«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҰЛЫ ДАЛА ӨТКЕНІН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

0 38

Жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала, Мемлекет басшысының бұған дейін ел құптаған: «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған парасатты дүниесімен үндескен, қай қазақтың болса да құлағына салып, жүрегіне жеткізсем деген үлкен еңбегінің қорытындысы сияқты.

Қуанышбай ОРМАНОВ, зерттеуші-журналист

Елбасы мақалада күннің шығыстан шығып, батысқа қарай тарайтыны сияқты өркениет­­­тің ­де шығыстан туындап, ­­ «…содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Терістікке таралады… протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстанның аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенгезінің негізгі элементтерін құрап отыр» дейді. Білген адамға ол шынымен де солай. Біле-білсек, біздің ең үлкен мақтанышымыз да сол. Әлемдік өркениеттің дамуына ең көп үлес қосқандар да – біздің бабаларымыз. 18-19-ғасырларда өмір сүрген дүниеге танымал ғалымдар өркениеттің басы – Ұлы далада жатқанын айтып, жазып кеткен болатын. Тек біз соны елге жеткізе алмай, бабаларымыздың қол жеткен табыстарымен мақтанып, әлемге жар сала алмай отырмыз. Оның толып жатқан себептері бар. Біріншісі, оны біздің өзіміз де толық білмейміз. Бабаларымыздың өркениетке қосқан үлестерін мадақтауды бүгінге дейін үкімет те, ғалымдарымыз да өздеріне нақты міндет етіп қоймады. Мысалы, бір ғана Қойшығара Салғараның, әсіресе, соңғы жылдары жазған еңбектерін орысшаға, басқа да тілдерге аударып, олардың қолдарына жеткізгенде, талай ел қазақтың кім екенін, оның тарихы мен ерліктерін, өркениетке, ғылымға, мәдениетке қосқан қыруар үлестерін біліп, біздің елге деген көзқарастарын әлдеқашан өзгерткен болар еді. Астанада Аманкелді Нарымбаева деген қарындасымыз бар, арийлерден бастап, ежелгі түріктер мәдениеті жайлы орыс тілінде керемет еңбектер жазған. Бірақ, оған кім жүйелі түрде баға беріп жатыр? Әсіресе, орыс тілді баспасөз қазақ ғалымдарының не жазып жатқанын насихаттамақ түгіл, ол ғалымдардың аттарын да, еңбектерін де атамайды. Неге сол еңбектерді ағылшын, басқа да тілдерге аудармасқа? Дүние жүзіне қазақты, оның бабаларын таныту, мойындату үшін оларға қазақ жайлы сол өздерінің тілінде еңбектер беру керек. Ол үшін арнайы орталық ашып, оның ғалымдарының алдарына нақты міндеттер қою керек болар.
Ел тарихы – болашақ ұрпаққа мақтаныш бола алатын тұлғалар, олардың әлем өркениетіне қосқан үлестері жайлы мен де екі-үш кітап жаздым. Бірақ, оларды саралап, ғылыми түрде баға бере алатын бір орталық болмағаннан кейін, ол кітаптар елге тарамай, қолымызда қалып қойды. Біздің ғалымдарымыз ежелгі түріктердің табыстары жайлы талай еңбек жазып, әрі қарай бара алмай-ақ қойды. Себебі олар қазақ тілінен басқа тіл білмейді. Болмаса, біздің бабаларымыздың тындырған істері шынымен де мақтанарлық, мақтау­ға тұрарлық. Шамам келгенше мен осы ойды дәлелдеп көрейін. Бұл ойларды мен өзімнің «Тұран өркениетінің ізімен» және «Ат жалындағы өркениет» деген еңбектерімде кеңейтіп жазған болатынмын. Сонымен:
Біз Азия құрлығын мекен етеміз. Осы құрлықтың аты біздің бабаларымыздың істеріне тікелей байланысты. Қазақтың ұлы тарихшыларының бірі Әлкей Марғұлан өзінің 1998 жылы жарық көрген шығармалар жинағында: «…Яксарт өзеніне қарай ағатын өзендердің бастауында жатқан Қазақ қыраттары антикалық жазушыларға «Аспазия», немесе «Скиф» таулары деген атпен белгілі еді» деп жазады. Сайып келгенде, біздің өлкемізді «жылқышылар елі» деп атап отырған біз емес, «Иллиаданың» авторы – Гомер. Ол дегеніңіз біздің жыл санауымыздан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ғұлама ғой. Ал ол ғұламаның заманында біздің өлкемізде өмір сүрген индо-арий, индо – иран халықтарының тілінде жылқыны «ащва», «ас» деген екен. Сол «ас»-тан барып, біздің бабаларымыз мекен еткен құрлық «Ас» – «Аспазия» – «Асия» – «Азия» деп атап кеткен дейді біраз зерттеу­шілер. Яғни, біз қазір Азия құрлығында – жылқышылар елінде, жылқышылардың жерінде өмір сүріп жатырмыз. Алматы, Жамбыл облыстарында «Асы» деген жайлаулар бар. Бұл да сол жылқышылардан қалған атаулар. Мерке жақта «Аспара» деген өзен де бар. Ескі иран тілінен аударғанда бұл сөз – атқа қонған жер деп аударылады екен. Бұл тағы бір рет біздің бірінші болып атқа қонғанымызды көрсетсе керек.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы жылқыны жай ғана өсірген жоқ, оның сүтін – сусын, етін тамақ етті. Біртіндеп жылқыны көлік ретінде, мініске пайдаланды. Бара-бара жылқыға ауыздық пен ер ойлап тауып, әскери атқа айналдырды. Озық ой деген осы емес пе? Атқа отыру үшін бұтқа шалбар ойлап тапқан да – біздің бабаларымыз. Жылқының негізінде құралған әскердің арқасында біздің бабаларымыз Ұлы даланы толығымен өздерінің қол астына қаратты. Ұлы дала ғана емес-ау, сол атты әскердің арқасында түріктер Еуразия құрлығының жартысынан көбін ат тұяғының астында қалдырды. Ол жайында еуропаның атақты философы Карл Ясперс: «Орталық Азиядан шығып, Үндістан және Еуропаның елдеріне басып кірген көшпенділер (ұлы мәдениет иелері жылқы малын пайдалануды солардан үйренген еді) дамудың үш саласынан табысқа жетті. Көшпелі халықтар ат жалын тартып мініп, дүниенің кеңістігін игерді. Олар ежелгі Ұлы мәдениет иелерінің елдерін жаулап алды. Олар үстем нәсіл өкілдері ретінде дүниеге ерлік пен қасірет ұғымын бірге алып келген болатын…» деп жазды. (К.Ясперс. Смысл и назначение жизни М. «Политическая литература». 1993.). Жоғарыда атап өткендей, біздің бабаларымыз атқа өздері ғана мініп, атты әскерді өздері ғана пайдаланған жоқ. Олар басқаларды да атқа мінуге, атты әскер құруға үйретті. Еуропаның көптеген елдері, төрт дүниені қолына қаратқан атақты Александр Македонскийден бастап, талайы далалықтардан жылқы ғана сатып алған жоқ, олар біздің бабаларымыздан толығымен атты әскер де сатып алып жүрді (В.Б.Ковалевская. Конь и всадник (пути и судьбы) М. Наука. 1977). Мына қасымыз­да жатқан Қытай да атқа мінуді біздің бабаларымыздан үйренді. Қытайдағы қазақ тарихшысы Зейнолла Сәнік: «Жібек жолының ең алғашқы сілемі Чаң Ән (бүгінгі Чи Ән) мен Дун Хуаң арасында, яғни Хан елі мен Сақ, үйсін елінің аралығына түседі. Жібек саудасы да ең әуелі осы екі ел арасында үйсін елінің тұлпарларын Хан елінің жібек бұйымдарына ауыстырудан басталды. Ол кезде «Тәңір тұлпар» атанған үйсін елінің жылқылары Хан елін қатты қайран қалдырған. Сондықтан патша Хан Удидің өзі бас болып оны жырға қосқан. Хан дәуіріндегі «Ханнама» музыка дерегінде айтылған жырлардан тартып, Таң дәуірінің әйгілі ақындары Ли Бай, Ду Фуларға дейін жылқы туралы айтылған жырлардың сабақтастығы үзілмеген.

Біздің бабаларымыздың атты әскерінің күші мен ерлігі жайлы Вавилон тарихын терең зерттеген поляк жазушысы Зенон Косидовский кезінде былай деп жазған болатын: «Қап тауының арғы жағынан жабайы скиф тайпаларының алапат тас­қыны басталып, көп ұзамай олардың соғыс жалыны Мидия мен Ассирияны шарпыды. Олар Иерусалимнен өтіп, Ніл өзенінің жағасына жеткенде бір-ақ тоқтады. Ассирия патшасы Ниневия қамалына тығылып, жан сақтады. Біраз жылдардан кейін скифтер өздерінің тауларына қайта оралғандарына қарамай, таланған ел көпке дейін ес жия алмады (З.Косидовский. Библийские сказания. М. «Политическая литература). Бабаларымыздың ерліктері жайында мұндай дәлелдер жетіп жатыр. Бірақ біздердің мектеп оқулықтарында біздің бабаларымыз емес, олардың аттарының тұяғының астында қалған ассириялықтар мен мидиялықтарды оқытып келеміз. Ежелгі түріктерді мадақтау міндетті түрде ең алдымен мектеп оқулығынан басталуы керек емес пе?!
Скифтердің ерліктері жайындағы жазулар тіпті Христиан дінінің бас кітабы «Библияда» (Інжілде) да жеткілікті. Ол жайында жылқы тарихын терең зерттеген В.Б.Ковалевская «Інжілден» алдым деп, былайша жазады: «Біз үшін бұл тайпалар Еуразия жазығында кеңінен белгілі болған ең бірінші атты әскер жасақтаған, содан барып Алдыңғы Азия ғана емес, бүкіл оңтүстіктегі елдерде ерекше із қалдырған. Ол туралы «Інжілдің» өзінде «Орныңнан тайсаң болды, солтүстік жақтан алапат көп атты әскер келеді. Аттары құстай ұшқыр, қос аяқты арбалары құйын туғызып, өздері бұлтша қаптап келеді. Енді біз талан-таражға түсеміз.
Вавилондықтар, біліп қойың­дар, олардың қорамсақтары кімді болса да бірден жұтып қоюға әзір тұрған табыттай, ат үстіндегі алапаттардың қолдарында садақ пен найза, өздерінің түстері суық та рақымсыз, қатқыл шыққан дауыстары теңіз үніндей тербеліп, олар сендермен соғысуға келеді (Конь и всадник (пути и судьбы) М. «Наука» 1977.).
«Библия» (Інжіл) демекші, Ұлы дала төсі алғашқы діндердің де отаны. Шығыста қалыптасып, Ұлы далаға жайылған «Тәңіршілдік» дінін дүние жүзіндегі алғашқы діндердің бірі деп түсінсек, одан кейін бой көтерген дін – «Күнге табынушылар» (Зороастризм) діні деп түсіну керек болар. Күнге табынушылардың пайғамбары – Зәрдөш пайғамбар. Сол «Күнге табынушылар» дінінің пайда болып, өріс алған жері – Ұлы дала төсі. Ол жайында ағылшынның иранист ғалымы Мэри Бойс «Зороастрийцы: верования и обычаи» деген еңбегінде: «Зәрдөш пайғамбардың өмір сүрген уақыты ерте заман болғаны соншалықты, оны тіпті ізбасарларының өздері жете білмейді. Содан барып ғасырлар бойы иранның көптеген өлкелері Зәрдөш пайғамбардың қасиетті Отаны атануға таласты. Біразға дейін Иранның солтүстік батысында жатқан Әзірбайжан Пайғамбардың туып-өскен жері деп есептеліп келді. Ал пайғамбардың жазып қалдырған гимндерінің (ұрандарының) мазмұндарына қарағанда, оның Отаны Еділ өзенінің шығысында жатқан Азия даласы сияқты». Еділ өзенінің шығыс жағындағы Азия даласы дегенің – біздің еліміз, біздің жеріміз емес пе?! Сонда Зороастр (Зәрдөш) пайғамбардың өмір сүрген жері, Ахура мазда дінінің пайда болып, ел арасына кең қанат жайып, оған бас иушілерді жақсы ойға, жақсы сөзге, жақсы іске бастаған жер Ұлы дала төсі болып шықпай ма?! Осы дін ғой, бір жерде Тұран төсінде отырған бір халықты бірін – тұрандықтар, екіншісін арийлер деп екіге бөліп жүрген. Олардың бірі – (тұрандықтар) малшылар да, екіншісі – егін салатын (отырықшылылар) арийлер болатын. Олар да, тек дінге сенімі болмаса, біздің елдің тумалары. Олар өздерінің тұрған, өмір сүрген өлкесін «Арьянам вайчах» – «Арийлердің өлкесі», «Арийлердің жері» десе, мал бағып, көшіп жүретін халық өз мекендерін «Тұран» «Тұрлардың өлкесі» деген. Иран атауының түбінде осы «арий» сөзі жатыр. «Арий» – Арья» – «Иран» болып келеді. Олай болса, бүгінгі Иран жұртының шыққан жері де Ұлы дала екенін еске салғанымыз артық болмас.
Ирандықтар ғана емес, біздің даладан талай халық көшіп кетті. Біздің дәуірдің бесінші ғасырының орта шенінде, атақты Еділ ханның қалың қолмен Еуропаға қуып барып жүргені осы біздің елден кеткен халықтар болатын. Еділдің мақсаты – сол далалықтарды Рим империясының қыспағынан босатып, әрқайсысының өз алдына ел болып, кеуделерін көтеруге көмектесу еді. Ондағы ойы – Ұлы дала ұрпақтары ешкімнен езгі, қорлық көрмей, ел қатарлы өмір сүрсін деген болатын. (Тап осы ойды Бату арқылы Шыңғыс хан да жүзеге асырғаны белгілі). Өзінің өліп кеткені болмаса, Еділ хан айтқанына жетті. Ұлы патша Рим империясын күйреткеннен кейін Ұлы даладан шыққан талай халық қазір өз алдына ел болып отыр.
Еуропаның атақты тарихшысы Эдуард Гибон өзінің «Закат и падение Римской Империи» деген еңбегінде нақ өлер күнінде Еділ ханның Рим папасы Лев біріншімен үлкен бір келісімшарт жасасқаны туралы жазады. Тіпті, кейбіреулер екі ұлы адам бір ел болуды жоспарлаған еді деген де ой айтылады. Бірақ ол келісімшарттың нақты мазмұны әлі күнге дейін бізге белгісіз. Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласының көмегімен Ватиканнан Еділ хан мен Ватикан папасы Лев біріншінің сол келісімшартын тапса ғой, Ұлы патша Еділ хан туралы талай тарих беттері ашылар еді, біздің бабамыздың еуропалықтар үшін дүние жүзі үшін кім екені айқындала түсер еді.
Еділ хан бастаған ғұндардың сол табыстары жөніндегі қысқаша деректерді 1972 жылы жарық көрген «Небелунгтар жайлы жыр» (Песнь о Нибелунгах) деген еңбекте (редакциясына жетекшілік еткен орыс академигі В.М.Жирмунский) былай келтіріледі:
Австрия – Еділ ханға (еуропалықтар оны Этцель дейді) бағынышты бір ел:
Венгрия – Этцелге бағынышты ел;
Гректер – Этцелге бағынышты халықтардың бірі;
Киев жері – Этцелге бағынышты елдердің бірі;
Немістер – Этцелге бағынышты герман халқы;
Поляктар – Этцелге бағынышты славян халқы;
Рустар – Этцелге бағынышты
славян халқы.
Осылай кете береді. Міне, мұның барлығы Еуропаның көптеген халықтарының ата-тегі біздің Ұлы даладан шыққанын көрсетсе керек. Олар бұл жерге өздері ғана келген жоқ, Ұлы даладан алған жетістіктерін, оның мәдениетін де ала келгені белгілі.
Президент мақаласында «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқан емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұ­йымдар кезінде бідің өлкемізде ойлап табылған» деп жазады. Солардың бірі – мыс өндіру. Ол жөнінде осыдан оншақты жыл бұрын орыс ғалымы Е.Черных Мәскеуден шығатын «Знание – сила» деген журналында «Эпоха бронзы начинается в Каргалах» деген мақаласында жазған болатын. Онда автор былайша жазады: «Бұл жерде адамдар осыдан 3400-3700 жыл бұрын өмір сүріп, мыс өндірген. Қарғалының кені өте бай және оның мысы қатты, балқуы өте қиын болып келеді…». Әрі қарай ғалым сол маңда қазба жұмыстарын жүргізгенде, сол заманда кен қазған шахта опырылып, оның астында қалған адам туралы жаза келіп, мыс қойнауына енген адамды басып қалған қайың бөрененің радиоуглеродтық анализі ол адамның бұдан 4900-4600 жыл бұрын жер астында қалғанын көрсеткен». Е.Черных бұл материалда қола дәуірі емес-ау, берірекке 16-18 ғасырларға Ресей өзіне қажетті мысты негізінен осы Қарғалыдан өндіргенін және де осы мысты қорытатын зауыт иесінің Дмитрий Дашков мырза болғанын жазады («Знание – сила» Москва. 2007. №8.). Қарғалы тауының жартысы Ақтөбе, жартысы Орынбор облыстарында жатыр. Бұл да дүние жүзіндегі алғашқы мыстың Ұлы далада өндірілгенін көрсетсе керек. Мыс өндіру басталған жерден Қола дәуірінің басталатыны айтпаса да түсінікті. Сол қоладан біздің бабаларымыз жылқыға ауыздық жасады, сол қоладан үзеңгі жасалды. Ежелгі ғұн-түріктер сол қоладан садақтың ұшын жасады. Бұл түріктер қару-жарағының ең күштісі болатын. Ол жайында президентіміз: «Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды» деп баяндайды. Алғашқы мыс қорытындысынан басталған металл өңдеу әдістері (технологиясы), біртіндеп күрделеніп, біздің бабаларымыз одан кейін қола, сосын темір, ең соңында алтын өңдеуді үйренді. Бұл қазірдің өзінде көптеген елдердің қолы жетпей отырған ең озық технология, ғылыми жетістік болатын. Ол кезде қазіргі мақтанып жүрген Еуропаның көптеген халықтары не ел болып, не мемлекет болып жетілмеген еді. Ол заманда еуропаның көптеген халықтары өздерінің жер кепештерінен шығып та үлгермеген болатын. Бұл технологияны біздің Ұлы дала ұлдары бастап, басқалар солардан үйренді деп толығымен айта аламыз. «Дүние – кезек» дегеніміз осы. Егер Президентіміздің беріп отырған тапсырмаларын орындап, жаңаша білімді, еңбекті ұйымдастырудың жаңа жолдарын, жаңаша озық технологияларды игеретін болсақ, біз бүгінгі қазақтың қайтадан алға шығатынына, қайтадан биіктен көрінетініне көзіміз әбден жетеді. Сол үшін алға жылжуымыз керек -ақ.
Айта берсек, бабаларымыздың мақтанарлық істері толып жатыр. Олардың барлығын бір шағын материалға сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, мына жайды айтпай кетуге болмайды. Дүние жүзінде біздің жеріміз – Ұлы дала төсі Құдайдың шынымен де көзі түскен жері. Жерасты байлықтары артылып жығылады. Қазақша айтқанда, біздің жеріміздің асты – кеніш те, үсті – пейіш. Осы жерде әлемдегі ең алғаш жабайы бидай мен арпа өскені белгілі. Бұл жайында орыстың атақты тарихшысы Н.М.Карамзин кезінде былай жазған болатын:
«Нұх пайғамбар ұрпақтары бұл жерлерді ең бір ыңғайлы, әрі қауіпсіз деп есептеп, осы жерге қоныстанып, қанат жайды. Нұх пайғамбар балаларына қорек ретінде бұл жерлерге Құдай жабайы бидай мен арпа өсірді. Еуропаны ұлы ботанигі Генцельман Башқұрт даласынан (Карамзиннің Башқұрт даласы деп отырғаны – біздің жер. Себебі Генцельман олардың мекен еткен жерлерін біздің Тобыл, Әйет, Тоғызақ өзендері маңынан көрсетеді) жабайы өскен бидай мен арпаны тапты. Ресейдің тек шығыс жағанда ғана өсетін жабайы бидай мен арпадан Сібір халықтары бүгінге дейін нан пісіруде…(Н.М.Карамзин. История Государства Российского.Т.).
Алғашқы болып ат мінген, атты әскер ұйымдастырған, металл балқыту технологияларын игерген ғұн-түріктер, оқ дәрі, түрлі мылтықтар мен зеңбіректер пайда болғанша қай жағынан да дүние жүзінің алдында болды. Жаппай қырып-жоятын қарулар пайда болғаннан кейін ғой біздің бабаларымыздың қайнаған өмірдің шетіне шығып қалғаны. Бірақ олар жоғалып кеткен жоқ. Келер ұрпақ бабаларының шынайы ізбасарлары болатынына сенім мол. Өйткені Президентіміздің мына мақаласы жас ұрпақ, сені соған шақырады. Тек соғыста ғана емес, шынайы ерлікке бейбіт өмірде де орын табылады. Талай адам еңбек етіп те ер болып, ел алдына шығып жатыр.
Біз бүгін кешегі өткен бабаларымыздың істерімен мақтанып жатсақ, ертең сенің жеткен жетістіктеріңді ел мақтан ететін болсын! Мақсат – Ұлы дала ұлдарының есімдерін ұлықтау. Келер ұрпақты солардай етіп тәрбие­леу. Оларды ұлылар шыққан биікке көтеру, биіктен көру. Лайым, солай болсын!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды