«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұн экспортына қауіп бар ма?

0 63

Қазақстан ұн экспорттаудан ТМД-­да 1­-орынды иеленеді деп кеудемізді соғып жүруші едік. Енді, міне, көрші елдер бізге демпинг (сыртқы нарықты өзіне қарату) соғысын жариялап отыр. Бұл түйткілді мәселенің мәнісі биылғы көктемде ашық айтылды. «Биыл Қазақстан ұн экспортын 300­-500 мың тоннаға дейін қысқартады. Соның нәтижесінде экономикаға 9 млрд теңге шығын келеді. 30­-ға жуық ұн тартатын диірмендер жабылып, 1 мыңнан аса адам жұмыссыз қалуы мүмкін» деген ақпаратты Қазақстан астық өндірушілер одағының төрағасы Евгений Ган жария етті. Оның айтуынша, отандық ұн тартушыларға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан бөлек Ауғанстан сияқты дәстүрлі нарықтардан айрылып қалудың қаупі туып отыр.

«Мутлу» ұн тарту комбинатының бас директоры Досмұқасан Тәукебаевтың пікірінше, мәселенің бұлай ушығуына Өзбекстан Үкіметінің бизнес жүргізудегі саясатын өзгертуі себеп болуда. «Біздің ұнымызды негізінен Өзбекстан сатып алатын еді. Енді өзбек ағайындар көптеп ұн тартатын диірмендер орнатып, бізден тек астық сатып алуда. Одан тартылған ұнды өздеріне сатады. Мұндай тәсілге тәжіктер де тез көшті» деп түсіндірді ол. Д.Тәукебаев өзбектердің ауған нарығын бірден өзіне қаратып жатқанына нақты мысал келтірді. «Біздің комбинаттарымыз ауған нарығынан да айрылып қалуы мүмкін. Мысалы, өзбек темір жолы ұнның бір тоннасын тасымалдағаны үшін бізден 65 доллар алады, ал өздерінің ұн тартушыларынан 43 доллар алады. 22 долларлық айырмашылық үлкен рөл ойнайды» дейді «Мутлу» комбинатының басшысы.

Бұл пікірді «Солтүстік-Есіл-астық» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова да растайды. «Өзбектермен бәсекелесуге мүмкіндігіміз жоқ. Оларға ұқсап ауған нарығына ұнның келісін 170 доллардан сатуымыз үшін, бидайды 32 мың теңгемен өндіруіміз керек. Алайда, арзан бидай сатып ала алмаймыз. Өйткені трейдерлер астықты қымбат бағамен сатып алып, Өзбекстанға жөнелтеді» дейді Т.Колегова. Айта кетерлік жайт, соңғы 6 жылдың ішінде Орталық Азия елдері ұн импорттауды барынша қысқартып, оның орнына астық сатып алып, өздері өндіруді қолай көруде. Мысалы, Өзбекстан 2012 жылы Қазақстаннан 1,2 млн тонна ұн, одан екі есе төмен астық сатып алған. Ал 2017 жылы небәрі 627 тонна ұн, 1,6 млн тонна астық сатып алған. Тәжікстан мен Қырғызстан да солай. Демек, бұл нарықта айтарлықтай мол табыстарға кенеле алмайтынымыз айдан анық. Сонда не істеу керек?

Сарапшы-мамандар тығырықтан шығатын екі түрлі жолдың барын болжауда. Бірінші жол – экспорттық саясатымызды шикізатты емес, дайын өнімді алатындай етіп өзгерту. Бұл жерде ескеретін Қытайдың тәжірибесі бар. Оларда қосымша құн салығы 13-17%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығын экспортқа шығарған жағдайда қосымша құн салығы салынбайды, ал басқа бір елден дайын өнім әкелгенде 100% cалынады. Мұндайда дайын өнімді ешкім әкелмейтіні белгілі. Бұл мәселенің шешіміне қатысты Евгений Ган мынадай түсіндірме келтірді: «Біріншіден, сауда нарықтарындағы ахуалды толық зерттейтін мүмкіндік болуы керек. Қытайлар 5-6 жылдан кейін қандай тамақты көбірек тұтынады? Оны қай елдерден тасиды? Орталық Азия елдерінде халықтың саны өсуіне қарай қандай азық-түлік түрлеріне сұраныс артады? Міне, осындай сауалдарға жауап тауып беретін сараптамалық-талдау орталығы құрылуы қажет. Сол кезде біз нарықтағы сұранысқа қарай әрекет етеміз».

САРАПШЫ ПІКІРІ:

Арман ЕВНИЕВ, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 12,5%-ға артты. Соның ішінде қайта өңделген өнімдер 10,7%-ға өсті. Бұған Қытай, Таяу Шығыс және Еуропа елдерімен ветеринарлық және фитосанитарлық келісімдер бойынша жүргізген жұмыстарымыз септігін тигізді. Ауыл шаруашылығы өнімдер экспортының географиясы кеңейіп келеді. Қазір қытай нарығына астық, соя бұршағы, бидай ұнының кебегімен қатар балық, қой, ара, жылқы шаруашылығы өнімдерін де шығаратын болдық.

Еліміздегі ұн және астық сату көлемінің өткен жылы төмендегенін Ауыл шаруашылығы минстрлігі де ресми мәлімдеді. Халыққа есеп беруі кезінде ведомство басшысы Өмірзақ Шүкеев экспорттық нарықтар үшін күресудің қиын екенін мойындады. Өйткен себебі, қазақстандық бидай сатып алушы елдер өзінің ішкі нарығын күшейтуге күш салуда. «Мысалға, Ресейде мемлекеттік қолдаудың деңгейі ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімінің 20%-ын құрайды. Өзбекстан да диқандарға жәрдемақша берудің көптеген жеңілдіктері қарастырылған» деді Өмірзақ Естайұлы. Құзырлы министрлік ең алдымен жоғары экспорттық әлеуеті бар тауарлар өндірісін ынталандыруды көздеп отыр. Астықтан бөлек, бұл тізімге қой және сиыр еті, тірі мал, сүт, жеміс-жидектер, қант кіреді.

Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев: «2017 жылдың қорытындылары бойынша, Өзбекстан мен Орталық Азияға экспортталатын ұнның көлемі 164 мың тоннаға азайды. Ресей мен Иранға экспортталатын астықтың көлемі 540 мың тоннаға кеміді. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін сақтау және алдағы уақытта оны арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселесін қайта қараймыз. Бұл жерде ішкі нарықты қорғауға екпін түсіреміз. Сыртқы нарықты қорғауға келгенде логистикалық инфрақұрылымды дамытуға күш-жігерімізді жұмсаймыз. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қолжетімділік деңгейін арттыру мәселесін де басты назарда ұстаймыз» деп мәлімдеді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды