«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде аяқталады

0 16

Кеше елордада Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтті. Құзырлы мекеме кезектен тыс президент сайлауына дайындық бойынша іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын жариялады. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров үміткерлерді ұсыну 10 сәуірде басталып, 28 сәуір күні сағат 18.00-ге дейін жалғасатынын хабарлады.


Орталық сайлау комиссия­сы үміткерлердің Конституция және «Сайлау туралы» конституциялық заңда қо­йылған талаптарға сәйкестігін үміткерді ұсыну туралы жоғарғы орган – республикалық қоғамдық бірлестіктің отырысынан жіберілген хаттаманың үзіндісі ұсынылған күннен 5 күн ішінде анықтайды. ҚР Конституция және «Сайлау туралы» конституциялық заң бойынша қойылатын талаптар мынадай:
– Қазақстанда туған, азаматтығының болуы;
– соңғы 15 жылда Қазақ­стан Республикасының аумағында тұруы;
– жоғары білімі;
– 40 жасқа толған болуы;
– белсенді сайлау құқығының болуы;
– мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
– мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Үміткерлерді қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталуы тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бо­йынша Орталық сайлау комиссиясы 11.814.019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Қазақстан Республикасының сайлаушылар тізіміне енгізген. Қол қою парақтарын беру үміткердің Конституция мен конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күн ішінде жүзеге асырылады. Қол жинауды президенттікке үміткердің сенім білдірген адамдары ұйымдастырады.
Үміткер ретінде тіркелу үшін ұсынылған азаматтар сол айдың бірінші күніндегі, яғни 2019 жылдың 1 сәуіріндегі ахуал бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсыр­ғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет. Үміткерлерді тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады.
Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00.00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру 9 маусым күні жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін созылады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК екі күн мерзім ішінде (11 маусымнан кешіктірмей) жеткізіледі. Орталық сайлау комиссиясының сайлау нәтижелерін белгілеуіне және жариялауына, сайланған президентті тіркеуіне 7 күн көзделген.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды