«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұмытуға болмайды

0 122

Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабайдың «Ұмытуға болмайды» атты көрмесі ашылды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ретінде ұйым­дастырылған көрме бір айға созылады.

Автордың туындыларында әдебиет пен тарихтың ұштасатынын байқаймыз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын картиналарына көп арқау қылатын суретші-кескіндемеші «Райымбек! Райымбек» поэмасының иллюстрациясын жасады. Әсіресе, «Алаш» партиясы, Алашорда қайраткерлері оның шығармашылығында ерекше орын алады. Атап айтқанда, осыған дейін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, т.б. жазықсыз жапа шеккен ұлт тұлғаларының бейнесін кескіндеді. Бұл жолғы жеке көрмесінің тақырыбы да өнерде ұстанған бағытынан алшақтаған жоқ.
Кешегі саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қасіретті сурет тілімен сөйлеткен автор «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бері қарай қазақ басына түскен нәубетті көз алдымызға келтірді.


Көрмеге барлығы 20 картина қойылды. Оны тамашалап жүргенімізде арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлының «Жиыр­масыншы ғасырдың жиырма сәті» атты поэма-панорамасы арасында сабақтастықты аңғардық. «Өткенді еске алу – болашақты болжау. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – қазақ тарихын еске алу, Алашты ардақтау деп бағалағанымыз абзал. 20 картина 20-ғасыр­дағы
20 сәттің ішқұсасы болған шер­ді тарқатады, ойландырады, сананы жаңартады, жас­тарға бағыт-бағдар береді» деген Нұр-Сұлтан қаласы Сурет­шілер одағының төрағасы Жанұзақ Мүсәпірдің сөзі де бұл ойымызды бекіте түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды