«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы көштің ұйытқысы

0 147

Ел тірлігі, көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жырақтағы жұртың туған жерге жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!

Н. Ә. НАЗАРБАЕВ,
«Ұлы дала ұлағаттары» ой-толғауынанӨткен ғасыр қарға тамырлы қазақ үшін мың қайғының жарасын бір қуанышы жазған ерекше ғасыр болды. Алдымен қолдан жасалған ашаршылық қарапайым халықтың алқымынан алса, соңынан қызылдардың қанды қылышы «Абылайдың аңсағанын, Кенесарының көксегенін» жүзеге асыруға талпынған Алаш арыс­тары мен ұлтымыздың сорпа бетіне шығар кіл жақсыларын қырқып түсті. Кісі қойдай қырылған Екінші дүниежүзілік соғыс та қазақтың басына қасіреттің қара бұлтын үйірді. Қазақстан мен Кеңес Одағына тәуелді басқа да рес­публикадағы қазақтар Ұлы Отан соғысының қан майданында толарсақтан қан кешсе, шекараның арғы жағындағы Қытай қазақтары азаттықты аңсап, Алтайдан Анадолыға дейін жосыды. Осылайша «біреуінің басына темір ноқта, екіншісінің басына қа­йыс ноқта түскен» (аға сұлтан Құнанбайдың Өр Алтайға барғанда айтқан сөзі) қазақтың мұңлы тарихы ғасыр парағына қаламмен емес, қанмен жазылды. Ол аз болғандай, қасіреті қалың қазақтың жүрегін желтоқсанның ызғары тағы қарыды. Әділдік үшін алаңға шыққан қазақ жастары қыршынынан қиылды. Бірақ ол қазақтың асқақ рухының, жаншылмас жігерінің айғағына айналып, «Алатау құласа құлайтын шығар, Кеңес Одағы құламайды» деп сипатталған «Мәңгілік империяның» шаңырағын шайқалтты. Содан көп ұзамай күллі қазақ аңсаған арманға қолымыз жетіп, Қазақстан тәуелсіздік алды. «Қазақ мемлекеті құрылды» деп бір-бірінен сүйінші сұраған қазақтың «өлгені тірілді, өшкені қайта жанды». Қазақтың мың қайғысын бір қуаныш серпілтті…

Көк байрақ желбіреді

Қазақстан тәуелсіздік алғанда мен бастауыш мектепте оқып жүрген ойын баласы едім, сосын да шығар, дәл сол сәттің куәсі болып, Қытайдағы қазақтар арасында «Қазақ мемлекеті құрылыпты, қазақтың өз патшасы болыпты» деген жалғыз сөйлем жадымда қалыпты. Тау қойнауында жатып жалғыз радиоға құлағын төсеген малшылар да ол кезде ­Президент, Мемлекет басшысы деген атауды білмей ме, жоқ әлде қазақта патшадан үлкен лауазым жоқ болған соң ба, әйтеуір көпке дейін «қазақтың өз патшасы болыпты, ол қазақтарды өзінің қол астына шақырып жатыр екен» деген сөз ел ішінде гуілдеп жүрді. Мүмкін, мен ол кезде қазақтың патшасын қисса-дастандардағы билеушілермен іштей салыстырсам салыс­тырған шығармын, бірақ сол мемлекетке кейін барамын, Қазақстан азаматтығын аламын, сол басшы туралы мақала жазамын деп мүлде ойлаған жоқпын…
«Елге ел қосылса – құт» деп білген халқымыздың қасиетті қағидасын ұстанған Н.Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихындағы тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлауда Президент болып сайланғаннан кейін араға бір ай салып, яғни 1991 жылдың 31 желтоқсаны күні қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, алыстағы ағайындарды атажұртына шақырды. «Қазақ қайда жүрсе де бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті қазақ жері» деп үнемі айтатын Елбасы «алыстағы ағайынға ақ тілек» ретінде «сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік. Ежелгі атамекеннен жырақта қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шет елдерден ауылдық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттар туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келем деу­шілерге жол ашық» деп сәлем жолдады. Шетелдегі күллі қазақтың көзіне жас алдырып, «А, Құдай ақсарбасын» айтқызған осы ақжарма тілек шекараның ар жағындағы қандастарға Қазақ радиосы арқылы жетті. Алыстағы ағайындардың «Қазақстан қазақтарды өзінің қол астына шақырып жатыр екен» деп жүргені осы еді. Әрине, сол кезде билік тізгінін басқа басшы ұстаса да, шетелдегі қандастарды шақыру Қазақстанның ішкі саясатының күн тәртібінен қалмайтын да шығар, алайда Назарбаев сияқты батыл әрі сондай қысқа мерзім ішінде дүниедегі қазақтың басын бір жерге қосып, ұлт тағдырына саятын келелі кеңес өткізу екінің бірінің қолынан келуі екіталай еді. Сондықтан да шетелдегі қазақтар болсын, әлде атажұртқа ірге көмген қандастар болсын – бәрі ­Назарбаевты Ұлы көштің ұйтқысы ретінде бағалайды.

Көшке серпін берген келелі кеңес

1992 жылдың қыркүйегінде Алматыда Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтіп, оған әлемнің 33 мемлекетінен 800-ден астам өкіл қатысты. Бұл да «Қазақ мемлекеті болды» деп бөркін аспанға атқан қазақтың тарихындағы тағы бір елеулі оқиға болды. Себебі жаңадан тәуелсіздік алып, Қазақстан ауыр қиыншылық қыспағында тұрса да, алыстағы ағайынның елге оралуын кешіктіруге болмайтынын дөп басып түсінген Елбасы әлемнің әр еліндегі қандастарын шақырып, «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның төрағалығына Н.Назарбаев сайланды. «Ол кезде Қазақстанның жағдайы мүшкіл еді, келген қонақтардың көбі Алматыдағы қазақтардың, таныс-білістерінің үйіне қонды. Бірақ қиыншылыққа қысылып жүрген қазақ жоқ, бәрі тәуелсіздік сынды тәтті сыйдың қуанышына шаттанды. Бәрінің жүзінен осы құрылтайды өткізген Назарбаевқа деген ризашылық айқын аңғарылып тұрды» деп еске алады сол құрылтайға қатысқан өкілдер. Осы тұрғыдан алғанда, егемендігін енді алған бір жас мемлекеттің қиыншылықты қайыра тұрып, әлемдегі қазақтардың басын қосып, алқалы жиын өткізіп, ұлттың тағдырына саятын маңызды мәселені талқылауының өзін әз Тәукенің кезіндегі «Күлтөбенің басында күнде кеңес­тен» кейінгі келелі кеңес деп атасақ та артық болмайтын секілді. Себебі осы құрылтайдан кейін шетелдегі қазақтың құйысқаны көтерілді, «Қазақ ел бола ма?» деген күдік пен күмәннің арасында тұрған ел ­Назарбаевтың сол құрылтайдағы «Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден гөрі қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламыз­да да шадыман тұрмыс, шат тірлік орнар. Бұйыртса, бүгінгі құрылтайға қатысқан қонақтарымыздың өзі Қазақстанымыздың өсіп-өркендегеніне таяу жылдарда куә болады» деген сөзіне имандай сенді. Елбасына деген сол сенім мен егемен ел болуға деген пәк ниет күллі қазақты мұратына жеткізді. Төрт құбыласы теңелді, шекарасы шегенделді.
Елбасы төрағалық еткен қауымдас­тықтың ұйымдастыруымен одан кейін де Дүние жүзі қазақтарының 4 кезек құрылтайы өткізіліп, әлемдегі қазақтардың тағдырына саятын мәселелер де үзбей талқыланып отырды. Шетелдегі және Қазақстанға көшіп келген ағайындарды қолдау үшін әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын жасау, Отандастар қорын құру, шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу сияқты мәселелерді де әлемдік құрылтайдың мінберінде Елбасының өзі ортаға салған болатын.

Кедергісіз болған жоқ

Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Қазақстан еңсесі биік, іргесі берік елге айналды. Шетелдің 40-қа жуық елінен бір миллионға жуық қандасымыз атажұртқа оралды. Елбасының Жарлығы мен Қазақстанның сындарлы саясатының, қандастарға деген қамқорлығының арқасында 30 жылдың алдында қозғалған сол көштің соңы күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Әлі келіп жатыр. Көші-қон туралы арнаулы заң қабылданып, шетелден атажұртқа қоныс аударған қандастарымызға көптеген тиімділік жасалды. Арнаулы квота бөлінді. Жастарын оқуға шақырып, тегін оқуға мүмкіндік жасады. Нәтижесінде жыл сайын 40-50 мыңға жуық қандасымыз көшіп келіп, тәуелсіздік жариялаған кездегі қазақтың үлесі 40 пайыздан асар-аспас болса, қазір бұл көрсеткіш көш пен ішкі демографиялық өсудің нәтижесінде 70 пайыздан асты. Әрине, бұл арада біз «Көші-қон заңы керемет болды, көшіп келген қандастардың алдында ешқандай кедергі болған жоқ, қиналмай Қазақстан азаматтығын алып, екі езуінен май ағып отыр» деп мұзға жазып, күнге кептіргендей өтірік мақтаудан аулақпыз. Көші-қон заңының да өзіндік олқылықтары болды, алыстан елім деп емешегі үзіліп жеткен қаны да, жаны да бір ағайындарымыздың өзектен тебілгендей тентіреген кездері де бар. «Білмейтін жердің ойлы-шұңқыры көп» дегендей, қандастардың қиналған шақтары да болды. Алайда көштің де жүре түзелетіні сияқты, бәрі рет-ретімен оңалып келеді. Көш жолына кедергі болған кейбір мәселелер Елбасының тікелей араласуымен шешіліп жатыр. Мәселен, ҚР заңына сәйкес, өзге мемлекеттерден елге оралған қазақтарға оралман мәртебесі беріледі. Бұл куәлік бір жылға рәсімделетін. Алайда белгіленген мерзім ішінде құжат жинап үлгермей, оралман куәліктерінің уақытын өткізіп алып, азаматтық ала алмай қиналған қандастарымыз да аз емес еді. Осы мәселеге байланысты Елбасы жыл басында мерзімі өтіп кеткен оралман куәліктерінің мерзімін биылғы жылдың соңына дейін ұзартуға тапсырма берді. Осы кеңшіліктің арқасында көптеген қандасымыз Қазақстан азаматы атанды.

Шекараны шегендеп берді

Қазақстан Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей сынды 5 мемлекетпен шекараласады. Қазақстанның баянды болашағы осы елдермен болған шекараны заңды түрде шегендеуде екенін жете түсінген Елбасы ең алдымен көршілес мемлекеттермен шекаралық мәселелерді шешуге кірісті. Оның ішіндегі ең күрделісі Қытай Халық Республикасымен жасалған келіссөз болыпты. Әрине, бір миллиардтан астам халқы бар Қытай мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. «Мен өгіз терісі талыспын, сен бұзау терісі шөнжіксің» дейтіндей, бес мыңжылдық тарихымыз бар дейтін Қытай елі жаңадан шаңырақ көтерген Қазақстанды басында бойына тоғытқан жоқ. Міне, осындай кезеңде Елбасымыздың асқан көрегендік танытып, Қытаймен шекараны айқындап алуы бүгінгі күн үшін де, Қазақ елінің болашағы үшін де аса жоғары бағаланатын ерен еңбек болды. Егер Қытаймен болған шекара мәселесі күні бүгінге дейін шешілмегенде жағдай тұрақты болмас еді, Қазақстан дипломатиялық тұрғыда Қытаймен тең дәрежеде сөйлесе алмас еді.
Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанда екі ел шекара мәселесі жөнінде келісімге келуі мүмкін емес деген пікірлер де айтылыпты. Алайда, 2002 жылы 10 мамырда Бейжің қаласында Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы хаттамаға қол қойғаны әлем елдерін қайран қалдырды. Цзян Цзэминьнің «Шекара мәселесін мен билік басында тұрғанда шешіп алмай кейінге қалдырсаң, онда бұл мәселені мәңгі шеше алмайсың» деген бір ауыз сөзін ұтымды пайдаланған Елбасы онымен келісе отырып, екі ел арасындағы дау­лы аумақтың 47 пайызын Қытайға беріп, 53 пайызын Қазақстанда қалдырумен бұл мәселеге нүкте қойды.
Шынын айту керек, кейбір қытай ұлтшылдары аталған келісімге күні бүгінге дейін разы емес. Халқы миллиардтан асатын, әскери күші де бізден қуатты, атом қаруы бар Үндістанмен жерге таласқан қуатты Қытай ешкімнен айылын жимайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Қытаймен келісімге келіп, шекараны шегендеп алуы – үлкен жеңіс. Ал ол жеңістің артында Елбасының еңбегі тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды