкімдігіне бұл мәселені жетілдіру, реттеу бойынша өтініштер келіп түскен. Осыдан екі жарым жылдай бұрын әкімдіктің арнайы автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы қаулысы шыққанын айта кету керек. Осы құжатқа өзгерістер мен толықтыруларды енгізу қажеттілігі туындады.
Астананың Көлік және жол инфра­құры­лымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуат­беков бұл мәселені қалалық қоғамдық кеңес мү­шелерінің алдына шығарды. «Қазіргі таңда айыппұл автотұрақтарында 5-6 жыл бойы тұрған көліктер өте көп. Жыл са­йын аталмыш автотұрақтарды басқаруды конкурстық негізде белгілі бір мекемелер ұтып алады. Олардың ішкі жұмыс режимдерінде де олқылықтар орын алды. Сол себептен тиісті қаулыға өзгерістер мен толықтыруларды енгіздік» деді ол кеңес отырысында.
Баяндамашының айтуынша, бүгіндері Көктал-2 тұрғын алабында үшінші ар­найы автотұрақты салу бойынша жо­балық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл нысан 5,1 гектар аумақты алмақ. Осы жылдың аяғына дейін тиісті сараптамалық қорытынды шығарылуы тиіс. Сосын жұмыс әрі қарай жалғасады.
«Қазір қаладағы арнайы автотұрақтарға көліктер сыймай жатыр. Соның сал­дары­нан жүк көліктері мен арнайы кө­лік­терді қою мүмкін болмай отыр. Кө­лікті бақылау қызметі жиі осындай кө­ліктерді жеткізеді. Бұған қоса, арнайы автотұрақтарды пайдалану және ұйымдастыру бойынша түйткілдер бар. Тиісті ережеде көлікті қабылдап, иесіне тапсыратын жұмысшының, құқық қорғау қызметкерінің және көлік иесінің міндеттері анықталмаған. Бұрынырақта аталмыш міндеттер арнайы автотұрақтарды ұйымдастырудың нұсқаулығында көрсетілген. Бүгінгі күнге бұл нұсқаулықтың күші жойылды» деді Ә.Қуатбеков.
Көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы арнайы автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларын бекіту ту­ралы қаулысына өзгерістер мен то­лықтыруларды енгізген. Басқарма бас­шысының орынбасары бұл құжаттың жаңа нұсқасын таныстырды. Қоғамдық кеңес мүшелері мұны мақұлдады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды