«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлы дала құндылықтары

0 33

Бүгінгі жас ұрпаққа белгілі болғандай, ежелден Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған қазақ халқының адамзат тарихында зор мәде­ни жетістіктерге жет­кені және ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің алдыңғы һәм соңғы ұрпағы екендігі әлем­дік ғылымда дәлелденді. Қазақ халқы өзінің мәдени-рухани шежіреге толы сан ғасырлық ұзына тарихында, ат тұяғы то­зып, құс қанаты талатын осынау ұлы даламызды, сұрапыл жауынгерлік қа­сие­тімен қолға келтірумен қа­тар күллі адамзат баласына қажетті дала өркениетін қа­лыптастырды.

Еліміз егемендік алып етек-жеңін жиған соң, ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға қатысты аса ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Атап айтсақ: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі 100 томдығы», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» атты бағдарламалар ұлттық тарихымызды ғылыми зерделеу мақсатында жүргізілді. Осының жалғасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұлттың рухани қайта түлеуінің маңызы жөніндегі терең концептуалды идеясы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалғасын тапты. Осы арқылы өткенімізді ұлықтап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Оның айғағы, күні кеше ғана алты алашқа сауын айтқан, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Бұл тарихи бастама, келешек ұрпақтың тарихымыз бен мәдениетімізді жаңа қырынан танып, тәуелсіз елдің еңсесін одан әрі берік тіктеуіне мол тағылым болары сөзсіз. Аталған мақалада ұлы құндылықтарды сақтаудың негізінде ұлт болып қалыптасуымызбен бірге қасиетті қазақ жерінің күллі түркі әлемінің алтын бесігі, ескі жұрты екендігі айтылған.
Тарихи сананы жаңғыртуға байланыс­ты келелі ой, келешегі кемел бастамалар ортаға салынды. Мақалада көрсетілген «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты ірі жобалардың қай-қайсысы да, ұлт тарихы мен мәдениетінің ақтаңдақ беттерінен сыр шертетін қара шаңырақ Ұлттық музейдің алдына қойған негізгі мақсатын және бір анықтап бергендей. Бүгінгі таңда Ұлттық музейдің қорын еліміздің тарихымен мәдениетінің жарқын айғағы болатын баға жетпес құнды дүниелер құрайды. Осы орайда Елбасының бұл мақаласында нақты айтылған бағдарламаларды зерделей отырып, алдағы уақытта Ұлттық музей тарапынан бірнеше бағытта ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізілуі тиіс деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, ұлттың бет-бейнесі оның мәдениеті, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасатында көрініс табатынын, озық ұлттың ең басты қасиеті, өзінің тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, адамзат мәдениетінің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен өлшенетінін тағы бір мәрте айқындап берді десек артық емес. Сондықтан осы ұлы бастаманы қазақстандық әрбір азамат ұрандай ұстанып, қастерлеуі тиіс деп білеміз.

Леонид КОЧЕТОВ,
ҚР Ұлттық музей директорының
міндетін атқарушы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды