«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үш арыс – үш бәйтерек

0 104

«Астана» концерт залында үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғандарына 125 жыл толуына арналған «Қазақтың ірілері» атты кеш өтті.

Қазақ әдебиеті негізі қалануына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қайраткерлік қырларымен де белгілі. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин қазақ өнерінің үлкен жанашыры болды. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметінде болғанында өнер зерттеуші, этнограф Александр Затаевичке «Қазақтың 1000 әні» жинағын шығару үшін 2480 рубль қаражат бөлгізді. Жарыссөзге шыққандардың: «Онсыз да жеткіліксіз республика бюджетін Орынбордағы шеберханаларды жаңғыртуға, қызыл әскерді қаржыландыруға бөлінсін» дегендеріне қарамады. Өзі де А.Затаевичке екі күй, төрт ән орындап беріп, жаздырады. Бұдан кейін Сәкеннің нұсқауымен өзге де өнерпаздар өнер зерттеу­шінің қоржынын толтырды.
Елорданың мемлекеттік академия­лық филармониясының қазақ оркестрі, халық әні бөлімі, «Шалқыма» халық би ансамблі Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің ұлтқа сіңірген еңбегін театрландырылған қойылым арқылы жан-жақты жарқырата көрсетті. Көрермендерді Сәкеннің әндері мен өлеңдерімен, Ілияс пен Бейімбеттің жырларымен сусындатты. Сондай-ақ үш арысқа арналған туындыларды орындады. Соның ішінде композитор Мұратхан Егінбаевтың ақын Кәкімбек Салықов­тың өлеңіне жазылған «Үш арыс» әні мен Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйі ерекше орын алады.
Дәл осындай кеш «Қазақстан» орталық концерт залында «Үш бәйтерек» атауымен ұйымдастырылды. Онда «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі тұлғалардың мерейто­йына концертін арнады. Концертке келгендер аталмыш ансамбль мен Асқар Мұқият, Аяулым Қамажан, ­Денисламбек Жайлаубай секілді дарынды әншілердің өнеріне қол соқты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды