Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП КЕЛМЕСКЕ ҚАШАН КЕТЕСІҢ?

Газетімізде «Тарыдай болып кіре алмай…» мақаласы жариялана салысымен, мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселесі қызу талқыға түсті. Орын таппай баптана алмай жүрген астаналық оқушылардың жайы депутаттарды да ойландыра бастады. Үкіметтің де «үнін» естідік. Күні кеше Парламентте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен Мәжіліс депутаттары еліміздегі апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін талқылады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 188 мектеп үш ауысымға ауысуы мүмкін. Оқушыға орын тауып бере алмайтындай бұл не жағдай? Тиісті мекемелер бұл мәселенің алдын неге алмаған? Қателік қай жерден кетті?

Құрылыс сылбыр жүруде

Бүгінде Білім және ғылым министрлігінің уәжіне еш сенбейтін болдық. Осыдан үш жыл бұрын «Келер жылы елімізде үш ауысымды мектептер болмайды» деп хабарлады. Орындалған жоқ. Араға жыл салып «2017 жылы апатты мектептер мен үш ауысымды мектептер түбегейлі жойылады» деп тағы шықты. Ол жылымыз, міне, аяқталуға жақын. Министрліктер, мұндай мектептерді азайтуға тырысқан сайын, керісінше, көбейіп бара жатыр. Неге? Енді мұндай мектептердің саны 200-ге жуықтап қалды. Бұл енді осыған дейін жазғанымыздай демографиялық ахуал мен көші-қонның көбеюінен туындап отырған мәселе. Десек те, министрлік құр байбалам сала бермей осы жағдайды ескере отырып жұмыс жасауға міндетті болатын.
2015 жылы елімізде үш ауысымдағы 87 мектеп болса, оның саны дәл бүгін 188-ге жетіп жығылды. Екі жылда 100 мектепке көбейіп кеткен бұл мәселені Ұлттық қор аясындағы арнайы жоспар да, «Нұрлы жол» бағдарламасы да шеше алмай отыр. Осыған дейін Астанада да үш ауысымды мектеп 3-еу ғана болып келсе, оның саны осы оқу жылында 27-ге жетіп үлгерді.

«Ағалар тендер ойнап жүргенд ебалалар мектепсіз қалды»

Осының барлығы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мектеп салу ісінің сылбырлығының әсерінен болып отыр. Мұны сынға алған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметте өңір басшыларының жұмысын сынға алды. Құрылысы уақытында аяқталмаған білім ошақтары туралы айтқан Премьер-министр тендердің кешігуінен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражат игерілмей, кері қайтатынын да тілге тиек етті. Елімізде жыл соңына дейін 106 білім беру мекемесі салынуы керек. 52 мектеп қыркүйекте қолданысқа берілу керек болса, оның біреуі жаңа оқу жылына үлгермей қалған. Ал үш өңірде он мектепке бөлінген қаражат сол күйі игерілмей, Ұлттық қорға кері қайтатын болды. Тендер өткізу мәселесіне байланысты кешіккен. Нәтижесінде, игерілмеген 3 млрд теңге қорға қайтатын болып отыр. «Бұл мәселені ылғи талқылаймыз. Бірақ, өзгеріс жоқ. Ақша игерілмейді, тендерлерді кеш өткізеді. Үлкен ағатайларымыз тендер ойнап жүргенде, оның зардабын балалар шегеді. Осыны түбегейлі шешу керек. Балалар жаңа мектепке барғысы келеді. Оған қоса, Президенттің нақты тапсырмасы бар. Ұлттық қордан ақша бөлініп жатыр. Соның барлығы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аймақтарға таратылады. Біз болсақ, жаңа оқу жылы басталса да, тендер ойнап жүрміз», – деді Бақытжан Сағынтаев. Осы орайда Үкімет басшысы өз орынбасарларына қазіргі жүйені толығымен өзгертуді тапсырды.

Астанадағы ахуал қалай?

Астана қаласындағы мектептердің құрылысына жасалатын жобалық-сметалық құжатқа сәйкес олардың толықтай жабдықталуынан басталып, №8 мектептің жабылуы, оқушылардың өзге мектептерге орналасуы жайы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында да талқыланды. Білім басқармасының басшылығы мектеп жайын жан-жақты талқылаған отырысқа белсене қатыспады. Қалалық мәслихаттың хатшысы Жанат Нұрпейісов басқарманың міндетін атқарушы Әнуар Жанғозиннің бұл жерге келмегеніне «ескерту» жасады. Басқарманың атынан келген мамандар депутаттардың қойған сауалдарына мардымды жауап бере алмай дал болды. Осыған қарап-ақ білімдегі жұмыстың жүйе­лі, жүйе­сіздігін аңғаруға болатын шығар. Бұлай деуімізге салмақты себеп бар. Үш ауысымды мектептердің жайы, әсіресе, бас қалада ушығып тұр. Оқушылар сыймай жатыр. Жылдың соңына дейін шешіледі деген мектептердің өзі осы орын мәселесін шешуге толық мүмкіндік бермейді. Күні кеше орта білім беру саласында сыныптарға шамадан артық тығыздық мәселесін шешу үшін №31, 28, 51, 52, 68 мектептерге қосымша құрылыс салуды жалғастыру үшін және 12 мектепті жобалау үшін қосымша қаржы бөлінді. Алдағы уақытта осы жоспарды жүйелі түрде, жедел жүргізбесе, балалардың емін-еркін білім алу мәселесі қиындай түсетіні сөзсіз. Ілкіде білім ошағы болған, бүгінде жекеге өтіп кеткен көптеген мекемелерді кері қайтару арқылы да бұл мәселенің түйінін тарқатуға болар еді.

P.S: Осыған дейін жазғанымыздай Астана мектептеріне 145 мыңнан астам оқушы барады. Оның 23 мыңы – жаңадан келгендер. Жаңадан оқушы келгенмен, жаңа мектептер ашылған жоқ. Жаңа оқу жылы басталысымен қалалық Білім басқармасы да, Білім және ғылым министрлігі де әбден әбігерге түсіп, Үкіметтің арнайы отырысы өтті. «2017 жылы үш ауысымды мектептер болмайды» деген ақпаратты олар неге сүйеніп айтты? Енді келіп екі жүздей мектеп қайдан шықты? Балаға келгенде бұлай салғырттық танытуға бола ма? Тендердің де, қаржы бөлудің де жайын дұрыстап назарға алмасқа амал да қалмай тұр. Жауырды жаба тоқығанның салдары болашақта өзімізге таяқ боп тиіп жүрмесе болды.

Гүлжан  РАХМАН

Print Friendly, PDF & Email

ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*