ҮШ ЖЫЛДАН КЕЙІН БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ БОЛМАЙДЫ

Оқушылар сарайында «Кәсіпкерлердің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мектепке дейінгі ұйымды ашу бастамасына құқықтық және консультативтік қолдау» тақырыбында ашық есік күні өтті.

Бүгінгінің өзекті мәселесін арқау еткен шараның өтуіне қалалық білім басқармасы мен Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығы мұрындық болды.

Шара барысында мектепке дейінгі мекемені ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге оны ашудың тәртібі, мектепке дейінгі мекемені ашуға байланысты заңнамамен белгіленген талаптар және оның ашылғаннан кейінгі жұмыс барысы, сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналас­тыру туралы қажетті ақпараттар ұсынылды.

«Бүгінгі таңда елордада 30 мыңнан астам балғын балабақшаға кезекте тұр. Мемлекет тарапынан осы балалардың барлығын орынмен қамтамасыз ету үшін қаражат жағынан үлкен қадамдар жасау керек. Сондықтан осы мәселені біз жекеменшік сектормен, яғни кәсіпкерлермен бірлесе отырып, алдағы 3 жылда толығымен шешуді көздеп отырмыз. Бұл нақты жоспар. Жыл сайын біз 10 мың мемлекеттік және жекеменшік балабақша орнын ашып отырсақ, 3 жылда балалар толығымен қамтылып, бұл проблема шешімін табады» деді қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.

Бүгінде Астана бойынша мектепке дейінгі 263 мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 96 мемлекеттік, 2 ведомстволық және 116 жеке, 49 шағын орталықтар бар. Қазір астаналық 46 062 балабақшаға барады. Олардың 27 193-і мемлекеттік, 14 854-і жекеменшік балабақшалардың тәрбиеленушілері. Шамамен 6 мың бүлдіршін шағын орталыққа және мектепке дейінгі мекемелерге барады. Кезекте тұрған 33 мыңнан астам бала бар. Күнделікті бақша кезегіне шамамен 90 бала тұрады.

Басқарма басшылығының айтуынша, былтыр жекеменшік сектормен бірлесе отырып, 4 мыңға жуық орынды қамтитын 44 балабақша ашылған. Биылғы ақпан айында ашық есік күнін өткізіп, оның нәтижесінде астаналық кәсіпкерлер тарапынан 5,5 мың орынды қамтитын мемлекеттік тапсырысқа сұраныс келген. Бүгінгі ашық есік күнінен кейін олардың да саны артады деп күтуде.

Гүлжан РАХМАН

Сонымен қатар

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ – АСТАНА

Кеше «Жастар» театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел тәуелсіздігі мен Астананың 20 жылдығына арналған «Рухани …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған