«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмайық

0 70

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ­Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, келелі әңгіме өрбітті. Бұл жиынға Ақпарат және коғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов және басқа да бірқатар министрліктің жауапты өкілдері қатысты. Басқосуда сөз тізгінін ұстаған Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының кеше ғана халқымызға арнаған Жолдауын саралап, елдің құты саналған зиялы қауыммен бірге қоғамдағы өзекті проблемаларды талқылады.

Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білейік

– Қазір алдымызда ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді, отбасылық тәрбиені қалай сақтап қаламыз деген үлкен мәселе тұр. Осылай кете беретін болса, болашағымыз қалай болады? Елбасы бір сөзінде «Тәуелсіздікті алу оңай емес, бірақ оны ұстап тұру одан да қиын» деп айтқан еді. Сондықтан тілімізді, дәстүрімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін халық болып, қоғам болып жұмылуымыз қажет. Әсіресе, бізді жастардың тәрбиесі алаңдатады. Атадан балаға дарыған ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмауымызды ойлауымыз керек. Жастарды еңбекке баулу, еңбекке үйретуді қолға алғанымыз жөн. Бәрімізді әке-шешеміз бала күнімізден еңбек етуге тәрбиеледі. Бізде қазір масылдық, жалқаулық психология бар секілді. Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білейік. Қазіргі өкіметтен беріліп жатқан көмекті нағыз мұқтаж жандар алса дейміз. Сол үшін бүгін сіздермен кездесіп, ойларыңызды, пікірлеріңізді тыңдайық деп келіп отырмыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Президенттің Жолдауда айтқан «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді» дегені зия­лы қауымның көкейінен шыққандығын айтты.
– Сонымен бірге келер жылы әл-Фараби бабамыз­дың 1150 жылдық, Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойлары аста-төк ысырапшылдық емес, қайта ғибратты ойға жетелейтін той ретінде өткізу дегенін қолдаймыз. Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өтуіміз де ұлағатты іс болады. Біз өзіміздің терең тарихымызды жұқартып жіберген кездеріміз болды. Енді бір мәселеге тоқталсам деймін. Еліміздегі «Мәдениет туралы» заңның ішінде әдебиет туралы бір ауыз сөз жоқ. Содан айтылған ұсыныстарымыз жерде қалып жатыр. Бізге әдебиет жа­йында жеке заң қажеті жоқ. «Мәдениет туралы» заңның ішінде бір бап болса жетеді. Сол кезде кітап шығару, оны тарату, қа­лам­ақы мәселелерін шешуді заңға сүйеніп істер едік. Осыны заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізетін кезде ескерсеңіздер екен, – деді Жазушылар одағының төрағасы.

Білімді жастар шетелге кетуді ойлайды

Қазіргі қазақ әдебиетінің аузы дуалы ақсақалы Әнес Сарай жазушылардың қаламақы мәселесін қозғады.
– Маған Мемлекет басшысының Жолдаудағы «Егер бейбіт шерулер заңдылықтарды және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, онда оның өткізілуіне кедергі жасамау керек» деп айтқаны ұнады. Менің ойымша, осы ең үлкен саяси шешім деп ойлаймын. Халық өз пікірін айтуы керек қой. Содан кейін жазушыларды үнемі оппозиционер деп ойламаңыздар. Қаламгер жаны күйгеннен кейін айтады. Бірақ ол – адамның жеке басы туралы емес, қоғамдағы кемшілікті сынағаны. Ал енді бәрі жақсы дей берсек не боламыз?!
Содан кейін қаламгерлердің қаламақы мәселесі әлі толық шешілген жоқ. 1992 жылдан бері жазушылардың біреуі қаламақы алған жоқ. Қазір алақандай анықтаманы адам тегін жазбайды. Ал том-том кітапты жазушы тегін жазады. Бүгінде жасы егде тартқан қаламгерлер қиындық көріп отыр. Мен азаттық алғаннан бері 10 том кітап жаздым. Қазір қалтамда артық ақшам жоқ. Енді осы мәселені шешу керек, – деді қабыр­ғалы қаламгер.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков қазіргі елдегі саяси жағдайға тоқтала келіп, ауыл жастарының мәселесін көтерді.
– Біздің елдің проблемасы бастан асып жатыр. Әсіресе, мені жастардың жағдайы ойландырады. «Дипломмен ауылға» дейміз. Диплом алған жас ауылға барып не істейді? Ол жерде бұрынғыдай совхоз жоқ. Қазір жастар арасында бір тенденция бар. Білімді жастардың көбі шетелге кетуді ойлайды. «Мұнда аз жалақыға қалай жұмыс істеп, идеяларымызды жүзеге асырамыз?» дейді. Осылай білімді, ақылды жастар кетіп қалса не болады? Ауылда жастарға жұмыс болмағандықтан бұзақылық көбейді. Бірде Елбасы өз сөзінде «орта жұмысшыларды көбейту» туралы айтып еді. Шындығында, ауылдық жерлерден слесарь, монтер дайындайтын шеберханаларды ашу қажет. Осыны қолға алмасақ, жастарымыздан айырылып қаламыз, – деді.

Тілді табиғи заңына емес, компьютерге бағындырды

Қарымды қаламгер Қойшығара Салғараұлы қазіргі қоғамда сөздің қасиеті кеміп бара жатқанын жаны ауырып жеткізді.
– Осы күнде кім билікке қарсы артық сөз айтса – сол батыр, ал халық пен биліктің арасын жақындатайын деген есті азамат сөйлесе – оны жағымпаздық санайды, – дей келіп, тарихи тамырымыздың тереңінен ой қозғады.
Ал жазушы Алдан Сма­йыл баспа ісі мен аударма саласындағы мәселелерді сөз етті.
– Біздің авторлық құқығымызды 70 жылға алып қойды. Енді мен қолжазба тапсырсам, оны мемлекет сатып алады. Сөйтіп менің авторлық құқымды балам емес, немерем көруі мүмкін. Ал берілген қаламақы жарытып жатқан жоқ. Оның есесіне авторлық құқықтан айырылып отырмыз. Көптеген авторлар осыған байланысты қолжазбасын баспаға бере алмай отыр. Менің ұсынысым, осы заңды шұғыл өзгерту керек. Кезінде Ғабиден Мұстафин: «Кәсіби аудармашыны да­йындамай, шетелге өзімізді таныта алмаймыз» деген. Шын мәнінде, аударманы ақын мен жазушы ғана жасай алады. Сондықтан жоғары оқу орындарынан жас ақын-жазушыларды аударма ісіне дайындайтын факультет ашу қажет, – деді.
Белгілі суреткер Бексұлтан Нұржекеұлы латын әліпбиіне көшуде ойланарлық дүние көптігін айтты:
– Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының емле ережесі мақұлданды. Бұл ережеде қазақ тілінің ең басты ерекшелігі айтылмайды. Үндестік заңы да ескерілмеген. Бәріміз латынға көшуді қолдадық. Біз латынға көшу арқылы кешегі отарлық жүйедегі орыс тілінің зорлап кіргізген ережесінен құтыламыз деп ойладық. Бірақ біз одан құтылғанымыз жоқ. 1929 жылы да латынға көшкенбіз. Он бір жыл бойы латынша оқып, кітап шығардық. Бірақ ғалымдар содан ешнәрсе алмаған. Олар тілді табиғи заңына емес, компьютерге бағындырып отыр. Компьютерге ыңғайлап француздар тілін өзгерткен жоқ. Ағылшындар да солай. Неге қазақ өзгерту керек? Сондықтан латын әліпбиінің емле ережесін Парламентте талқылап, қабылдау керек. Бұл – мемлекеттің ұлы заңы, – деді жазушы.
Сондай-ақ танымал сыншы Құлбек Ергөбек қазақтың игі жақсылары жатқан қасиетті Түркістанның тарихы мен бүгінгі өзгерісі жайында сөз сабақтаса, Мереке Құлкенов бұрын Жазушылар одағының қарамағында болған Әдебиетті насихаттау бюросын қайта ашып, халық пен қаламгерлердің жүздесуін жаңғырту керек деген ұсынысын жеткізді. Ақын Ақұштап Бақтыгереева отбасындағы тәрбие туралы айта келіп, театрларда халықты тәрбиелейтін классикалық дүниелер ғана қойылу керектігіне тоқталды. Қазақстанның Еңбек Ері, аса көрнекті ақын Олжас Сүлейменов зиялы қауыммен басқосудағы еркін пікір алмасу халық пен мемлекет арасындағы тұ­тастықты сақтауда маңызы зор екендігін айтты.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныстар осында отырған Үкімет мүшелерімен бірге талқыланатынын жеткізді.
– Қазақ үлкені мен зия­лысын сыйлаған. Сіздердің дуалы ауыздарыңыздан шыққан әрбір сөздің мағынасы бар. Халықпен кездес­кенде де өздеріңіздің ойларыңызды, пікірлеріңізді айтыңыздар. Біз оны ұйым­дастыруды тікелей министрлік пен әкімдерге тапсырамыз. Биліктің айт­қаны бір бөлек те, зия­лы азаматтың айтқаны бір бөлек. Билік пен қоғам бірігіп жұмыс істейтін болса, нәтижесі болады, – деді вице-премьер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды