«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұры-қарылар басына бере ме?

0 32

Астана қаласында жыл басынан бері 21397 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда
23 пайызға төмендеген көрінеді. Шаһардағы жалпы криминогендік ахуал бақылауда болғанымен, бөтеннің мүлкін қолды қылу азаймай тұр. Атап айтқанда, елордада жасалған барлық қылмыстың 58 пайызы пәтер тонау, қалтаға түсу, ұялы телефондарды жымқыру, автокөліктерді айдап кету сияқты ұрлық түрі екен.
Полицейлер мұның себебін елорда халқы санының артуымен, сырттан келетін еңбек мигранттары мен туристердің көбеюімен және астаналықтардың әл-ауқатының өсуімен байланыстырады.

Қаптаған қалтақағарлар

Бұларды көбіне «ұсақ ұрылар» дейді. Өйткені қылмыс­тың мұндай түрі жеңіл немесе орташа ауырлық санатына жатады. Тіпті суыққолды ұсталып қалғанның өзінде қолды қылған затын қайтарып беріп, тараптардың татуласуы бойынша айыппұлмен құтылып кетіп жатады.
Өткен он бір айда осындай 1288 қылмыс тіркеліп, «Артем» базарынан – 122, «MEGA Silk Way»-ден – 89, «Еуразиядан» – 68, «Хан Шатырдан» – 58, қоғамдық көліктерден 72 ұялы телефон ұрланған.
Сұғанақтардың көздері неге ұялы телефондарға көп түседі? Оның басты себебі жастардың салғырттығында, ұқыпсыздығында жатыр.
22 қазан күні «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық үйі­нен «М» есімді қыз баланың Apple iPhone Xs Max 512GB Gold маркалы бағасы 620 мың теңге тұратын ұялы телефоны қолды болады. Полиция ұрыларды ізін суытпай қолға түсіргенімен, осы екі аралықта қаншама адам дүрбелеңге түсіп, жүйкесін жұқартқаны белгілі. Егер ол мұндай қымбат телефонын қол сумкасының сыртқы қалтасына жеңіл-желпі сала салмағанда мұндай келеңсіздік болмас па еді?
Кейбір қыздарды аңғалдығы да опық жегізіп жатады. «Артем» базарының жанында «С» есімді Ақмола облысының тұрғыны қаладағы Экономикалық колледждің студентінің ұялы телефонының бағалы екенін байқап, қолына бес мың теңге ұстатқанда бір қоңырау соғуға өтініш жасаған. Сөйтіп, сөйлескен болып тұрғанда екінші біреу келіп қыздың назарын бір сәтке алаңдатқан да, алаяқ телефонмен бірге көзден ға­йып болған.
Айта берсе, мұндай қалта телефондарын көпе-көрінеу қолды қылатын фактілер қо­ғамдық көліктерде де жетіп артылады екен. Ал айналып келгенде, тек солардың алты-жеті пайызы ғана ашылатын көрінеді.

Пәтер тонаушылардың көбі сырттан келеді

Жыл басынан бері елордада 1771 пәтер ұрлығы тіркелген. Жатақхана, хостел, жалға берілетін баспаналарда көбіне бейнебақылау камералары бола бермейтінін білетін жымысқы қулар көздеген мақсаттарына емін-еркін жетіп отырған. Статистикаға жүгінсек, бас мегаполистегі 270 мыңнан аса пәтердің 4 мыңы ғана арнаулы дабыл құрылғыларымен қорғалған болып шықты.
Міне, осындай әлсіз тұс­ты анық байқайтын әккі баукеспелер жыл басынан бері 3122 ұрлыққа түсіп, 46 пәтерді түгел үптеп кеткен. Әрі олардың көбі басқа қаладан келетіндер болып отыр. Мәселен, осы жылдың мамыр айында Астанада 19 үйге ұрлыққа түскен А.Қалымбер­генов ұсталса, маусым айында 12 пәтер тонаған С.Аты­ғаев пен шілде айында 8 шаңы­рақты зар илеткен жам­былдық Е.Күзембаевтың қылмыс­тық тобына кісен салынды.
Бұлар – тек ұсталғандары ғана. Ал айласын асырып, құқық қорғау қызметкерлерінің құрығынан сытылып кетіп жатқандары қаншама?! Бұған да тұрғындардың өздері себепші екенін айтпасқа болмайды.
Мәселен, Жеңіс даңғылы бойындағы көп қабатты үйлердің біріне тапа-тал түсте ұры түскен. Отбасымен демалысқа кететінін жалпақ жұртқа жариялап үлгерген үй иесі есіктен аттасымен, оңай олжа іздегендер оның пәтеріне емін-еркін кіріп, ноутбук, теледидар мен қымбат шетелдік кілемдерді екінші қабаттан терезе арқылы тү­сіргенде, көршісі көріп тұрып, ләм демеген.
Із кесуші мамандардың айтуынша, елордада үйге терезеден түсу немесе сәйкес кілттерді тауып, есікті ашу әдісі жиі кездеседі екен. Бұған дейін олар нысанаға алған үйін кем дегенде екі-үш күн бақылап, зерттейтін көрінеді. Тіпті түрлі сылтау­мен пәтердің есігін қағып, барлау да жасауы мүмкін. Сондықтан үйге бөгде адам келіп қоңырау басса, бірден сақтық шараларын жасаған да артық болмайды. Үйдің есігіне дабылқаққыш пен бейнекамера орнатып қойсаңыз тіпті дұрыс болады.

Салғырттық сан соқтырды

Қаламызда халық саны өсіп, көлік құралдары да көбейе түсуде. Қазір бас шаһарда ресми тіркелген 348 мың автокөлік бар. Олардың 13 мыңы ғана (4 пайыз) паркинг, автотұрақпен қамтылған. Бұған қоса елордаға тәулігіне 65-70 мың машина сырт­тан кіреді. Міне, осыдан келіп көлік қоятын орынның тапшылығы кейінгі кезде күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналып отыр. Көптеген жүргізушілер амалсыз автомашиналарын аулаға, жарықсыз көше бойына қойып, ұрлыққа өздері де себепші болып жатады.
Жыл басынан бері қалада тіркелген 810 автокөлік ұрлығының көбі көлік иелерінің салғырттығы салдарынан болып жататыны анықталып отыр. Кейбір адамдар көліктеріне қымбат дабыл қондырғыларын орнатып, соған сенгендіктен, бағалы заттарын, ақшаларын, тіпті алтын бұйымдарын машинаның салонына тастап кететін жайлар кездеседі. Бұл өте қауіпті. Өйткені мұндай дүниелерді әккі ұрылардың алыстан сезетіні анық. Әрі бүгінгі технологияның жетілген заманында оларға авто­көліктердің қандай күрделі құлпын ашу да онша қиындық туғызбайды.
Осы жылдың қыркүйек айында Манас көшесі бо­йындағы үйлердің бірінің «Р» есімді тұрғыны үй сатып алу үшін банктен алған қомақты ақшасын машинасының ұсақ-түйек сақтайтын ұясында қалдырып кетіп, сол түні көлігіне түскен ұрылардан опық жеген.
Әрине, қала полицейлері ұрлыққа қарсы барлық шараларды қолданып жатыр. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлердің аулаларына 5 мыңнан аса бейнекамера орнатты. Алдағы уақытта барлық аулалар мен көше бойына 13 мың бейнебақылау қою жоспарланған.
Дегенмен осы жұмыстармен қатар тұрғындардың аса сақтығы, қырағылығы мен ұқыптылығы да қажет-ақ. Әйтпесе ұры-қарылар басына бермек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды