«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы мемлекеттің жұрнағымыз

0 28
Өмірбек БАЙГЕЛДІ, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Ескі жыл бітіп, жаңа жыл келгенге ел қуанады. Жаңа жылдан жұрт жақсылық күтеді. Халқымызда сондай кемел қасиет бар. Өткен жылға бәріміз де ризамыз, ит жылы елімізге жайлы болды. Дүние­де бақыттың екі қанаты бар: біріншісі – бейбіт өмір, екіншісі – халқымыздың азаттығы. Осы екі қанат аман болса бақыт құсы алысқа ұшып, биіктейді. Бұрын қа­рия­лар «Иә, айналайын, Жа­рат­қан, халқымызға бейбіт өмір бере гөр!» деп тілеуші еді. Мен де осы тілекті жұртыма тілеймін. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Осы екі тілек орындалса ел де, жұрт та аман болады, береке де, байлық та, жақсы өмір де басымызға келеді.
Біздің халқымыздың ілгеріден келе жатқан ғажайып тарихы, керемет қасиеті бар. Басқаларда кездеспейтін мол қасиет бізге біткен. Содан ажырамайық. Осы асыл қа­сие­тімізді одан әрі дамытып, берік сақтап, ұрпаққа жеткізейік. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген болмысымыз балаларымызға дарып, сол жолмен жүрейік! Әр халыққа бөлек тіл, бөлек тағдыр берген. Біздің тағдырымыз да ерекше. Біреуден үйренген іс жақсы болмайды.
Әр жұрт өз жолымен жү­реді. Бабаларымыздан қалған әдемі әдет-ғұрып, тәр­тіп, ізеттілік, бай өнеріміз бар. Сол салт-дәстүріміз бен өнерімізді жарқыратып көрсете білейік. Мен біраз жерді аралаған адаммын. Сонда өзге елдің аузы дуалы тұлғаларының «Сіздер жұмақ жер­де өмір сүріп жатырсыз­дар. Осындай жерді қалдыр­ған бабаларыңыз кемеңгер, ақылды, батыр болған екен» деген парасатты сөздерін көп естідім. Олар оны шынайы пейілдерімен айтты.
Біз жай халық емеспіз. Ұлы халықтың ұрпағымыз. Бұ­рын болған ұлы мемлекет­тер­дің жұрнағымыз. Тақыр жер­ден басымызды көтерген жоқпыз. Біз ұлы тарихымыз­ды алға жалғап келе жатқан жұртпыз! Сондықтан болаша­ғымыз­дың зор екенін ұрпақ тү­сінуі, сезінуі керек. Сонда біздің ісіміз алға қарай басады. Халқымыз осы жолмен жүрсін деп тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды